«Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту»

Пятница, 17 Март 2017 08:48 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3182 раз

Бүгін біз қазақ мәдениетінің қалыптасу процесінің куәгеріміз және елімізде барлық халықтардың мәдени ынтымақтастығын біріктіретін күш ретінде қазақ мәдениетінің дамуына ықпал ететін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Азаматтардың қазақ тілін игеру деңгейіне қарай мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен енгізу біртіндеп жүзеге асырылуда. Қоғамда, әсіресе, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте,-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл - ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданды. Осы Заңның 4-ші бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу  және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті деп көрсетілген.

Тіл туралы Заң қабылданғаннан бері, оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі  бірқатар қаулылар қабылдады. Атап айтқанда, соның бірі – 1998 жылғы 14 тамызда «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы».

Сонымен қатар, тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да бар. Алайда, қаншама жетілген заңдар, бағдарламалар қабылданғанымен, оны іске асыратын адамдар. Сондықтан әрбір қазақ азаматының бойында өзінің ана тіліне деген құрмет, оның құдіретіне бас июшілік сезімі қалыптаспайынша , қазақ тілінің көсегесін көтеру қиын.

Әр халықтың ана тілі- оның жаны, ұлттық болмыс-бітімінің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы.

Ел тәуелсіздігі –тіл тәуелсіздігі, тіл-ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры демекші, осы бағыттағы болашақтың берік іргетасы бүгін қалануы қажет. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасаумен қатар, мемлекеттік тілде іс жүргізуді де жүйелі қалыптастыру керек. Сонда ғана ана тіліміз өсіп-өркендеп, үлкен мәртебеге ие болады, қазіргі әлемде кең қолданыста жүрген тілдермен терезесі теңеледі.


 

                                                           Бегалиева Нуржамал Кайратовна
                                                            Шымкент қаласы Абай аудандық
                                                            Әділет басқармасының бас маманы
                                                            Заңгерлер одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.