Зияткерлікті қорғау зор жауапкершілік

Пятница, 09 Июнь 2017 01:38 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2658 раз

Жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексінің бір өлшемі болып есептелетін зияткерлік меншік құқығын қорғау  еліміз үшін маңызды мәселе.  Зияткерлік меншік құқығын бұзудан келтірілетін залал көлемі бүгінде миллиардтаған теңгені құрайды және бұл санаттағы қылмыс саны да жыл санап өсе түсуде.

Жалпы Әділет министрлігіне әлемдік бәсекелестікке қаблеттілік рейтингінде  маңызды орын алатын негізгі индикаторлар бойынша жұмыс жүргізу міндеттелген болатын. Соның бірі  зияткерлік меншік құқығын қорғау.
Әділет органдарының осы саладағы насихат жұмыстарын жандандыруы және зияткерлік меншік құқығын бұзушылықтарды заң арқылы реттеудің жолға қойылуы бұл саладағы заң бұзушылықтар деңгейін біршама кемітті. Соңғы бес жылдың көлемінде еліміз зияткерлік меншік құқығын қорғау индикаторы бойынша халықаралық рейтингте 69-шы сатыдан көрінді. 
Зияткерлік меншік нысандарын пайдаланушы кәсіпкерлер заңды білмейтіндіктен, оған онша мән бермесе, авторлар өздерінің  авторлық құқықтарын қорғау жайына мән бере қоймайды. Осы орайда, әділет органдары жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізуге үлкен көңіл бөлуде.

Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік Ұйымының мүшесі, сондықтан да зияткерлік еңбек әрбір азаматтың жеке мүліктік құқығы немесе оның жеке меншігі. Қазақстан Республикасының «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңы тауар белгілерін, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.

 Тауар таңбасын пайдаланып, сапасыз өнімдерді өндіру төмендегідей жағдайларға әкеп соғады: заңсыз өнім құқық иегерлері болып табылатын компаниялардың аттарына кір келтіріп,  олардың абыройын түсіреді; осы өнімдерді пайдаланушы адамдардың наразылықтарын тудырып, оларға моральдық зиян келтіреді; адамның денсаулығына, (өміріне) зиян (қауіп) әкелуі мүмкін; құқық бұзушылыққа барған адамдар заң жолымен жазаланады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158 бабына сәйкес,  бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, олармен ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі, тауар шығарылған жер атауы немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, олармен ұқсас белгілемелер заңсыз бейнеленген тауарлар  тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.       

     

Ерқанат Бастанов,
Шымкент қаласы
Абай ауданы Әділет басқармасының бөлім басшысы,
ОҚО заңгерлер одағының мүшесі

Последнее изменение Пятница, 09 Июнь 2017 06:45
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.