Әкімшілік дауларды реттеудегі, заңнаманың тиімділігі индикаторы

Среда, 28 Февраль 2018 04:04 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3091 раз

Қазақстан тәуелсіздік жылдары қалыптасудың жасампаз жолынан өтіп, бүкіл әлемнің сенімді әрі тұрақты әріптесіне айналды.

Әлемнің бәсекеге аса қабілетті 50 елінің қатарына кірген Қазақстанның алдында бүгінде жаңа стратегиялық мақсат – әлемнің дамыған 30 елдерінің қатарына кіру тұр, ал оған қол жеткізу үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету қажет.

Мемлекетіміздің егемендігін жариялап, тәуелсізідігін қалыптастырған тарихи 26 жыл ішінде Елбасы Қазақстанның жаңа ұлттық заңнамасын қалыптастыру жолында басымдықтарды орната білді. Осы орайда, қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін қолданыстағы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңнамалық актілер қабылданды.

Бүгінгі таңда азаматтық іс жүргізудің қағидалары, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау институттары жетілдіріліп, даулы мәселелерді шешудегі заңнаманың тиімділігі артып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың соттан тыс, дауларды сотқа дейін қорғау және қорғаудың соттағы тәсілдері белгіленді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексімен дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру және одан әрі дамыту мақсатында «Дауларды соттан тыс реттеу» атты жаңа тарау енгізіліп, дауды сотқа дейін реттеу міндеттелді. Бұл дегеніміз, екі тарапты бітімге келтіру сотқа дейінгі міндетті қадам. Жаңа заңда орын алған бұл жаңалық судьялар мен медиаторлар үшін ғана емес, сондай-ақ дау тараптары үшін де өте тиімді.

Татуластыру рәсімін қолдану арқылы заңда дауды бейбіт реттеуге ықпал ету көзделіп отыр. Бітімгершілікке келу арқылы даулардың түйінін тарқатуға бағытталған медиациялық келісімдер мен шарттар жасасу қарастырылған.

Алғаш рет әлемдік тәжірибеде бітімгершілік рәсімдерін жасау құқығы адвокаттардың құзыретіне беріліп, тәжірибеде партисипативтік рәсім арқылы дауларды тараптардың адвокаттары арқылы бітімгершілікке келу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар, дауларды шешудің баламалы тәсілдерінің бірі болып табылатын дауларды соттан тыс шешу жүйесін дамытуға бағытталған ҚР «Төрелік туралы» Заңы қолданысқа енгізілді. Аталған заңда мүліктік дауларға қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тиімділігі, олардың міндеттерінің теңдігі, келісім дербестігі және құпиялылық қағидаты қарастырылған.

Қолданыстағы азаматтық заңнаманың талаптарымен дауды сотқа дейін реттеудің тәртібі де белгіленген.

ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 152, 279 баптарына сәйкес тараптар заңда белгіленген немесе шартпен көзделген негіздерде дауды сотқа дейін реттеудің тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса сот талап қою арызын қайтарады немесе қараусыз қалдырады.

Яғни, жоғарыда келтірілген заң нормаларына сәйкес сот процесінің қатысушылары соттың қарауына наразылық берілгенге дейін дауды реттеу әрекеттерін жасау міндеттілігінде. Дауды сотқа дейін реттеудің ерекшелігіне тоқтала кетсек, бұл даулы мәселені азаматтық істің кез-келген уақытында бітімгершілік келісіммен аяқтау мүмкіндігінде.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13 бабына сәйкес әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Бұл ретте бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау барысында азаматтық істі қарайтын судьяның әрекеті, тараптардың құқықтары мен міндеттері, азаматтық істі қарау тәртібі Азаматтық процессуалдық кодексінде қатаң регламенттеліп, азаматтық істің жария түрде жүргізілуі, апелляциялық және кассациялық тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау мүмкіндігі, сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерінің орындалу міндеттілігі мен мерзімдері белгіленген.

«Заңы мықты мемлекеттің – болашағы мықты». Заңға сүйене билік жүргізілген ел болашағының жарқын болатындығы сөзсіз. Қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіріп, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмей қорғай білу еліміздің Жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, жоғарғы деңгейде дамыған құқықтық мемлекеттердің қатарына кірудің бірден бір жолы деп білеміз.


Гүлнұр Адилханова,
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық
Әділет басқармасының инспектор іс-тіркеушісі,
«Заңгерлер Одағы»РҚБ мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.