Қазақстандағы алғашқы электронды қылмыстық іс Шымкентте қаралды

Пятница, 19 Январь 2018 04:49 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 316 раз

Жуырда Шымкенттегі Абай ауданында кезекті қылмыстық істің соты қаралды. Оның әдеттегі соттардан ерекшелігі – бұл еліміздегі алғашқы электронды қылмыстық іс болатын.

shymkala 5-4

Қаңтар айының басында Абай аудандық сотына Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен айыпталған сотталушы А-ға қатысты қылмыстық іс электронды түрде келіп түскен-ді.

Іс материалдарында сотталушы А. 2017 жылы 21 желтоқсан күні бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қала тұрғыны А-ның үйіне жасырын кіріп, үй иесінің 30 000 теңге тұратын жылытқышын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Абай аудандық сотында электронды нұсқада түскен осы қылмыстық істі талқылау барысында екі тарап өзара татуласты. Осының негізінде соттың 9 қаңтардағы қаулысымен сотталушы А. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушімен татуласқанына және оған келтірген залалдың орнын толтыруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды және қылмыстық іс жүргізу тоқтатылды.

Осы орайда айта кету керек, 2017 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының кылмыстық-процестік кодексіне қылмыстық сот ісін қағаз және электронды түрде жүргізуге мүмкіндік беретін «Қылмыстық сот ісін жүргізу форматы» 42-1-бабы енгізілген.

Бұл жаңашылдық өз кезегінде қылмыстық істі электронды нысанда жүргізудің тергеу мерзімін қысқартылады. Сондай-ақ материалдарды бұрмалау ықтималдығын азайтып, іс құжаттарына онлайн режимде қол жеткізу мүмкіндігін арттырырады. Материалдық шығынды азайтады, дәлелдемелерді жинау және процестік құжаттарды дайындау рәсімін жеңілдетеді. Мысалы, жоғарыда атап өткен істің 8 демалыс күнін санамағанда сотта небәрі 10 күн ішінде қаралып біткені осыған дәлел болса керек.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.