Полиция беделi: ашықтық және қырағылық

Среда, 20 Апрель 2016 08:01 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1635 раз

Жаңадан құрылған  жергілікті  полиция қызметі мамандарының жұмысы қарқын алып келеді. Бекітілген нақты міндеттерді орындау – басты талап. Жол сақшыларының күнделікті құқық бұзушылықты анықтау әрекеттеріне біз де куә болдық. Шымкенттік тәртіп сақшылары алда ауқымды жұмыс атқаруды көздеп отыр.

DSC01405

Тәртiп сақшысына талап ерекше

Полицейлер – қоғам айнасы. Азаматтармен қарым-қатынаста мәмілегершілікті ұстану, тәртіпті сақтауды қадағалау зор жауапкершілік. Үлкен даңғылдардың бойындағы көлік ағынын реттеп, күнделікті тәртіпті қадағалау оңай емес. Көше бойы заулаған көліктер. Жол ережелеріне селқос қарайтын жаяу жүргіншілер де аз емес. Мұндайда жол ережесінің бұзылуы әп-сәтте. Құқық бұзушылыққа қасқайып қарсы тұру, оқиғаны жедел анықтау үшін әуелі қырағылық керек.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы жергілікті полиция қызметінің 6-ы рота, 870-і автоэкипаж қызметкерлері Серік Улияров пен Әділет Көрікбаевтың күнделікті атқаратын жұмыс тәртібімен танысудың сәті түсті. Аға сержант шеніндегі тәртіп сақшыларына жүктелген аумақ – А. Байтұрсынов көшесі, Тәуке хан, Д. Қонаев даңғылы бойы. Яғни, қала тіршілігі нағыз «қайнап» жатқан Әл-Фараби ауданына жауапты.
Қос тәртіп сақшысы да жүктелген абыройлы міндетті түсінеді. Оған қоса кеуделерінде барлық жағдайды бақылайтын бейнежетон бар. Кіммен қалай сөйлестің, не істеп, не қойғаның, бәрі жазулы.
Тәртіпті қадағалау барысында полицейлер Тәуке хан даңғылы мен А. Байтұрсынов көшелерінің бойында алдыңғы терезесіне перде ілген жүргізушілерді тоқтатты. Оларға әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицейлер көлік басқарып отырып телефонмен сөйлесу, белдік тақпау сынды күніне 7-8 құқық бұзушылық тіркелетінін айтады. Ал көлігінің терезесін күңгірттеп алатындардың саны азайған.
Жұмыс барысында орталықтан хабар түсіп, қос полицей «Гарант» сауда үйінің алдында қауіпсіздік белдікті тақпаған азаматты ұстады. «КИА» маркалы көлікті тізгіндеген 1994 жылғы азаматқа Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 593-1 бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Он айлық есептік көрсеткіште. Дегенмен, ол азамат елу пайыздық жеңілдік түбіртегі бойынша жеті күн ішінде 5302 теңге төлеуі тиіс. Егер орындамаған жағдайда он айлық есептік көрсеткіштегі айыппұл өтеуге міндетті.
Бұдан бөлек, қоғамдық көліктерді де қатар бақылау осы азаматтардың құзіретінде. Егер ереже бұзса, автобустың соңғы аялдамасына барып жүргізушіні жауапқа тартады.

DSC01411

А. Байтұрсынов көшесін белгіленбеген орынмен кесіп өтіп бара жатқан елуді еңсерген қала тұрғынына да әкімшілік хаттама толтырылды. Аға сержант Бауыржан Қасымбеков жолды көлденең кесіп өткені үшін оған 5 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салды.
Міне, екі сағаттың ішінде осындай құқық бұзушылық оқиғаларымен бетпе-бет келдік. Жалпы қала бойынша орта есеппен күн сайын жол-көлік ережесін бұзған 150 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылады. Бір байқағанымыз, полицейлер азаматтармен әдепке сай, мәмілегершілікпен сөйлесті. Өйткені, әрбір азаматқа парасаттылық танытуы тиіс.
– Бейнежетон таққалы бері жүргізушілердің көзқарасы өзгере бастағанын байқап жүрміз. Мұндағы бірден-бір мақсат – қызметті таза, әділ атқаруға, әріптестердің беделін көтеруге бағытталып отыр. Күніне қанша адаммен сөйлесеміз. Ашықтық болғаны жүргізушілерге де, бізге де тиімді. Кезекшілікке қызметкерлердің бәрі де осы жетонмен шығады, – дейді аға сержант Әділет Көрікбаев жаңа жүйенің игілігін түсіндіріп.

Жұмыс одан әрi жандана түседi

Жергілікті полиция қызметі мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері полк қызметкерлері жалпы 39851 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған, оның ішінде 5155 – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында, 34696 – жол ережесін бұзғаны үшін.
Жолда жүру тәртібіне мойынсұнғысы келмегендерді талдап айтсақ, мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін – 198, қарама-қарсы бағытқа шыққаны үшін – 45, ұялы телефон қолданғаны үшін – 5026, жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін – 227, жаяу жүргіншінің жол қозғалыс ережесін бұзғаны үшін – 6197, қауіпсіздік белбеуін тақпай көлік басқарғаны үшін – 4823 құқық бұзушылық анықталып отыр.
Сәуір айының 4-6 аралығында өткен «Автобус» іс-шарасы бойынша барлығы 316 әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Бүгінде Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметіне қарасты Жол патрульдік полиция полкінде 124 автокөлік бар, оның ішінде 5-і автоэвакуатор. Биыл қосымша автокөліктер алу жоспарлануда.
Жол патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне АҚШ-та шығарылған 532 дана бейнежетон сатып алынғаны мәлім. Бейнежетондардың негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің азаматтармен қарым қатынаста ашықтығын қамтамасыз ету. Полицейлердің қызмет барысындағы бейнежетондағы жазбалары өшірілмейді, ол қызмет аяқталған соң батареяларын зарядтау үшін арнайы бөлімге өткізілгенде автоматты түрде көшіріліп алынады.
Қаладағы саябақтарда велосипедті ерттеп мінген тәртіп сақшыларын көреміз. Бұл да қоғамдық орынның тыныштығын сақтаудағы жаңалықтың бірі. Бұл мақсатта Шымкент қаласының әкімдігімен тиісті қаражат бөлініп, 10 велосипед алынған.

50 бейнекамера алу жоспарда

Қазір Шымкент қаласының аумағын 242 бейнекамера бақылап тұр. 136 бейнекамера жол қиылыстарында орнатылған, 18-і үйлердің аулаларында, ал 88-і қоғамдық орындарда орналасқан. 2016 жылы қаламызға 50 бейнекамера орнату жоспарланып отыр.
Биыл қалада жалпы жаяу жүргіншілерге арналған 20 жолақ орнату назарда тұр. Жыл басынан бері 3 жаяу жүргінші жолағы қойылды.

«Шымкент қауiпсiз қалаға айналады»

«Заң баршаға ортақ» деген қағидаға сүйеніп, іс қылатын сәт туғандай. Жыл сайын әлеуеті артып, дами түскен Шымкенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де өзекті бола бермек. Бұл ретте полицейлер алдымен жол патрульдік қызметінің талабына мән беріп отыр.
Қоғамда ішкі істер органы қызметкерлері мен қарапайым тұрғындардың өзара жау сезілетін қасаң қағиданы да жоятын сәт келді. «Адамға әуелі талап, ниет керек» десек, жергілікті полицейлер осы кедергіден арылуға күш салмақ ниетте.
– Ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға мән береміз. Біздің қызметкерлер бұл мақсатта күні-түні тыным таппай, дамылсыз жүр. Басты мақсатымыз – Шымкентті қауіпсіз, таза қалаға айналдыру. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп жатқан тұрғындарға айтар алғысым мол. Келешекте де бірлесе жұмыс жасай бермекпіз.
Қала тұрғындары өз кезегінде әлеуметтік желіде жарияланған бейнероликті бөлісіп, тәртіпті нығайту жөніндегі бастамаға қолдау көрсетіп жатыр. Бұл – тұрғындардың тәртіпке, тазалыққа селқос қарамағаны!, – дейді Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан.
Басшының айтқанындай, алда «Жол ережесін сақта!», «Жол бер!», «Мейірімді бол!», т.с.с. бейнероликтер көбейе бермек.
Ниет әрекетке айналары хақ. Тұрғыны миллионға жуықтаған мегаполисте осалдық таныту әсте болмас. Алда ауқымды міндеттер тұр. «Қайратыңды халқыңа жұмса, Біліміңді жалпыға жұмса» деген халық даналығына салсақ, жергілікті тәртіп сақшылары аянбай еңбек ете бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.