marapat

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда ел бірлігі және тұрақтылығы, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет деген болатын.

Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деп атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Адал азаматқа тән қасиет әрбір жастың бойынан табылу керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» деген еді.

Расында, Қазақстанның өркениетті мемлекеттер көшіне ілесіп, елімізде әділетті қоғам орнағанын қаласақ, адал азаматқа тән асыл қасиеттерді өз бойымызға, қала берді ұрпағымыздың бойына сіңіруге талпынуымыз керек. Тұлғалық тұрғыдан өсу, жұмысты адал атқарып, өзі ісіміздің, өз кәсібіміздің хас шеберіне айналуға ұмтылу, кез келген жетістікке, игілікке тек тура, адал, заңды жолмен жетуге талпыну – өмірлік қағидамызға айналуы тиіс. Міне, осындай қасиеттерді бойына жинап, елге, қоғамға шын мәнінде пайдалы бола білген азаматтарды қалай марапаттасақ та жарасады.

Адамның еңбегін елеп, лайықты азаматтардың мәртебесін биіктетіп, оларды қоғамға өнеге ретінде ұсыну – мемлекеттің ішкі саясатының маңызды бағыты деп байлам жасауға болады. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл іске ерекше назар аударып келеді. Ел Президенті әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа Абай Құнанбайұлының атын берді. Ал, әскерилер мен құқық қорғау саласының қызметкерлеріне берілетін «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелері Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рақымжан Қошқарбаевтың аттарымен аталатын болды. Бұның бәрі аталған наградалардың дәрежесін өсіріп, қадірін арттыра түскені анық. Президент осылай мемлекеттік наградалар мен марапаттардың дәрежесін өсіріп жатқан кезде қайдан шыққаны белгісіз қаптаған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жұртқа көк тиындық құны жоқ медалдар, төсбелгілер, атақ-дәрежелерді үлестіріп жатқаны өкінішті.

Иә, бүгінде елімізде «атақ-даңқ» пен марапат саудасының дәурені жүріп тұр. Әрине, орнымен берілген атақ та, сыйлық та, басқасы да адамның мерейін өсірері ақиқат. Алайда, дүниеге деген ынтызарлық пен мансапқұмарлықтың жетегіне ергендердің ерсі әрекеттеріне қарап тұрып, қарның ашады. Мансапқұмарлықтың шыңына шығу үшін бүкіл өмірін соған арнайтындарды да көзіміз көрді. Қазіргі заманда өзін өзі дамыту жолына, білім алуына емес, тек мансапқа, атаққа қол жеткізу үшін қолындағы барын шашуға дайын адамдар да бар. Осындайда Абайдың:

“Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?” дегенін күрсіне еске аласың.

Иә. Мойындау керек, өз саласында, өз еңбек жолында әділ мойындалған, еңбегі еленген лайықты азаматтар жоқ емес, жетерлік. Оның өзінде де тым әсірелеп, мақтауын асыру - даңғойлық. Кез келген дүниенің шекарасы бар, орны бар. Соңғы уақытта түрлі сала мамандары арасында жөн-жосықсыз медальдар үлестіру, қисынсыз марапаттар мен лайықсыз атақ беру белең алуда. Одан бөлек, сыйлық, атақ, марапат алу үшін жанкештілікпен араға кісі салып, тамыр-таныс, «көке-жәкесін» пайдалану үрдісі шаш етектен. Адамның дәрежесін еткен еңбегіне, төккен теріне, жасаған жұмысына қарай бағалау керек емес пе? Өкінішке орай, қазір оның қадірін қашырған заман.

Атақ алушы үміткердің еңбектері, қоғамға мен мемлекетке тигізген пайдасы жан-жақты зерттеліп, атақ пен дәреженің иесі болуға расымен лайық па, жоқ па деген тұрғыда таразылануы тиіс. Қазір кеудесіне жез-темірден «әшекей» тағынған адамнан көз сүрінеді. Лайықтысы да, лайықсызы да, қатысы бары да, қатысы жоғы да жанталасып ілініп жатыр... Салтанатты жиындар мен мерекелік іс-шараларға барсаң, үздіксіз мақтау-мадақтауларды шапалақпен қолпаштаудан шаршайсың. «Пәлен өңірдің құрметті азаматы», «түген мекеменің пәлен жылдығының мерейтойлық төсбелгісі», «пәлен саланың лидері»... Айта берсең, шегі жоқ. «Еңбегім сіңді ме, жоқ па, лайықпын ба, лайық емеспін бе?» деп саралап жатқан ешкім жоқ. Жарқ-жұрқ етіп суретке түсіп, оны мақтанышпен елге жариялап, әлеуметтік желіні "жарып" жатады.. Мемлекеттік награда немесе сыйлық болса, бір сәрі. Қаптаған түрлі қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің арзанқол мадақ-марапаттары.. Ең қызығы, мұндай «марапаттар» ақылы. Ақыға алынған атақ! Ақыға сатылған марапат!

Әйтеуір, жапа-тармағай жалған атаққа ұмтылып жатырмыз. Бұған шектеу жоқ па? Бұл "даңғазалықтан" шығудың шешімі бар ма? Бар. Жалғыз жолы – адал еңбекті әділ бағалау ғана.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай елде арзан атаққа алданғандар мен жеңіл жолмен жетістікке жеткіштер, атақ сатқыштар көбейіп жатқанын тілге тиек етіп, Үкіметке сауал жолдаған болатын.

«Сіз 50 мың теңгеге сондай бір ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне, 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына ие бола аласыз. Ал, сан ғасырдан бері «Ұлт ұстазы» деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданушы едік. Қазір ше? Қазір «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз», - деп ашынып сөйлегені бар Мәжіліс отырысында. Сөз соңында Мемлекеттік рәміздерді ретсіз қолданып, жалған атақ сатып, пайда іздегендердің әрекетіне құқықтық негізде тыйым салу керектігін жіті бақылауға алу керектігін айтып өткен еді.

Атақ-даңқ, шен-шекпен, орден-медаль сияқты сый-сияпатқа құмарлық, сыбайлас жемқорлыққа деген құштарлық қай халықта болсын бар нәрсе. Ал, қазақтар арасында ондай жағымсыз жағдайлар неге орын алады деп ойлайсыз? Мұндай даңғойлық, дарақылық бізге қайдан келген?

Сұрақ көп, жауап жоқ. Арсыздық, атаққұмарлық – қызғанышты, күншілдікті күшейтетін, ашкөздік пен бақталастыққа бастайтын қауіпті дерт. Ол ұлт ұстанымын, сана-сезімін дамытуды тежеп, қоғамның құлдырауына жол ашатын жөнсіз әрекет. Бұл жағдай қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселеге айналды. Оның шешімін табу үшін қоғам ең алдымен ақыл мен парасат, тәртіп пен қағидат күшін біріктіруі қажет-ақ.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, тағы бір қынжылтатын мәселе, соңғы жылдардағы мұғалімдерге беріліп жүрген қиюы бар да, қисыны жоқ ретсіз марапаттар. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де, айтылып жатқан құнсыз медальдарды ұстаздар қауымының ойланбастан сатып алып, алшаң басып жүргендері көңіл көншітерлік жағдай емес. Осы мәселе бас көтергелі көптеген әлеуметтік парақшалар мен мәдени сайттарда біраз пікірталастар туындаған-ды.

«Қазір өкінішке орай, нарық заманы деп ар, ұят, намыстан гөрі материалдық құндылықтардың бәсі артып тұр ғой. Бүгінде, тіпті, кейбір қоғамдық ұйымдар тарапынан атақ, марапаттардың да ақшаға сатылатындығы туралы естіп жүрміз. Өте ұят! Бұған тоқтам болу керек.

Игілігі болып кейде өңгенің,

Сатылады жерің, суың,

көлдерің,

Оңашада жатыр дейсің

кім көріп,

Біреулердің не алып,

не бергенін?

Нарық заңы. Нені шешпес ақшалар?

Сатылады үй-жай, мүлік, басқалар.

Тек сатылмас мына Жарық дүние,

Сатып алар еді байлар, патшалар» - , деп белгілі қаламгер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бекшүкір Қаршалов өз пікірін өлең жолдарымен жеткізген.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Сатып алған марапат – марапат емес. Біз әрине, түсінеміз. Кей уақыттарда қоғамдық түрлі марапаттар болады. Бірақ, олар ақылы болмауы керек. Қоғамдық марапат ақылы болатын болса, оның еш қасиеті де, құны да жоқ. Біз бұндай мәселенің дұрыс еместігін түсіндіруіміз керек. Кейбір әріптестеріміз соны түсінбей, осындай жөнсіз әрекетке барып жатыр»,- деп үн қосқан болатын.

«Ұстаз» деген ұлағатты есімнің ұсақталып кеткені соншалық, тіпті, ақшаға сатып алған атақ-дәрежелерін кейбір мұғалімдер өздерінің түйіндемелеріне тіркеп, қандай "ұстаз" екендерін дәріптеп жүр. Осындай атақ-дәрежені құнсыз саудаға салып, табыс көздеріне айналдырып жүргендерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр.

«Ұстаз атақ қуса, ұстаз жалғандыққа барса, ұстаздан ұят кетсе, ұлттың ертеңі не болмақ?» деп ашынады елге белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы. Расымен де, болып жатқан жағдаяттарға қарап, «Атың шықпаса, жер өртенің» кебін кигендердің заманы дерсіз. Жиған тәжірибесі мен еңбек жолы толысып үлгермеген, білім ұясынан шәкірт ұшырып көрмеген оқытушы «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш Ұстазы», «Ұлағатты ұстаз» деген таудай атақты тер төгіп, қиналмай-ақ сатып алып жатса, жеткен жеріміз де осы шығар...

Мұндай көк тиындық құны жоқ атақ-дәрежелер мен медальдар тек білім саласы ғана емес, ғылымда, медицинада, әдебиетте, өнерде, журналистикада, тіпті, саясат пен қоғамдық қызметте және басқа салаларда да жетіп жатыр. Ең өкініштісі, осындай атаққа құмар адамдар, сол төсбелгіні кеудесіне тағып алып, соған кәдімгідей малданып жүретіндер арамызда күн өткен сайын көбейіп келе ме деген қаупіміз де жоқ емес. Өйткені, осындай жалған атаққа құмарлық деген ауруы аға буыннан бүгінгі жастарға да жұғып бара жатқандай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мемлекет басшысы айтқан адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтініміз, жаңа қоғамдық құндылықтардың үстемдік еткенін қалайтынымыз, адал еңбекті бағалайтынымыз рас болса, кім көрінгеннің мән-мағынасыз, көк тиындық құны жоқ марапаттар таратып, шынайы, салмақты наградалардың, оны адал еңбегімен алған тұлғалардың қадірін қашыратындардың әрекетіне заңмен тыйым салған жөн болмақ. Өйткені, ақын Мұхтар Шахановтың «Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келеді ортаға» дегеніндей, мәнсіз, мазмұнсыз, арам жолмен сатып алынған марапаттар адал еңбектің бағасын төмендетіп, адал азаматтардың тасада қалуына себеп болып келеді.  

 

Эльмира  СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

WhatsApp Image 2024-09-24 at 18.31.07

Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман инспекциялық сапарлар барысында Шымкент қаласында 2024 жылғы 6 қазанға белгіленген республикалық референдумға дайындық мәселелері бойынша жиын өткізді.

Аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте өңірде азаматтардың тізімін нақтылау, референдумды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сайлау кезеңінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды, алдағы науқанның негізгі ерекшеліктері талқыланды.

Республикалық референдум өткізуге Шымкент қаласы бойынша 350 референдум комиссиясы қатысатын болады:

6 аумақтық (1 қалалық, 5 аудандық) және 344 учаскелік референдум комиссиялары, оның ішінде – 23 жабық референдум учаскелері (емханалар, тергеу изоляторлары, қарттар үйлері және әскери бөлімдер). 2024 жылдың 1 шілдесіне Шымкент қаласы бойынша сайлаушылар саны 660 563 адамды құрайды. 344 сайлау учаскесі толық материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. (дауыс беруге арналған жәшіктер, дауыс беруге арналған кабиналар, ақпараттық стендтер, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар, жолақтар т.б.).

Қалада 40 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар. Олар үшін дауыс беруге барлық жағдайлар жасалады, тұрғындарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттандыру ұйымдастырылады, арнайы онлайн-сервистер іске қосылады. Аудандарда call-орталық ашылады, 109 қызметі де болады.

Кездесу барысында Мұхтар Ерман республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңалықтарды және осы науқанның ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ аумақтық, учаскелік комиссиялар мен тиісті құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар тарапынан дауыс берушілерге таңдау жасауға толық жағдай жасалып, референдумды өз деңгейінде өткізу қажеттілігіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, референдумды өткізу барысында барлық мемлекеттік органдар тарапынан заңнаманың қатаң сақталуын, жасырын дауыс беру, референдум процесінің барлық кезеңдерінің жариялылығы мен ашықтықтығын қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

WhatsApp Image 2024-09-23 at 15.32.31

ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ұжымымен кездесіп, АЭС салу мәселесін талқыға салды. Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова және Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов елімізде АЭС салудың маңызы, қажеттілігі жөнінде кеңірек әңгімелеп берді.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп АЭС салуды халыққа түсіндірудің маңызына тоқталып, елімізде бұл салада мамандар даярланып жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда Парламент депутаттары өңірлерге шығып, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Әлемнің көптеген елдерінде атом реакторлары жұмыс істеп тұр. Жалпы болашақта энергетикалық тәуелділіктен арылу үшін біздің елімізге де АЭС қажет. Бүгінде атом энергетикасы саласында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 1800-ге жуық азамат осы салада білім алуда. Мамандар даярлау қолға алынған. Сол себептен біз де көштен қалмауымыз керек. Барша ел азаматтарын жалпыұлттық референдумге белсенді қатысуға шақырамын, – деді Н.Жүсіп.

Ел экономикасын әртараптандарыу үшін, энергетикаға тәуелділікті жою үшін жаңа бастамалар қажет-ақ. Соңғы жылдары энергия тапшылығы сезіліп жатыр. Жылу энергия орталықтарының тозу көрсеткіші артып келеді. Сенат депутаттары Н.Бекназаров, А.Қапбарова, Мәжіліс депутаты Д.Исабеков, қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов АЭС салу қажеттіліктен туындаған бастама екенін жан-жақты түсіндіріп берді.

Еліміз энергетика саласының маңызды кезеңінде тұр. Парламент депутаттары ендігі кезекте азаматтарды белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ, депутаттар жиын соңында жастардың АЭС мәселесіне қатысты көкейдегі сауалдарына жауап берді.

«Шымкент келбеті»

WhatsApp Image 2024-09-23 at 14.14.31

Шымкент қаласының Чернобыль ардагерлері де АЭС салуды қолдайды. Одақтың жергілікті филиалында ардагерлер, белсенділер «АЭС -дамыған елдермен тең дәрежеде!» тақырыбында кездесу өткізіп, көпшілікті жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Чернобыль ардагерлері Одағының жергілікті филиалының төрағасы Сайфулин Нахбаев АЭС салудың маңызын, жалпы энергетика саласында жаңа өндірістер қажет екенін атап өтті.

-Чернобыль ардагерлер одағы және "Семей-сынақ" қоғамдық бірлестігінің өкілдері келешек ұрпақ үшін біз АЭС салуды қолдаймыз. Қазіргі таңда энергия тапшылығы сезілуде. АЭС - өзінің құнын ақтайтын жоба. Бүгінде жастарға жұмыс керек. Атом электр станциясы салынса көптеген жұмыс орындары пайда болады. Жалпы атом энергетикасын еліміздің болашағы үшін қажеттіліктердің бірі деп санаймыз, - дейді С.Нахбаев.

Ардагерлер болашағын бейбітшілікпен байланыстырған мемлекетіміз өз жерінде салынатын жобаның қауіпсіздігіне баса назар аударса деген уәждерін айтты.

«Шымкент келбеті»

IMG 4886

Шымкент қаласындағы А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штабтың мүшелері ардагер ұстаздармен және студенттермен кездесті. Кездесу барысында АЭС жобасының маңыздылығы түсіндіріліп, 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данабек Исабеков пен Олжас Құспеков, сондай-ақ «Amanat», «Қазақстан Халық», «Ауыл», «Ақжол» және «Республика» партияларының өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Депутат Данабек Исабеков атом электр станциясының ел экономикасына тигізетін пайдасына тоқталды. Ол қазіргі уақытта электр қуатының жетіспеушілігі байқалып жатқанын және халық саны өскен сайын тоқ көздеріне деген сұраныстың арта беретінін жеткізді. «Бұл жағдайда болашақта заводтар мен фабрикаларды қалай ашамыз?» – деді ол.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Олжас Құспеков әріптесінің сөзін қуаттап, АЭС салынбаса, энергетика саласында шешімі қиын ауқымды проблемаларға тап болуымыз мүмкін екенін айтты. «Халық болып, қазіргі таңда кездесуі мүмкін мәселелерді шешуіміз керек. Сондықтан референдумға белсенді түрде қатысып, пікірлеріңізді нақты білдіруге шақырамын», – деді ол.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесу барысында ардагер оқытушылар штаб мүшелеріне бірнеше сұрақ қойды. Азаматтарды алаңдатқан басты мәселе – АЭС-тің қоршаған ортаға зиян келтірмеуі. Жұмысшы топ барлық сауалдарға тұшымды жауап беріп, халықтың алаңдаушылығын жеңілдетуге тырысты. Бұл кездесу АЭС жобасының маңыздылығын түсіндіру мен қоғамда дұрыс ақпарат таратуға бағытталған тағы бір қадам болды.

d18c55da-752e-4ff6-af99-ba8403f2263b

Шаһардағы Достық үйінде «АЭС -дамыған елдермен тең дәрежеде!» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Шымкент қаласы татар-башқұрт этномәдени бірлестігінiң өкілдері, жастар, белсенділері елімізде АЭС салудың қажеттілігі жөнінде ой-пікірлерін айтып, тұрғындарды референдумға қатысуға шақырды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Шымкент қаласы татар-башқұрт этномәдени бірлестігінінiң төрағасы⠀Шокиржан Бурнашев АЭС салу қажеттіліктен туындаған мәселе екенін атап өтті.⁣⁣⠀
-Біздің этномәдени бірлестік маңызды бастаманы қолдайды. Бүгінде елімізде энергетика саласын жаңғырту қажеттігі туындап тұр. Жыл сайын энергия тұтыну көлемі артып келеді. Әлеуметтік нысандар, жаңа өндірістер салынып жатыр. Сондықтан да бізге атом электр станциясы қажет. АЭС - экономикалық тұрғыдан тиімді жоба. Біз еліміздің одан әрі өркендеуі үшін азаматтарды жалпыұлттық референдумге белсенді қатысуға шақырамыз, - дейді Ш.Бурнашев.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Сондай-ақ, жиында этномәдени бірлестіктің көшбасшылары, ардагерлер жаңа бастамаға үн қосып, қолдайтындарын жеткізді.⁣⁣⠀


«Шымкент келбеті»

5fc3f51e-6f98-47f4-9aae-7ecfba98e251

Әлемде уран өндіруден бірінші орынға шыққан Созақ ауданының тумасымын. Он жылдан астам осы аймақта аудан әкімі болып жұмыс істедім.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Созақтың уранын өндіру өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан басталды. Алғашқыда жұрт қатты үрейленді. Уранның адам баласына зардабы туралы әңгімелер желдей есіп, халық қатты қауіптенді. Кейінірек түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кеніш орталықтарында үлкен кездесулер өткізілді. Жер астында сілтімен өңделетін уранның экологияға зиянсыз екеніне көзі жеткен халық осындағы жұмыс орындарына орналаса бастады. Аудан әкімі кезімде «баламды уран кенішіне орналастырып берші» деп алдыма көп адам келді. Мүмкіндігінше, өтініштерін қанағаттандырдым.⁣⁣⠀
Халықтың қара жұмысшы ғана емес, жетекші саласының маманы болуын қаладық. Ек мыңыншы жылдардың басында Оңтүстікте облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ы басшылығымен келісе отырып, Созақ ауданынан тоқсан оқушыға есептелген училище ашуға мұрындық болды. Оңтүстіктегі жетекші оқу орны М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінде факультет ашылды. Мұның бәрін неге айттық?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бүгінде мемлекет қажеттілігі үшін АЭС салу күн тәртібінде тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізіп, халық талқысына салып отыр. Расында, жағдай күрделі. Қазақстанда энергияға тапшылық жыл сайын қатты сезіліп келеді. Қоңсы Ресейден 100 млрд. теңгеге энергия алып отырмыз. Оңтүстікке газ Өзбекстаннан келеді. Яғни, АЭС салу – уақыт күттірмейтін іс. Ғылыми жетістіктердің нәтижесімен салынатын атом реакторы барынша қауіпсіздендірілген.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Өзімізде мамандар бар. Әйтсе де оларды АҚШ, Франция, Канада сияқты озық мемлекеттердің оқу орталықтарынан қайта даярлықтан өткізіп алуға болады.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Талантты жастарымыз көп. Мәселен, менің бір немерем ҚазМУ-індегі физика-атом өндірісі факультетін таңдады. Жақсы бітірді. Бүгінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясында жұмыс істеп жатыр. Бір кездесуде шетелдік мамандар «неге бұл мамандықты таңдадың?» дегенде, «Бұл сала – еліміздің келешегі, сондықтан, қазақ жастары жұмыс істемесе, басқа кімнің жаны ашиды» дегендей ой айтыпты. Расы керек, қуанып қалдым. Бүгінде әлемде 400-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Алпысқа жуығы жаңадан салынып жатыр. Бәрі қажеттіліктен. Сондықтан, бейбіт атомнан еш қорқуға негіз жоқ.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ,⁣⁣⠀

мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет»⁣⁣⠀
орденінің иегері

074a54cd-e982-4fd9-9299-f4bbf8df7a6d

Бүгін Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданындағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жауапты “Таза өлке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесуге спикер ретінде қоғам белсендісі, журналист Бейсенкүл Нарымбетова арнайы қатысып, алда келе жатқан референдум жайында және АЭС пайдасы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Қаланың көгалдандыру мен санитарлық саласына жауапты мамандарға атом электр станциясының пайдасы жөнінде көптеген ақпарат ұсынылды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Аталған кездесуге жалпы 200-ге жуық адам қамтылып, сұрақ-жауап және еркін форматта пікір алмасу жүргізілді.⁣⁣⠀
 ⁣⁣⠀

“Шымкент келбеті” газеті

Страница 10 из 904