«Татуластыру рәсімі – келісімге, кешірімге үйретуде» Избранное

Пятница, 23 Февраль 2018 06:41 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 5099 раз

Елімізде Медиация туралы заңның қабылданғанына жеті жылға жуықтады. Дауды шешудің жаңа түрі осы жылдар аралығында қандай нәтиже көрсетті? Дауласушылар мәмілеге келіп, істің татулықпен бітуінің тиімді тұстарын көрді ме? Аймақтардан ашылып жатқан медиация кабинеттерінің жайы және өзге де сауалдар төңірегінде ОҚО сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының судьясы Нұрлан Биболовпен сұхбаттасқан едік.

sudia

– Нұрлан Зұлпыхарұлы, бітімгерлік мәселесі ұлтымыз үшін жат дүние емес екені айқын. Қазіргі таңда, өңірдегі сот медиациясында татуластыру рәсімі қалай жүзеге асуда? 

– Иә, тарихқа шегініс жасасақ, дауды шешудің жаңа түрі деп атап жүрген медиация қызметінің бізге жат емес екенін ұғынамыз. Қазақтың би-шешендерінің көрегенділігі, тапқырлығы деуімізге де болады. Дауласқан екі тараптың уәжін тыңдап, екі жаққа ұтылмайтындай етіп, не болмаса кінәлісін мойындатып ғана қоймай, ортақ мәмілеге шақырып, татуластырып жіберген. Әрі тарихтан кейбір дауларда құн төлетпей, бір-біріне кешірім беруге дейін барған талай оқиғаларды білеміз. Бұл қазақтың ақыл сөзге жүгініп, би-шешеннің шешіміне тоқтағандығын көрсетеді және осы арқылы ел ішінде тыныштық орнағанын байқаймыз. 

Расында дау-дамай жүрген жерде, бірлік-береке де тыныштық та болмайды. Оның үстіне, дау қуған кез-келген адам өзінікін жөн санап, шындықты өз жағынан көретінін ескерсек, кейбір сот істері жылдарға созылады. 

Президент Н. Назарбаевтың саясаты, соңғы жылдардағы сот жүйесіндегі реформалардың түптен келгендегі мақсаты – тараптар дауласуды төмендетіп, сотқа дейін кінәсін түсініп, бітімге келіп, келісімді өз еркімен жасаса деген пайымынан туындаған. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының да түйіні бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуімізде жатыр. 

Ендеше, ата-бабамыздан келе жатқан сара жолды қолдану арқылы қаралып жатқан істер саны аз емес. Мәселен, өткен жылы медиаторлардың көмегімен 3000-ға жуық іс татауласумен аяқталды. Саралай айтар болсақ, 2843 істің ішінде кәсіби медиаторлардың қатысуымен – 900 іс бойынша татуластыру рәсімі жүрді. Қоғамдық медиаторлардың қатысуымен – 639, сот медиациясы – 953, партисипативті (тараптардың қорғаушыларының қатысумен) – 171, татуласу-келісім негізінде (дауласушылар өздері бітімге келіп, келісімдерін сотқа бекітуге келеді) – 181 іс медиаторлардың көмегімен шешілді.
Бүгінгі таңда, дауласушы тараптардың өзі татуласу рәсімінің тиімді екендігін түсіне бастады.

 

– Татуласу рәсімінің тиімді тұстарын айтқанда шығынға батырмай, істі созбалаңға салмай шешілетіндігі жиі айтылады. Сот медиация қызметінде тараптарды бітімге келтіру ісінің басы-қасында жүрген мамансыз. Өзге қандай пайымды тұсын атап өтер едіңіз?

– Бүгінде медиация заңына сүйеніп, мәмілеге келтіретін істердің басым бөлігін неке және отбасылық қатынасынан туындайтын, алимент даулау мәселелері құрауда. Еңбек дауы, кәсіпкерлер және жекеменшік серіктестер арасындағы қарыз өндіру, қызмет көрсету мен тауарды жеткізіп беру бойынша туындаған дауларды медиациямен шешу жиі ұсынылады. Соңғы уақытта татуласу рәсіміне жеке тұлғалардың баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде ар-намысы, қадір-қасиетіне нұқсан келтіргендер арасындағы талап-арыз негізінде дауды шешу де қосылды. 

Жоғарыда атап өткендей, медиация көмегімен шешілген істер уақыт үнемдейді. Сот жүктемесін азайтып, азаматтарды шығынға апармайтыны рас, бірақ ең маңыздысы – дауласушыларды адами тұрғыдан түсінісуге, өзара келісімге келуге, бір-біріне кешіріммен қарауға үйретті. Мысалы, ерлі-зайыптылардың ажырасу ісінде немесе алимент өндіруде тараптар келісе алмай, бір-бірімен қарғи-қабақ болып, соңы жанжал-ұрысқа ұласып жатады. Сөйтеді де бір дау, бір дауды қуады. Дауласушылардың ашу-ызасынан, іштегі қыжылынан кейде артында қаншама адамның тағдыры жатқандығын естен шығарады. Екі адамның келіспеушілігінен жақындары материалдық қана емес, психологиялық тұрғыдан зардап шегіп жатады. Әкесі алиментті өз еркімен төлеп тұрса, ол кезде баласы мен әкесі арасындағы қарым-қатынас сақталады, бұрынғы ерлі-зайыптылардың сыйластығы қалады. 

Бүгінгі таңда, кәсіби не болмаса кәсіби емес медиаторлардың татуластыру рәсімі осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеуге ықпал етуде. 

 

– Қазір медиация қызметіне деген көзқарас қай деңгейде?

– Бұл сауалға жауап бермес бұрын, осы бағытты дамытуда сот жүйесінде қандай жұмыстар атқарылғандығын атап өтсем. Яғни 2011 жылдың қаңтарында Қазақстанда «Медиация туралы» заң қабылданып, тамызда қолданысқа енді. Содан кейін бұл саланы дамыту жұмыстары елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асты.

Бірінші халыққа жаңа заңды түсіндіру-насихат жұмыстары жүрді. Екінші, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс жасап, медиаторларды дайындау жұмыстары, оларды ынталандыру, бағыт-бағдар беру шаралары жүргізілді. Одан кейінгі сатыда медиация кабинеттері ашылды. Республика бойынша алғаш рет Шымкентте «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде медиация кабинеті ашылып, бұл тәжірибе республика көлемінде таратылуының өзі үлкен жетістік.
Өткен жылы сот медиациясында 2843 істің татуласу рәсімімен біткендігін атап өттім. Бұдан бөлек, медиациялық кабинеттерде, сотқа жетпей қанша іс бітімгершілікпен оңды шешімін тауып жатыр. Осы жәйттерге қарап, халықтың бірте-бірте татуласудың тиімді екендігін түсіне бастағандығын байқаймыз.
Дегенмен, кей кездері тараптар өздігінен татуласуға бара алмайды. Көрген зәбірінен шыға алмайды да, ішкі дүниесі, моралды-психологиялық ахуалы бірінші қадам жасауға мүмкіндік бермейді. Осы жағдайда кәсіби не кәсіби емес медиаторлар болсын, бұл мәселені оңтайлы шешуде рөлі күшті. Дауласушы тараптарға істің анық-қанығын саралап, түсіндіріп, тиімді тұстарын жеткізіп, өзара дұрыс шешім қабылдауға жәрдемдеседі.

 

– Медиатордың бойында қандай қасиеттер басым болуы қажет?

– Бұл тұста медиатордың заң тұрғысынан білімі болса, жеткілікті деген ой қате. Ол үшін психолог болу қажет, шешендік қасиетімен өмірлік тәжірибесі астасып жатса, ісінің шебері болары сөзсіз.

 

– Татуласу рәсімін қолдануға болмайтын жағдайлар қандай? 

– Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға медиация рәсімі қолданылмайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
А. КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.