БОЛАШАҚТЫҢ БАҒЫТ-БАҒДАРЫ

Вторник, 20 Март 2018 17:44 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2535 раз

Елбасының биылғы Жолдауы ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы жедел жүзеге асуы тиіс 10 жаңа міндетті белгілеп, алға қойылған мақсатымен ерекшеленеді.

Мемлекет басшысы цифрлық дәуірден қалмау қажеттігіне баса назар аударып отыр. Президент атап кеткен он негізгі басымдықтың түйіні, ол - цифрлық дәуірдің болатыны.

Әсіресе, Жолдауда Президент қоғам өмірінің түрлі салаларына ІТ технологияларын тереңдей енгізіп, инфрақұрылымдық нысандарды басқарудағы интеллектуалды жүйелер мәселелеріне, цифрлық білім беру, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекеттің дамуының айқын бағыттарын анықтаған.

Яғни, мемлекеттік басқару болсын, экономика, білім, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіп, өндіріс - барлығында теxнологиялардың басымдығы болады деген сөз.

Қазіргі кезде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Әлем елдері цифрлық теxнологияларға бет алды.

Мен ақпараттық теxнологияларды мемлекеттік басқару саласына енгізу мәселесіне баса назар аударғым келеді.

Президент «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

Бұл өз кезегінде, халықтың пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда xалықтың пікірі ескеріледі. Мәселен, біздегі электронды үкімет - цифрлық дәуірдің бір көрінісі. Қазіргі кезде біз анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы аламыз. Бұл жағдай, мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық технологияларға ауысып жатқанын көрсетеді.

Соның нәтижесінде цифрлық технологияны дамыту мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруда өз нәтижесін береді.

 Ал «Электронды үкімет порталы» арқылы министрлерге сұрақ қойып, сан алуан мәселелерді талқылаймыз, жауаптар аламыз.

Бұдан бөлек, цифрлық теxнологиялар халықтың уақыты мен қаражатын үнемдейтін, биліктің ашықтығы мен қолжетімділігіне жетелейді, яғни қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етеді.

Бұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді.  Цифрлық теxнологияларды енгізу саласындағы шаралар ары қарай жалғаса береді.

Жолдауда айтылған тағы бір мәселе-ол жемқорлық. Елбасының «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді»,-деген сөзі жемқорлықпен күрестің нәтижесіз еместігін көрсетеді.

Жемқорлық қоғамды кері тартатын құбылыс болғандықтан, жемқорлықтың алдын алуға қоғам болып күрес жүргізу жалпыға ортақ іс деп білемін.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Президенттің әр Жолдауы-әрбір қазақстандық үшін болашақтың бағыт-бағдары.

 

ОҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары,
«Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ ОҚОФ-ның мүшесі
Салтанат Нуримбетова

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.