Жемқорлықты жеңудің жолы бар

Пятница, 07 Апрель 2017 11:00 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4027 раз

Оқу жылының басында облысымыздағы білім ордаларының басшылары ашық әкімдік жобасы аясында тағайындала бастады. Сол кезде жұрттың көкейінде «бұл жоба жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түбірімен жоюға жол аша ма?!» деген сауал қалып қойып еді. Осы уақытқа дейін конкурстық комиссия жұмысының негізінде 12 мектеп пен 8 балабақша басшылары тағайындалып үлгерді.

korup 27

КӨП АСҚАНҒА – БІР ТОСҚАН

Алайда, оқу орындарының басшыларын конкурспен тағайындау, сондай-ақ педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру процедураларын жүргізу кезінде, балабақшаларда орындарды үйлестіру кезінде жемқорлық деген жегіқұрт араласуда. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов 2016 жылы агенттікке 317 арыз келіп түскенін, оның 63-і, яғни, 25 %-ы білім саласы бойынша жазылғанын айтады. Күніне жоқ дегенде, 2-3 білім саласына қатысты арыз-шағым түседі екен. Арызданушылардың басым көпшілігі мемлекеттік сатып алу, Еңбек Кодексін бұзу, т.б. теріс қылықтары бойынша шағымданған. 11 адам (4 мектеп, 4 колледж директорлары мен 3 аудандық білім бөлімінің басшылары) – қылмыстық, 5 адам – тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Атап айтар болсақ, Мақтарал ауданындағы Пушкин атындағы орта мектептің, Ордабасы ауданындағы Тәуке хан атындағы орта мектептің, Түркістандағы Мұса атындағы орта мектептің, Леңгір қаласындағы жалпыға арналған орта мектеп директорларының сыбайлас жемқорлыққа жол бергені анықталып, ісі соттан өтіп, бас бостандығынан айырылған. 

Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі мен Шымкент политехникалық колледжінің директорлары да жемқорлыққа жол беру фактісімен ұсталған болатын. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Бұрханов айтып берді. Екі директордың да ісі бойынша сот шешімі шығып, жұмысынан босатылған. Шымкент политехникалық колледжінің директорына 90 млн, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің директорына 12 млн теңге айыппұл салынып, «өмір бойы білім саласында қызмет атқаруға болмайды» деген ұйғарым жасалған. 

Айбек Ақбергенұлы сыбайлас жемқорлыққа қатысты соңғы кезде орын алған жағдайларды кеңінен әңгімеледі. 

ОҚО бойынша 11 адам (4 мектеп, 4 колледж директорлары мен 3 аудандық білім бөлімінің басшылары) – қылмыстық, 5 адам – тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

– Әр азаматтың теріс қылығы қоғамға кері әсер ететінін түсінетін уақыт жетті. «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты 100 жиналыс өткіздік, 1000 мәлімдеме жасадық» деген жарнамалар түк те нәтиже беріп жатқан жоқ. Өйткені, біздің сана-сезіміміз солай қалыптасып кеткен. Әйтпесе, Президенттің пәрменімен қаншама мемлекеттік бағдарлама қабылданып жатыр. Сеніп тапсырған адамның өзі ақша жымқырады немесе тамыр-таныстыққа жол береді. Мемлекеттік орган қызметкерлері мұндай жағымсыз әдеттен аулақ болуы керек, - деді Айбек Ақбергенұлы. 

Оның айтуынша, Білім басқармасында оқу ордаларының басшыларын іріктейтін бір емес, үш конкурстық комиссия құрылған. Оның қайсысы заңды, қайсысы заңсыз?! Біліктілік талаптарына сай келмейтін адамдардың директор болып тағайындалуы бұл жүйеге зерделеу, талдау керектігін қажет етеді. Бұл – бүгінде Білім басқармасындағы ең үлкен проблемалардың бірі. Одан кейін оқу ордаларында әр түрлі жағдайларда ақша жинау, оқытушыларға сыйлық жасау фактілері де күн тәртібіндегі көкейтесті мәселе.

 

АДАМИ ФАКТОР АРАЛАСПАСА...

ОҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Бұрханов агенттік басшысының сөзін құптай отырып, дәйекті пікірін ортаға салды. 

– Негізі, мұғалімдердің өздері сыйлық жинамайды. Біз айта-айта олардың үрейлері ұшқан. Сыйлықты ата-аналардың өздері ұйымдастырады. Білім министрі Е.Сағадиевтің көзқарасы «ата-аналар мектепке көмектесуі керек» дегенге саяды. Мектеп директоры ата-аналардан түскен қаржының жаратылуы туралы арнайы кеңестің алдында жылына 2 рет есеп береді. Ағымдағы жөндеуден бастап ұсақ-түйек жұмыстарына дейін көмектескісі келген ата-аналардың қаржысы мақсатты түрде жұмсалмақ. Бұл туралы арнайы бұйрық та қабылданды, - деді Ержан Мырзаханұлы. 

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева агенттік басшысының өткір сынын оң қабылдап, бұл бағытта кешенді шаралардың жүргізіліп жатқанын хабардар етті. «Білім саласының қызметкері ретінде мұғалімдерге сағат бөліп беру, балабақшаға орналастыру кезінде адами факторлардың орын алатынын мойындаймын» деген қаланың Бас мұғалімі мәселені шешу үшін 4 бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. 

– Шымкент қаласы әкімдігі мен білім бөлімі бірігіп ашық әкімдік құрды. Ол комиссияның құрамында 14 адам бар. Осы 14 адамның жеке әңгімелесуінен кейін 12 мектеп пен 8 балабақша басшысы тағайындалды. 

Енді ата-ана үйде отырып-ақ, ашық әкімдік арқылы баласын балабақшаға орналастыра алады. «Электронды балабақша» жүйесі маусым айынан бастап іске қосылмақ. Бұрын балабақша кезегін 3 жыл күтсе, ендігі 3-ақ аптаның ішінде бөбекжайға орналастыра алады, - дейді Жанат Арысбекқызы. 

Оның айтуынша, білім бөліміне пара беру фактілері бойынша арыздар түскен. Енді ата-аналар балабақшаға balabaqsha.shymkent.edu.kz арқылы, ал мектепке mektep. shymkent.edu.kz электронды жүйесі арқылы ешқандай адами факторсыз тіркей алады. Бұл жүйелердің мақсаты – білім мекемелерін (білім сапасын, материалдық базасы және т.б. мәліметтерді сайттан көру) таңдау мүмкіндігі; ашықтық, әділдік қағидаларын сақтау; халыққа қолжетімділік мүмкіндігін ұсыну, көптеген қажетсіз комиссиялар мен қағазбастылықтың алдын алу.

 

СЫЙЛЫҚ СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСІРМЕСІН

Енді мұғалімдер t-hunter.kz сайты арқылы ашық іріктелмек. Жұмыс іздеп жүрген мұғалімдерге білім бөлімі тарапынан бос орындар shymkent.gov.kz ресми сайтына жарияланады. Әрбір үміткер осы сайт арқылы тиісті кестені толтырып, онлайн тест тапсырады. Тесттен өткен үміткер мекеме басшысы, білім бөлімінің өкілі, мектеп жанынан құрылған қамқоршылық, ата-аналар кеңесі, қоғамдық ұйымның өкілі және БАҚ өкілдерінен құрылған комиссия отырысының әңгімелесу кезеңінен қала әкімдігі жанынан құрылған «Халықтық кеңседе» әр мүшесі электронды түрде дауыс беру арқылы өтеді. 

Комиссия мүшелерінің электронды түрде берген әрбір дауысы веб сайтта көрінеді. Директор ең көп дауыс жинаған үміткерді қорытынды ұсыныстар негізінде жұмысқа қабылдауы тиіс. 

Бүгінгі күнге дейін электронды жүйе бойынша 96 конкурс өткізіліп, 81 қызметкер жұмысқа орналасқан. 

Мұғалімдердің біліктілік категориясын көтеру, мемлекеттік аттестация, есеп тапсыру да электрондық жүйеге өтуде. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу әрекеттері жасалынып жатыр. 

– 2017 жылы Білім бөліміне 56 млрд теңге бөлінген. Балаларға білім беру мен құжат мәселелерінен өзге, біздің бөлімге мектеп асханасының жұмысын үйлестіру де кіріктірілген. Алайда, біздің мамандығымыз аспаз болмағандықтан, қателесуіміз әбден мүмкін. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлық фактілері орын алып жатады. Осы мәселені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шешіп берсе, - дейді Жанат Тәжиева.


P.S. Бұдан былай мемлекеттік қызметте істейтін қай-қайсымызға да жұмыс барысында сыйлық беруге не алуға болмайды. Себебі, Заңға қайшы. Заң талаптарына сәйкес, егер сыйлық алғанымыз анықталса, онда ол сыйлық Мемлекеттік кірістер басқармасына өткізіледі де, қайта өзімізге сатылады. Сатып алғымыз келмесе, аукционға қойылады. Бұрын пара берген адам ғана сотталса, қазір берген де, алған да, арада жүрген де сотталады. Сондықтан бір-бірімізге қиянат жасамайық!

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 11:08
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.