Версия для печати

QazNetEtiquette Қазақстанда этносаралық өшпенділік тілін жеңуге арналған ЭТИКА КОДЕКСІ

Четверг, 03 Ноябрь 2022 10:49 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3343 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Өшпенділік тілі» – нақты бір адамға емес, ортақ белгілері бар адамдар тобына қарата айтылған өшпенді ой-пікір, көзқарас, мәлімдеме. Ол сөз кескін немесе басқа да контент түрінде болуы мүмкін. «Өшпенділік тілі» қандай да бір топтың дініне, ұлтына, азаматтығына, тұрғылықты жеріне, өзгеше көзқарасына және тағы басқа белгілеріне қатысты болады. Ең жиі кездесетіні – этникалық (ұлттық) белгілерге байланысты «өшпенділік тілі».

Өшпенділікті, араздықты әртүрлі тәсілмен көрсетуге болады. Сондықтан да тұтастай бір ұлтты қорлайтын әзіл-қалжыңнан бастап, қырып-жойып, өлтіруге шақыратын, үгіттейтін сөздерге дейін «өшпенділік тіліне» жатады. Кез келген адам агрессор да, құрбан да болуы мүмкін. «Өшпенділік тілі» вирус секілді тез тарайды, жұғады. Онымен қоймай, «өшпенділік тіліне» өшпенділікпен жауап беріледі.

«Өшпенділік тілінің» соңы қантөгіспен аяқталуы мүмкін. Желіде сыйластықты, әдепті қалыптастырсақ, қоғамды барынша мейірімді әрі өркенитетті етуге аз да болса үлес қоса аламыз.

Есіңізде болсын, ең маңыздысы – сөз бостандығы. Дегенмен сөз бостандығы абсолют ұғым емес және оның шегі бар. Өзгелердің өміріне, денсаулығына, құқықтарына қауіп төндірсе, сөз бостандығына шектеу қойылады.

 

МАҢЫЗДЫ

1. Тұтас этникалық топ туралы сыртынан тон пішкен дұрыс емес. Ренжіткен адамға тікелей жауап беруге, тіпті ұрсуыңызға да болады. Бірақ сізді ренжіткен адамның ұлтына тиіспеңіз;

2. Не жазсаңыз да қайталап оқып, нысаныңызды дәлдеп, нақты сол адамға қарата айтып жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Сіздің шамыңызға тиген бір ұлттың барлық өкілі емес, нақты адам(дар) немесе ұйым екенін ұмытпаңыз. Қыр көрсетемін деп ренжіткен адамның ұлтынан шыққан басқа да адамдарға тіл тигізуге болмайды;

3. Ешқашан «олардың барлығына» қандай да бір күш көрсету керек деп айтпаңыз. «Барлығын елден қуып жіберу керек» немесе басқалармен салыстырғанда құқықтарын шектеп, қысым жасау керек деп үгіттемеңіз. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа және дискриминацияға тікелей үндеумен қатар: «Өздері кінәлі», «өздеріне сол керек», «шаңыраққа қарап жүру керек еді», – деп тұспалдап сөйлемеген жөн;

4. Бизнесте, үкіметте, шоу-бизнесте, қалада және тағы да басқа жерлерде нақты бір этнос өкілдері «қаптап кетті» деп айтпаңыз. Егер нақты бір мәселені, тіпті қауіпті көрсеңіз, онда дәл сол оқиға туралы жазыңыз, айтыңыз. Бірақ бірден ұлтын табалап, этносқа қатысты сөз қозғамаңыз;

5. Қандай да бір этностың кемшілігі немесе артықшылығы туралы жазбаңыз. Бес саусақ бірдей емес. Жеке адамға қатысты көзқарасыңызды тұтас ұлтқа таңуға болмайды;

6. Тұтас бір халық туралы: «Олар қылмыс жасауға бейім», «озбыр», «басқыншы» немесе «ата жауымыз», – деп айтуға болмайды;

7. Әлдебір этносты: «Қоғамды бұзып отыр», «іштен ірітіп отыр», «қоғамның тұтастығын бұзып отыр», – деп кінәламаңыз. Егер мәселе көтеретіндей жағдай болса, онда бірден тұтас этносқа қаһарыңызды төкпей, нақты жағдайға қатысты айтыңыз;

8. Қылмыстық кодексте алауыздықты қоздыру туралы бап барын ұмытпаңыз. Этносаралық алауыздықты қоздыру да осыған кіреді. Әрине, кез келген «өшпенділік тілі» – қылмыстық құқықбұзушылық емес. Бірақ «өшпенділік тілінің» бәрі біреудің шамына тиеді, қордалана берсе, ашу-ыза бұрқ етіп сыртқа шығады және соңы қақтығыспен аяқталады;

9. Өзгелердің ұлты туралы жазғанда, сөйлегенде сөздер мен сөз тіркестеріне абай болыңыз. Сөздеріңіз этносты жақтырмайтыныңызды, оларды жек көретініңізді көрсетуі мүмкін, тіпті ондай этностың бар екенін жоққа шығаруы да ғажап емес;

10. Жазғаныңызды балалардың да оқуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Олардың санасында әлдебір этнос туралы әділетсіз, дәйексіз, өшпенді яки жағымсыз ой қалыптасып, оны өз ортасында таратуы мүмкін.

 

ӨЗЕКТІ

1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 174-бабы бойынша, «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сенімiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау» жазаланады. Жаза – айыппұл, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалуы мүмкін.

Жоғарыда аталған әрекеттер әлеуметтік желілерде жасалса да қылмыс болып саналады!

2. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 453-бабында нәсiлдiк және ұлт араздығын қоздыруға бағытталған мәлiметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн тарату заңмен қудаланатыны көрсетілген. Егер әрекетте қылмыс белгілері болмаса, әкімшілік жаза тағайындалады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.