«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 желтоқсандағы заңының шегінде жылжымайтын мүлікке меншік құқықтарды қорғау және нығайту мақсатында, азаматтар мен заңды тұғалардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызу, сонымен қатар Қазақстанның «Doing Bussines» Әлемдік Банкінің рейтингінде позициясын көтеру «Меншікті тіркеу» көрсеткіші бойынша 2015 жылдың 1 қатарынан бастап ХҚКО-на нотариалдық мәмілелер негізінде туындайтын құқықтарды тіркеу үшін арызданушылардың жолданымдарының баламалы тәртібі алынып тасталды, яғни бұндай құқықтарды тіркеу тек қана электронды форматта бір жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады, яғни азаматтарға меншікке құқықтарды тіркеу бір орында (нотариуста) және аз уақыт ішінде қосымша шығындарсыз тіркеу мүмкіндігі беріліп отыр.

Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2013 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу электронды түрде енгізілді. 

Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру бойынша шаралар қабылданып, мемлекеттік қызмет түрлері электронды түрде көрсетіліп келеді. Бүгінгі күні жылжымайтын мүлікке құқықты электрондық тіркеу бойынша қызметі Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді. Осы мақсатта Әділет Министрлігімен жылжымайтын мүлік рәсімін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданып, азаматтардың жылжымайтын мүлікке құқықтарын электронды түрде тіркеу қол жетімді болды.

Осыған орай заман талабына сәйкес «Е-нотариат» бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі қолданысқа еңгізілді. Бұл жүйенің негізгі міндеттерінің ішінде нотариалдық құжаттарды есепке алу мен сақтауды қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік туралы деректерді сәйкестендіру мен тексеруді жүзеге асыру; нотариустар, Республикалық нотариалдық палата мен аумақтық нотариалдық палаталар, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз ету қызметі бар. 

«Е-нотариат» нотариустарға нотариалдық әрекеттер туралы уақытылы және нақты есептілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді және әділет органдарының қызметкерлері үшін нотариустардың қызметін үйлестіру және мониторинг үрдісін жеңілдетеді.

Е-нотариат жүйесі нотариалдық келісімдерді жасаған кезде экономикалық қылмысқа жол бермей, алаяқтықты және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын алдын алады.

Нотариуста келісім-шарт жасағаннан кейін, азаматтарға ХҚКО-ға құжат тапсырып, Әділет органдарының шешімін күту міндетті емес. Электрондық тіркеу үшін азаматтардың электрондық сандық қолтаңбалары қажет емес. Тіркеу үшін ең бастысы ЖСН, Интернетке қолжетімділік, банк төлем карточкасы қажет екенін атап өткен жөн.

Енді, жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжатты рәсімдегеннен кейін нотариус бірден сол жерде құқықтарды тіркеуге өтінім бере алады. Ол үшін нотариус өтініш беруші туралы мәліметтердің нысанын толтырады, ҚР ӘМ әділет департаментіне жөнелтеді, және өтінішті қабылдау туралы және төлемнің сомасы туралы хабарламаны алады. Нотариус бірегей нөмірмен хабарламаны басып шығарады және өтініш берушіге береді, одан кейін клиент электрондық үкімет порталында төлемді жүргізу қажет. Ол үшін өтініш беруші порталда тіркелуі керек, ал электронды қолтаңбаның қажеті жоқ. 

Әділет органдарының  мамандары электрондық чекті алысымен, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге кіріседі. Нәтижесінде құқықты тіркеу туралы хабарлама нотариусқа, сондай-ақ өтініш берушінің электрондық мекенжайына беріледі (оның болған және нотариустан өтінішінде көрсетілген жағдайда).

Жылжымайтын мүлік құқығын электрондық тіркеу  әкімшілік кедергілерді жоюға, азаматтар үшін қолайлы жағдай туғызуға бағытталған. 

 

Шымкент қаласының Әділет

департаментінің бас маманы

«Қазақстан заңгерлерінің одағы»

РҚБ-нің мүшесі

М.Маматаева

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады. Сөйтіп, қазір мемлекеттің сыбайлас жем­қорлықпен аяусыз күрес жүргізу жөнінде бірқатар батыл әрекеттер жасап жатқаны белгілі. Міне, осы бағыт аясында қылмыстың алдын алу жөніндегі заңдылықтар жетілдіріліп, оған жаңа нормалар қосылуда. Бұл нормаларда сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілік арттырылған. Сонымен қатар, жаңа түсініктемелер берілген.

Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев  «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше мән берді. «Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады», - деп атап көрсетті.

2015ж. 18 қараша күні «100  НАҚТЫ ҚАДАМ» бес институционалды реформаларды жүзеге асыру бойынша Ұлт жоспары аясында және мемлекеттік аппаратты кәсіби жетілдіру мақсатында Елбасы  ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» № 410-V   Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталмыш заң  жемқорлыққа қарсы әрекет жасау саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеп, Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асырылуына бағытталған. Заңмен жемқорлық қылмыстардың жаңа көрінісі енгізілуде, мемлекеттің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты  іске асыру саласында, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   субъект қызметін үйлестіру бойынша   уәкілетті орган белгіленді.

Заңның жаңалығы ретінде оның жемқорлық превенциясына бағытталғанын айтуға болады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жемқорлық қауіпті  анықтау және жою өзекті институт болып табылады. Қазақстанда бұл жүйенің негіздері  Заңнның 7 және 8 баптарында көрініс тапты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау жүйесінің элементі -жемқорлық қатерлерді талдау болып есептеледі. Осылайша, жемқорлық қатерлерді және жемқорлыққа қарсы мониторингті  талдау түсініктеріне заңнама деңгейінде алғаш рет  регламент  белгіленді. Жемқорлыққа қарсы мониторинг жемқорлық деңгейін бағалау мақсатында жемқорлыққа қарсы әрекет етудің  белгілі бір саласында ақпаратты бағалау және алдын ала жинақтауды  білдіреді.  Жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері жемқорлық қатерлерді талдауды өткізудің негіздерінің бірі болып табылады.

Жемқорлық қатерлерді талдау дегеніміз – жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасауға итермелейтін жағдайлар мен себептерін анықтау және зерттеу. Сөйтіп, жемқорлық қатерін  талдау дискрециялық нормаларды, заңнама актілердегі қайшылықтарды, әкімшілік барьерлерді, заңнаманы бұзу фактілерді және тағы басқаларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, талдау нәтижелері бойынша қабылданатын шаралар талданатын органдардың қызметінде жемқорлық қатерін  минимумға шығаруға мүмкіндік беріп, сонымен бірге қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті  қалыптастыруға ықпал етеді.

Заңмен жемқорлыққа қарсы әрекет ету шаралардың бірі қаржы бақылау күшейе түсті, жеке тұлғалар өз мүліктері, активтері мен міндеттемелері жайында декларация тапсырып ұсынады. Қазақстан Президенті еліміздің қолданыстағы заңнамасын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңына сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Қолданыстағы заңнама   бойынша мемлекет қызметкері дегеніміз оған қатысты қызметтік тәуелділікке тұрмаған заң бойынша бұйрық беру өкілеттігіне ие тұлға болып табылады. Оның қатарына құқық қорғау органдарының немесе арнаулы мемлекеттік органның, әскери полицияның қызметкерлері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы әскери қызметкер кіреді.

Сондай-ақ, коммерциялық немесе басқа да ұйымдарда басқару қызметін атқарушының кім болып табылатындығы, кімнің жауапты тұлға және кімнің мемлекеттік қызметті орындауда өкілдік етуші тұлға екендігіне түсініктемелер берілген. Сондай-ақ, пара алу мен беруге және осы істе делдалдық етушіге жаңа жаза тағайындалған. Ол алынған немесе берілген пара көлемінен еселеп артатындай айып төлеу жазасы болып табылады.

 

Шымкент қаласының Әділет

 департаментінің бас маманы

«Қазақстан заңгерлерінің одағы»

РҚБ-нің мүшесі

М.Маматаева

ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

Пятница, 15 Март 2019 04:58

Төлеш Жүнісбекұлы Шаянда тұрады. Жүзімдік ауылында туып-өскен. Нағашы ағасы Ырысалы Досыбаев 1943 жылы соғысқа өзі сұранып аттанған соң із-түзсіз кеткен.

Төкеш ағай

Ал, жалғыз ұлын қан майданға аттандырып, көп ұзамай жұбайы Досыбайдан да айырылып, аңырап қалған нағашы әжесі Бөпежан «қарашаңырақты тастап ешқайда кетпеймін...» деп біраз жыл бір әулеттің түтінін өшірмеді. Дегенмен, күйеу баласы Жүнісбек «сізді жалғыз қалдырып қарап отыра алмаймыз» деп қоярда қоймай қолына алады.

– Біз бір әке-шешеден 11 едік. Бәрімізді де сол нағашы әжеміз Бөпежан бағып-қақты. Әкем үнемі оңашада «нағашы апаларыңа қарсы сөз айтып, тілін алмай қасарысушы болмаңдар! Ол кісі жалғыз ұлынан айрылған адам. Көңіліне қаяу салғандарың жарамайды» деп отыратын. Ал, өзі енесін туған анасындай мәпелеп, құрметтеп өтті.

Әжеміз бізге үнемі ертегі айтатын. Әсіресе, тіліміз шыққаннан батырлар жырын жаттататын. Содан да болар үлкен ағам Қуан өте зерек бала болыпты. Бес жасында батырлар жырын, талай қисса-дастандарды жатқа айтады екен. Көрші-қолаң жиылып батырлар жырын Қуан ағамның оқығанын жиі тамашалайды екен.

Ондайда Бөпежан әжеміз жиен немересінің зеректігіне масаттанып, марқайып отырады. Бәлкім осы зеректігінен, ерте елдің көзіне түсіп, сөзіне арқау болғанынан да болар, Қуан ағама көз тиіп, бала кезінде қайтыс болыпты. Біздерді жұртқа көп көрсетпесе де әжем жыр-дастандарды жаттатудан танбады. Үлкенді құрметтеу, бабалар аманатына адал болу өнегесін біз осылай бойымызға сіңірдік, – дейді Төлеш аға.

Нағашы әжесі туралы сыр ақтарғанда Төлеш ағаның жаны жадырап сала берді. Бала күнге деген сағыныш, аяулы жанға деген құрметі жүзінен сезіліп тұрды.
– Білесіз бе, әжемнің емшілік те қасиеті бар еді. Дерменеден май сығып, шипа іздеп келгендерді сонымен емдеп жазатын. Ал, Жүзімдікте ол өсірген бау-бақшада жүзім, алма, алмұрт, өріктің неше түрі самсап тұратын. Еңбекқор еді. Қауын-қарбыз егіп, бізді де еңбек етуге бала жастан тәрбиеледі.

Бас көтерер ұлдың үлкені Төлеш аға ержеткенде Бөпежан әжесі «бар үмітім сенде, соғысқа кеткен жалғызымнан бір дерек тауып берші...» деп өтініпті. Содан бері жан-жаққа іздеу хат жолдаған бозбаланың үміті ұзақ жылдар бойына ақталмады.

– Ең өкініштісі, нағашы ағамның суретін жоғалтып алғаным болды, – дейді Төлеш аға кешегі күнді еске алып отырып, жанарына жиналған жасты іркіп қала алмай. – Әжем, «жалғызымның суретін құрттың-ау...» дегенде жерге кіріп кете жаздадым ғой... Ол оны өмір бойы кішкентай чемоданына салып, асыл мұрасындай, көзінің қарасындай сақтап келген еді ғой...

«Қалай ғана жоғалтып алдыңыз?» деп сұрауға ұмтылсақ та онсыз да өзегі өкініштен өртеніп отырған азаматтың жанын жаралағымыз келмеді. Бәрін де өзі түсіндірді.

– Құрғыр сол бюрократиялық жүйенің кесірі ғой, кешегі. Аудандық әскери комиссариатқа іздеу салған хатымды алып, өзімізге белгілі аз ғана деректі жазып, әжемнің қолындағы жалғыз фотосуретті алып талай рет бардым. «Ертең кел, бүрсүгіні кел...», «Анда жаздық, мұнда жібердік хатыңды...» деген жауаптан артық жауап жоқ. Сөйтіп жүргенде қай үстелдің тартпасында қалып, қай архивке кеткенін кім білсін, мен жазған хаттармен бірге сурет те жоғалды ғой. Ал, оны әжеме қалай түсіндірейін?!

Төлеш ағаны бұл жағдай одан сайын қамшылай түскендей. Соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен нағашы ағасы туралы әрбір деректі мұқият жинай бастайды.

Шаянда тұратын, бүгінде жасы жүзге жақындаған, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, облысқа есімі белгілі Бейсенбек Игісінов ақсақал нағашы ағасы Ырысалымен бірге оқыған досы әрі туысы. Сол ақсақалға барып, бала күнгі естеліктерін сұрайды. «Білімге құштар, алғыр еді. Содан да болар көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған соң оны аудандық комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлаған еді.

Комсомол бала деп ауыл-аймақ сыртынан құрмет тұтатын. Соғысқа өзі сұранып кетті ғой. Алдымен Ташкенттегі оқу-жаттығу курсынан өтті. Сосын майданға әкетті...». Бейсенбек ағаның бұл мәліметтері де Төлеш аға үшін құнды дерек.

– Әжемнен бала күнімде естіп білгенімдей, 1945 жылы хат келген екен. Хат авторы «Ырысалының өтінішімен жазып отырған қызылордалық жігітпін» деп таныстырыпты өзін. Бұл деректі де кәдеге асыруға тырыстым. Қызылорда жақтан да сұрастырып, іздеу салумен болдым.

Берлин түбіндегі кескілескен ұрыста Ырысалы ағам ауыр жарақат алып, госпитальде жатады. Әлгі хат сол кезде жазылған екен. Не керек, үмітін үзбеген адамның еңбегі жанады екен ғой. Ресейдің Подольск қаласындағы әскери архивтен жылт еткен ақпарат табылды. «Наградной лист».

Онда «Досбаев Рсали лейтенант командир стр. взвода 674 стр. полка 150 стр. дивизий Идрицкой им ордена Кутузова 2 степении, год рож. 1925, член ВЛКСМ, казах. Ранен 17.04.1945. В Красной Армии с марта месяца 1943 г. Призван Чаянским РВК, ЮКО. Представляется Ордену Отечественной войны 2-ой степени» деп жазылыпты.

Әрі қарай Одер өзенінің батыс жағалауы, Германияның Гросс-Найендорф ауданы маңындағы ұрыста командир Досыбаевтың алғашқылардың бірі болып жаудың бекінісін басып кіргені, соның арқасында ол бастаған сарбаздар фашистің 20 солдатын мерт қылып, 28-ін тұтқынға алған ерлігі баяндалады.

– Әттеген-айы сол, бұл деректерді әжем барда таба алмадым. Ол кісі 96 жасында қайтыс болды. Алайда, әжемнің аманаты көкейімнен бір кетпеді. 1998 жылы Меккеге анамды алып барғанда да Алладан алдымен әжемнің аманатын орындауды нәсіп етуін тіледім.

Арапат тауында таңды қарсы алып отырып... пендеміз ғой, артымнан ерген екі інімнің кәсібі жүрсе екен, әйелімнің басының сақинасы бар еді, сол дертінен айықса екен деп те тілегімді тізбектеппін. Өзіме ештеңе тілемесем де көңілімдегі осы бір тілектердің орындалғанын қаладым. Қазір сол бір сәтті еске алсам күлкім келеді.

Бірақ, Құдайдың құдіреті, сол тілегімнің бәрі де қабыл болғанына көзім жетіп отыр. Екі бауырымның да елге белгілі азамат болып, өз кәсіптерінің дөңгелегеніне, әйелімнің бас ауруынан айыққаны былай тұрсын, басты арманым, әжемнің аманатын орындағанымды айтсаңызшы.

Ал, қасиетті сапардан ауылға оралсақ, «біздің Шаяннан еліміз тәуелсіздігін алғалы қажылыққа алғаш барған адам сендерсіңдер» деп ел-жұрт марқайып, арқамыздан қақты. Ауылдың кеңпейіл азаматтарына іштегі арман-аманатты не деп түсіндіргендейсің. Ниеттес болғанына риза болғанмен, ішімде «ойпырмай, нағашы ағамның бір дерегін таба алсам екен» деумен жүрдім.

Тағдырының қилы кезеңдерін баяндап отырып, балаша бір қуанып, бір мұңайған Төлеш ағаның ақеділ пейіліне риза боласың.
– Не керек, Подольскіден тапқан ақпаратты жаныма жалау етіп, қалай да нағашы ағамның жерленген жерін табуым керек деп шештім.

Бүгінгідей байланыс жақсарған, интернет салтанат құрған заманның өзінде де Еуропа елдеріне сапар шегу, виза алу мәселелері оңай еместігін Төлеш аға да бастан өткерді. Әрбір өткен уақыт аманатқа қиянат жасап алмасам екен деген уайымға салды. Түсіне әжесі кіріп «Төлеш, Ырысалы тірі ғой. Оны іздесейші...» деген сайын жүрегі сыздап кететін.

Бастапқыда бауырларымды жеткізейін, сосын балаларымды жетілдіріп алайын деп жүріп ауыл ішінен ұзап шыға алмаған, тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында шиеттей бала-шаға мен мұны арқасүйері етіп үміттенген бауырларын оқыту, нан тауып беру оңай болмағанын сол кезеңді басынан өткерген адам ғана жақсы түсінеді.

«Шынымды айтсам, талай мүмкіндіктер болды. Техниканың тілін жақсы білемін, техникум бітірген механикпін. Өзім де жоғары білім алып, қызметімді де өсіретін мүмкіндіктер талай рет болды. Бірақ, мен оған қызықпадым. Қызығуға уақытым да болмады. Табылған кез келген қара жұмысты істедім.

«Ертерек үйлен, тым болмаса сенің қызығыңды көріп, ұрпағымның жалғасқанына куә болып, немеремді иіскеп кетейін деген, айықпас дертке шалдыққан әкемнің арманын орындайын деп 18 жасымда үйлендім. Ол кезде кіші інім Талғат екі жарым жаста еді...» дейді Төлеш аға. Алайда, нанды адал еңбекпен тауып жеуді ғана мақсат тұтқан Төлеш Жүнісбекұлы өткен өміріндегі тұрмыстық тауқыметтеріне еш налымайды. «Қайта шыңдала түстім. Құдай сол еңбекқорлығыма қарай беріп жатыр несібемді» деп шүкіршілік етеді.

– Нағашы ағамның Польшада, Дебно қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін білген соң бала-шаға аяқтан тұрды-ау дегенде аңсарым сол жаққа қарай ауды да тұрды. Бір барып, туған жердің топырағын салып қайтсам. Қай жерде жатқанын көзіммен көрсем дедім. Сәтін салғаны осы болды. Былтыр, 2018 жылдың желтоқсан айында інімнің баласын ертіп алып, Польшаға тарттым.

Зираттағы тізімде менің нағашы ағамның есімі 13-ші болып жазылыпты. Көзіме оттай басылды. «Әже, аманатыңды орындадым. Жалғызыңның дерегін таптым. Риза болғайсың. Қолымнан келгені осы болды...» деп іштей егілдім. Сосын, көлемді тізімді соңына дейін ерінбей оқып шықтым. Бейбіт күн үшін қыршын кеткен сарбаздардың әрқайсысы да мен үшін батыр.

Әруақтарына бағыштап Құран оқыдым. Жүзімдіктен беторамалға түйіп апарған бір уыс топырақты ескерткіштің іргесіндегі шыршаның түбіне салдым. Мраморланған еңселі тас ескерткіштің қай жеріне топырақ салғандаймын. Амалын осылай жасадым. Ал, ол жерден алған топырақты ауылға әкеліп, әжемнің зиратына салдым. Қолдан келетіні осы ғой...

Басында айтып өткенімдей, бұл Төлеш ағаның ғана басынан өткен тағдыр болмауы әбден мүмкін. Талай қазақтың сұм соғыс туралы айтар өз өмір-дастаны бар. Десек те, әже аманатына адалдық, перзенттік парызын өтеудегі табандылық кім-кімге де үлгі болардай. Себебі, жат жерде талай боздақ іздеушісін күтіп әлі жатыр. Қазақ мұны тағдыр дейді... Тек тілеріміз, Төлеш ағадай алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын табанды жандар көп болса екен.

Жәмила МАМЫРӘЛІ

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов:

Б.Нұрымбетовтың осы суретін қою керек

Жалақы дер кезінде төленбеген жағдайда, еңбек шарттары бұзылып, жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталған кезде оларды заң жүзінде қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ.

Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына да қоғамдық бақылау жасайтын да кәсіподақ.Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым.

Кәсіподақ бұдан басқа қандай жұмыстармен айналысады? Болашақ жоспарлары қандай? Кәсіподақ жүйесінде жаңғыру мен жаңару бар ма? Билік тармақтары және басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы қандай? Осындай сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Бидайбекұлы мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Біржан Бидайбекұлы, қарапайым еңбек адамы үшін жұмыс орнының сақталуы маңызды. Кәсіподақтар да бұл мәселеге жіті көңіл бөлетіні хақ. Осы орайда Түркістан облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау және қысқартуға жол бермеу мақсатында қандай шаралар қолдануда?

– 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40,0% кәсіпорын қамтылған. Бұл ретте Түркістан облысында 4854 ұжымдық шарт қана бекітілген, бұл дегеніміз облыстың 6939 кәсіпорындарының 70,0%-да ұжымдық шарт жасауға қол жеткізілген.

Сондай-ақ, Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы еңбекақы бойынша қарызды азайту мәселесін де жіті бақылауда ұстайды.

Мәселен, 2019 жылғы 7 ақпанда жергілікті атқарушы органдардан алынған мәліметтер бойынша Түркістан облысында еңбекақы бойынша қарыз - 56,0 млн теңге көлемінде, 3 кәсіпорындағы 169 жұмысшыға еңбекақы толық төленбеген. Бұл көрсеткіш республика бойынша 1,9 млрд теңгені құрайды.

Яғни, 144 кәсіпорында 6881 жұмысшыға еңбекақы бойынша қарыз бар. Аумақтық кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі - осы жағдайды оң шешуге ықпал етіп, жұмыс берушіден заң алдында талап ету.

– Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген болатын. Осы міндетті орындауға қазіргі кәсіподақтың мүмкіндігі жете ме?

– Өз міндеттерін белсенді атқаруға кәсіподақтардың мүмкіндігі толығымен жетеді. Біз жыл басында кәсіподақты жаңғыртудың Жол картасын жасаған болатынбыз. Соған сәйкес жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айтарлықтай жетістіктер де бар. Оған кәсіподақ ғана емес, әлеуметтік әріптестер де лайықты үлесін қосып отыр.

Кәсіподақ - жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым. Сондықтан негізгі мақсатымыз - жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. Өйткені, еңбек адамдарының және кәсіподақ қозғалысының тыныс-тіршілігін олардан артық ешкім білмейді.

Қазір біздің Кәсіподақтар федерациясының мүшелерінің саны екі миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. Федерация құрамында 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Өткен жылдың өзінде 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды.

Біздің мақсат - бастауыш ұйымдардың беделі мен абыройын көтеру арқылы жергілікті кәсіпорындардағы жұмысшыларды осы ұйымның аясына шоғырландыру. Кәсіподақ олардың құқығы мен мүддесін мүлтіксіз қорғайтын айбарлы, керек десеңіз, азулы ұйым болуы қажет.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері жұмыс берушілермен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, туындаған еңбек және әлеуметтік мәселелерді ушықтырмай жергілікті жерде шеше алатындай білікті болуы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, олар жан-жақты білімді, іскер болғанда ғана еңбек адамдары оның жанына топтасып, жұмыс берушілер де онымен санасатын болады.

2018 жылы Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл мен Меркіде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумын өткізуіміздің де мәнісі осы. Оған екі мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Жасыратыны жоқ, жергілікті жердегі жұмыс берушілердің арасында кәсіподақ ұйымы болмағанын қалайтындар да бар. Өйткені, кәсіподақ еңбек заңдарын бұзуға жол бермейтінін олар біледі. Бұл мәселеде біздің принципіміз айқын: жұмыс беруші мен еңбек ұжымы, еңбек қатынастары бар жерде кәсіподақ ұйымы міндетті түрде болуы керек.

Кәсіподақ еңбек адамдарының мүддесін қорғауға белсене араласатынына қазір көптің көзі жетті. Олардың кәсіподаққа сенімі артты. Қатарымыздың көбейіп жатқанының себебі де осы.

Жергілікті жердегі жұмысты жандандырып, бастауыш ұйымдарды нығайту үшін биылғы жылды аумақтар жылы деп жарияладық. Еліміздегі заңнамаларды қабылдау процесіне біздің кәсіподақтың қатысуына мүмкіндік кеңейді.

Республика Үкіметі жанында заң жобалары жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамына 2018 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы біздің қоғамдық ұйымның басты өкілі ретінде кірді.

Парламенттегі және басқа да құзырлы органдардағы еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелерге байланысты комиссиялардың жұмысына да кәсіподақ өкілдері белсенді араласа бастады.

Еңбек қатынастарына байланысты дау-дамай мен кикілжің адамдардың құқықтық білімінің таяздығынан болып жатады. Сондықтан біз құқықтық жаппай оқудың бірыңғай жүйесін жасадық. Соған байланысты жұмыстар кең ауқымда жүргізіліп отыр.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірге 2018 жылдың мамыр айында жаңа жоба – «Кәсіподақ көшбасшылары мектебін» аштық. Бұл - кәсіподақ мүшелеріне құқық, қаржы, медиация, ішкі және сыртқы коммуникация бойынша жан-жақты білім беретін Қазақстандағы кешенді жоба. Мектептің алғашқы 67 түлегі қазір бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне айналды.

Кәсіподақтар федерациясындағы оқу орталығы 2018 жылы 42 семинар өткізіп, аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің базасында 839 адам білім алды.

– Олардың ішінде жастар бар ма? Жалпы жастардың кәсіподақ қозғалысына ықылас-пейілі қандай?

– Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Біз кәсіподақ институтын ары қарай табысты жалғастыратын жастарға жол беруіміз керек. Өйткені, Қазақстанда кәсіподақтың келешегі кемел.

Жастардың кәсіподақты қазіргіден де жоғары деңгейге жеткізетініне кәміл сенімдімін. Бүгінде республика бойынша кәсіподақ мүшелерінің 32 пайыздан астамы – жастар. Барлық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту жайын жан-жақты талқылап, жастарға қатысты идеялар мен жобаларды ұсынып, кәсіподақ жұмысына белсенді қатысады.

2018 жылы жігерлі жастардың ұйытқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Соның ішінде қыркүйек айында Меркіде өткен еңбек жастары форумының орны ерекше. Форумның негізгі мақсаты – еңбек мамандықтарын асқақтату, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастарының әлеуметтік мәселелерін жақсарту.

Оған 200-ден астам жас қатысты. Республиканың барлық аймақтары мен экономиканың түрлі салаларындағы белсенді жас кәсіподақ жетекшілері осылайша бірінші рет бас қосты.

– Әңгіме барысында кәсіподақтың беделі жайлы қайта-қайта айтып қалдыңыз, кәсіподақтың Жарғысына өзгерістер енгізілуі ұйымның ашықтығы мен беделін арттыру, жұмысын ширату мақсатында жасалған қадам ба сонда?

– Иә. Өткен жылы кәсіподақтың кезектен тыс ХХҮ съезі өтіп, жаңа Жарғы мен Тексеру комиссиясы туралы Ереже қабылданды. Төраға енді бес жылға бір мәрте ғана сайланады.

Оған белсенді жұмыс істеуге бес жыл толық жетеді. Бұл мерзім біткеннен кейін оның орнына жаңа толқын, жаңа басшы келуі керек. Бұл - ұрпақ сабақтастығы. Мүшелік жарнаның жұмсалуы да дау-дамай туғызатын мәселенің бірі еді.

Енді қанша жарна жиналғаны, қандай мақсатқа жұмсалғаны – бәрі айқын. Оны кәсіподақ ұйымдары өз басылымдарында тұрақты түрде жариялап тұрады.

– Кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі – еңбек адамын қорғау және оның қауіпсіздігі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– 2018 жыл «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы» деп жарияланып, соған сай жоспарлы жұмыстар жүргізілді. «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қарастырылып, жүзеге аса бастады. Оған «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палаталары да, әкімдіктер де белсене қатысып отыр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жұмыс берушілер Конфедерациясымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұртшылықты көбірек тарту мақсатында «Еңбек қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы өткізілді.

Осы акция аясында жұмыс берушілердің қауіпсіз және жақсы еңбек жағдайын жасауға ынтасын арттыру және қоғамдық бақылау институтын дамыту үшін нақты іс-шаралар жасалды.

Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың ролін нығайту мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірге «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық конкурсы өткізілді.

Оның қорытындысына орай еліміз бойынша 39 үздік техникалық инспектордың еңбегі бағаланды. Қазір республика кәсіпорындарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі жөнінде 13 мың өндірістік кеңес бар. Оның 94 пайызы тікелей кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен құрылды.

Рас, Қазақстандағы ірі және орта кәсіпорындардың барлығы бірдей өндірістік кеңес құруға асығар емес Онда өндірістік кеңес бар жоғы – 1 233. Бұл барлық өндірістік кеңестердің 13 пайызы ғана.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, еңбекті қорғау бойынша бірлескен жұмыс жүргізілсе, онда өндірістік жарақаттар мүлдем аз болады. Кәсіподақтың белсенді жұмысының арқасында өткен жылы өндірістік жарақаттардың азайғанын байқау қиын емес.

Өндірісте зардап шеккендер 2017 жылы 1678 болса, 2018 жылы 1568-ге азайды. Бұл – 6,6 пайыз. Ал мерт болғандар 244-тен 216-ға қысқарды. Әрине, бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Өйткені, қайтыс болған адам біреудің әкесі немесе анасы, ағасы болуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Кәсіподақ қазір бұл мәселені қатаң қадағалауға алды.

Осы орайда Федерацияның Атқару комитетінің Қаулысына сәйкес кәсіподақтар орталығы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі жергілікті комиссия отырыстарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын әзірлеп, бекітуге бастама көтерді. Бұл құжатқа облыста әлеуметтік әріптестер қол қойды.

Өндірісте келеңсіз, ауыр жағдайлар мүлдем орын алмауы тиіс. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін оның алдын алу қажет. Кәсіподақ осы үшін күресуі керек.Біздің бағыт - «нөлдік жарақат». Ол үшін осындай мақсатты көздейтін «Vizion Zero» халықаралық бағдарламасына қосылуға қадам жасап отырмыз.

Жарақат оқиғаларын тіркемей, ашық түрде мәліметтер берілмей қалуы да орын алатын еді. Енді әрбір жазатайым оқиға міндетті түрде тіркеледі. Оған жол берген кінәлі адамдар мен себеп-салдары анықталып, зардап шеккен отбасыларға көмек берілуі қадағаланады.

Әрбір жағдай үш жақты комиссия отырысында қаралып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ашық мәлімет беріле бастады. Бұл ретте бізді Қазақстан Үкіметі қолдады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге 2019 жылды да еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялады.

– Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында еңбек даулары мен кикілжіңдері болатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оны болдырмау үшін еңбек адамы нені ескеруі керек? Кәсіподақ осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай қам-қарекет жасап отыр?

– Жұмысшының құқығын қорғаудағы ең бастапқы құжат - ол жеке еңбек шарты. Жұмыс беруші жұмысқа тұрған адаммен еңбек келісім-шартын міндетті түрде жасауы керек. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісім-шартын жаса!» республикалық акциясын бастағандағы мақсаты да осы болатын.

Акция кезінде еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек келісім-шартын жасады. Осы арқылы жұмысшылардың құқы мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді.

Екіншісі, әлеуметтік әріптестік құралдары - еңбек қатынастарының және еңбек ұжымының ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін механизм. Осы арқылы еңбек қатынастары жүйесін жақсартуға жол ашылады. 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, 20 салалық және 18 аумақтық келісімдер осы мақсатты көздейді.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылардың еңбек құқы мен мүддесін тиімді қорғаудың басты құралы – ұжымдық келісім-шарт. Еңбек адамының жағдайы, әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі – бәрі ұжымдық келісім-шартта тайға таңба басқандай айқын жазылуы тиіс.

Оны көрген еңбек адамы ертеңгі күніне алаңдамайды. Уақтылы еңбекақы алатынына, отбасын асырайтынына, әлеуметтік қорғауға кепілдік болатынына көзі жетеді.

2017 жылы 77 750 ұжымдық келісім-шарт жасалған еді. 2018 жылы 92 645-ге немесе 16 пайызға артты. Сондай-ақ, ұжымдық және жеке дау-дамайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Осы құжат арқылы аймақтардағы әлеуметтік жағдайларға мониторинг жүргізуге, өзара жедел ақпарат алмасуға, еңбек дауы туындайтын кәсіпорындарға барып, дау-дамайдың алдын алуға мүмкіндік бар.

Мәселен, Қостанай облысындағы Тобыл жол станциясында, Маңғыстау облысындағы «Oil Services Company» компаниясында және басқа да мекемелерде еңбек даулары алғашқы сәтте-ақ бірлескен іс-қимыл жоспарының арқасында ойдағыдай шешімін тапты. Мұндай мысал көп.

Еңбек заңдылықтарын сақтау, әлеуметтік-еңбек дауларын шешу, еңбек кикілжіңдерінің алдын-алу бағытында 2018 жылы Кәсіподақтар федерациясы «НұрОтан» партиясымен Меморандумға қол қойған болатын.

Соған байланысты жүзеге асқан ауқымды жұмыстың бірі - «Лайықты еңбек - мемлекет тұрақтылығының негізі» деген тақырыпта 2018 жылы желтоқсанда Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорыту заводында өткен форум.

Осындай жүйелі бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде ұжымдық еңбек даулары 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 2,5 есе азайды. Жалпы соңғы бес жылда еңбек кикілжіңдері 14 есе төмендеді. Кейде еңбек даулары мен кикілжіңге байланысты мәселені сотқа жеткізбей-ақ шешуге болады.

Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғары соты мен кәсіподақ арасында жасалған меморандумға сәйкес еңбек, әлеуметтік және басқа да дау-дамай мен жанжалдарды шешу үшін өңірлердегі кәсіподақ орталықтарында 17 татуласу орталығы құрылды.

Онда судьялар мен кәсіподақ медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр. 2018 жылдың наурыз айынан бергі аз ғана уақыт ішінде кәсіби медиаторларды, адвокаттар мен кәсіподақ мамандарын тарту арқылы «Татуласу орталықтарында» 2140 процедура өткізілді.

Оның ішінде 980 еңбек дауы оң шешімін тапты. Еңбек ұжымдарында 1700 адам қатысқан 481 ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті.

– Елбасы алқалы жиындарда ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе көбейту, жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы төлеу жөнінде тапсырма бергенін білесіз. Осы мәселені шешуге кәсіподақ қаншалықты атсалысып отыр?

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты бірқатар міндеттерді тапсырған болатын.

Осы орайда еңбек адамының мүддесіне бағытталған елеулі қадамдар жасалды. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы көлемі 1,5 есеге, яғни 42,5 мың теңгеге көтерілді.

Қазір кәсіподақ ұйымдары Федерацияның бастамасымен құрылған табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады.

Ұжымдық келісім-шартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс жалғасуда.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды.

Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді.

Жалақының мөлшерін арттырумен қатар оны уақтылы төлеу мәселесі де - өзекті мәселе. Өткен жылы еліміздегі 577 кәсіпорында 1,5 миллиард теңге еңбекақы қарызы орын алған.

Ол үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жұмыс берушілерге 456 ескерту қағазы беріліп, 74 миллион теңгені құрайтын 344 айып салынды және жыл бойы жұмыс берушілер 1 миллиард теңгеден астам еңбекақы қарызын өтеді. Осы арқылы 10 мыңнан астам адамның заңды құқы қорғалды.

Дегенмен де, алдағы уақыттағы қарыздарды қоса, бүгінде елімізде 2 млрд теңгеге жуық берешек әлі бар. Оның 70 пайыздан астамы банкрот кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі.

Сондықтан «Банкроттық және реабилитация туралы» заңға өзгерістер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отырмыз.

– Қазақстан кәсіподақ ұйымдарының шетелдік әріптестермен байланысы мен қарым-қатынасы қандай? Тәжірибе мен үйрену бағытында барыс-келіс бар шығар?

– Халықаралық ынтымақтастық – кәсіподақтың басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ өкілдері 2018 жылы 32 халықаралық іс-шараға қатысты. Кәсіподақтар федерациясы бір жыл ішінде халықаралық кәсіподақтар ұйымдарымен 10 кездесу өткізіп, Түркия мен Арменияның кәсіподақ бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық түралы келісімдерге қол қойылды.

Биыл да халықаралық байланыс бойынша негізгі бағыттарымызды айқындадық. Маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек-әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуде кәсіподақтардың ролі: даму тәжірибесі мен келешегі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта өтетін халықаралық конференция.

Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналып биылғы наурыз айында Халықаралық Еңбек Қорымен бірге «Өндірістік қарым-қатынас, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық семинар өтеді.

Оған Орталық Азия елдерінен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Беларус, Молдова, Моңғолия мен Түркия мемлекеттері кәсіподақтарының өкілдері қатысады.

Біз Халықаралық Еңбек Ұйымы және халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынасты жалғастыра береміз. Орталық Азиядағы ұлттық кәсіподақ орталықтарымен екіжақты халықаралық ынтымақтастықты қалыптастыру мен дамытуға ерекше мән беріледі.

Қазіргі таңда халықаралық жұмыстардың жаңа, сапалық деңгейіне көтерілу керек. Халықаралық аренада біз бір-бірімізге қолдау көрсететінімізге сенімді болғанымыз жөн. Сонда ғана халықаралық байланыс алға басады.

– «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» деген тақырыпта отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен құқықтанушылардың қатысуымен бірінші рет ғылыми монография шығарған екенсіздер. Бұл да кәсіподақ қозғалысының халықаралық тәжірибесін кеңірек білуге мүмкіндік беретін шығар?

– Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жарық көрген тұңғыш үлкен ғылыми монография. Онда әлемдегі 30 мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары тәжірибесінің қамтылуы еңбектің маңыздылығын арттыра түсті.

Кітапта Қазақстандағы кәсіподақтардың қызметі мен мәртебесіне зерттеу жүргізіліп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасалды.

Басылым авторларының Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ институтын дамыту жөнінде де ұтымды ұсыныстары бар. Кітап Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдары мен оқу орындары үшін үлкен көмекші құрал болады деп сенеміз.

– Біржан Бидайбекұлы, соңғы сұрақ, өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерация мүшелігінен шықты» деп жарыса жазды. Осының анық-қанығын білгіміз келеді?

– Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясының Жарғысына сәйкес, мүшелікті тоқтату немесе мүшеліктен шығу мәселесін шешу оның жоғары органдары – Бас кеңес пен Конгрестің құзыретіне жатады. Бұл мәселені Халықаралық конфедерация өз бетінше шеше алмайды.

Рас, өткен жылдың қараша айында Халықаралық конфедерацияның европалық аймақтық кеңесі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық конфедерацияға мүшелігін тоқтату жөнінде бастама көтерген еді.

Олардың бұл бастамасы бойынша 2018 жылғы 2 желтоқсан күні Халықаралық конфедерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті. Бірақ онда ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Сондықтан бүгінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (International Trade Union Confederation, ITUC) мүшесі болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет.
Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы арасында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетудің үлесін арттыру бойынша іс-жоспар құрылған.

Цифрландыру 1

Оның аясында Департамент және қала әкімдігі тарапынан мобильдік топ жасақталып, Шымкенттегі емханаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын және электронды қызметтердің үлесін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіне бақылау жүргізді.

Тұрғындардың цифрлық сауатын жандандыру бойынша «Damumed», «K-Vrachu.kz» мобильді қосымшалары арқылы электронды қызметтерді алу тәртібі көрсетілген инфографикалар және бейнероликтер көрсету қолға алынған.

Цифрландыру қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға септігін тигізеді, дейді мамандар.

– Тұрғындар департаменттің 51-51-51 сенім телефоны және 8(702) 201-51-51 WhatsApp нөмірі арқылы барлық тәртіп бұзушылық жайлы хабарлай алады, - дейді Департамент басшысы Әли Көмекбаев.

«Барлық емханаларда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылып, оған арнайы қызметкерлер бекітілген», - деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы.

Қазақстанға келіп трансплантологиялық операция жасататын шетелдік азаматтар қатары артты. Шетелдіктер денсаулықтарын нығайтуда, әсіресе, Шымкенттің білікті ақ халаттыларына сенім білдіруде.

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Хирург 2

Жалпы, мегаполистің хирургтары бүйрек алмастыру бойынша 145 және бауыр алмастыру бойынша 19 операцияны сәтті жасады. Осы білікті дәрігерлер көмегіне жүгінгендердің арасында еліміздің ғана емес, басқа мемлекеттердің де азаматтары бар.

– Медициналық туризмді дамыту мақсатында Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада шетелдің 17 азаматына тірі донордың бүйрегін салу операциялары жасалды. Олар – Германия, Канада, Израиль, Румыния азаматтары.

Бүгінгі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Донорлар мен ота жасалғандар амбулаториялық ем алды. Барлық операцияны аурухананың білікті трансплантолог-дәрігерлері жасады, - деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Шетелдік азаматтардың Шымкенттің дәрігерлерінің көмегіне жүгінуі өңіріміздің ғана емес, еліміздің медицина саласындағы негізгі жетістік саналады. Бұған бір себеп - трансплантологиялық операцияларды жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

Мұндағы мамандар да білікті. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді.

– Шетелден келген азаматтар өздерінің донорларымен бірге келеді. Оларға сапалы қызмет көрсетіп жатырмыз. Операция алдында науқастарға түрлі зерттеулер де бізде жүргізіледі. Біздің мақсат – медициналық туризмді дамыту, - дейді қалалық №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абылай Донбай.

Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында бүйрек алмастырып салу операцияларын жасау 2013 жылдан басталды.

Арман СӘДУӘЛІ

БАҒДАРЛАМАСЫ

20190226171921906

15 наурыз-15 сәуір
«Ұлы дала хикаялары». Суретшілердің заманауи өнер туындыларының жылжымалы көрмесі.
Облыстық бейнелеу өнері музейі

18 наурыз
«Наурыз керуен» іс-шарасы (белгіленген бағыт бойынша)
Сағат 11:00-15:00

21 наурыз
1. «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі.
Қошқар ата өзенінің бастауы. Сағат 11:00-15:00
2. «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі (Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай)
Орыс драма театры. Сағат 15:00-де

22 наурыз
1. Мерекелік концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, көпшілік серуендер
Орталық, Абай, Жеңіс, Наурыз (Сайрам тұрғын алабы) саябақтары
2. Ұлттық ат спорты жарыстары
Орталық ипподром. Сағат 10:00-14:00-де
3. «Наурыз көктем – Шымқала!» мерекелік іс-шарасы
Наурыз алаңы. Сағат 12:00 – 15:00
4. Мерекелік концерттік бағдарлама
Наурыз алаңы. Сағат 18:00 – 21:30
5. Мерекелік отшашу
Наурыз алаңы. Сағат 21:30

23-24 наурыз
«Ashyq Aspan» аэронавтика
фестивалі
Орталық ипподром, Сағат 10:00 – 12:30, 18:00 – 20:30

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин агро-индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті.

DSC 9236

Жиында қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков агро-индустриалды аймақ және мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде баяндады.

– Қазіргі таңда агро-индустриалды аймақтың 136 гектар жер учаскесі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміне рәсімделді. Аталған аймақтың сыртқы инфрақұрылымын (электр энергиясы, су, газ, жылу, кәріз желісі) бірінші жарты жылдықта мемлекет тарапынан жүргізіледі.

Яғни инвесторларға инфрақұрылымдары жүргізілген дайын жер учаскелері ұсынылады, - деді басқарма басшысы.
Инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға айналым қаражатына несие алғандарға несиенің пайыздық мөлшерлемесінің – 5%, ал негізгі құралдар алуға, өндіріс құруға алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесінің 10%-на субсидия беріледі.

– Өңірлер әлеуетін пайдалана отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» принципімен, яғни ішкі нарықты қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерімен, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар дайын өнім Ресей, Еуропа елдеріне экспортталмақ, - деді Данат Есболұлы.

Кездесуде кәсіпкерлерге несие немесе субсидия рәсімдеу барысында ешқандай кедергі болмайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ, «бір терезе» қағидасымен 25-сәуірде кәсіркерлерге арналған бизнес-супермаркеті ашылатыны туралы хабарланды.

М.КЕНЖЕБАЙ

Страница 1 из 289