ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН

Вторник, 20 Март 2018 17:47 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 228 раз

Отбасы – мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. Оған «Отан-отбасынан басталады» деген сөз дәлел.

Соңғы үш жылдың статистикалық деректеріне сүйенсек, Оңтүстік Қазақтан облысында қиылған неке саны- 64607 болса,  бұзылған неке саны- 15 765, демек отбасын құру мен ажырасудың ара қатынасы 4:1 немесе 24 пайыз болады, бұл әр төрт некенің біреуі бұзылады деген сөз.

Өкінішке орай, бұзылған неке саны жылдан жылға артып келеді. Бұл көңіл көншітерлік жағдай емес екені анық.

Мысалы, 2015 жылы бұл көрсеткіш 5110  болса, 2017 жылы 355-ке артып, 5465-ке жеткен.

«Үйлену оңай, үй болу қиын»,- деп бабаларымыз бекер айтпаған.  Иә, үйлену қашанда оңай. Ал үй болу ше? Шын мәнінде үй болу неге қиын? Бұл қоғам алдындағы жауапкершілік. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың көбі осы бір жауапкершілікке немқұрайлы қарап кеткендей сезіледі.

Жалпы алғанда, қазіргі жастар «неке», «отбасы» институтына оңай қарайтын сияқты: қыздардың пікірінше әйел міндеті - «бала туып беру, үйді таза ұстап, тамақты, киімді  уақытылы әзірлеп отыру», ер жігіттердің пікірінше «жұмыс істеп, ақша тапсам болды».

Неке бұзуға өтініш білдірген азаматтардың басым бөлігі жастар, отбасын құрып некеде бар-жоғы 2-5 жыл  тұрғандар.

Некелескен жастардың бір-бірімен тіл табыса алмай, мінез құлықтарының жараспай, өмірге деген көзқарастары сәйкес келмей ажырасып кетуіне не себеп?

Бұл ретте, жастардың отбасы кұндылықтарына жете назар аудармайтыны байқалады.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап, халқымыздың рухани байлықтарының бірі - отбасы құндылықтары екеніне назар аударды.

«От­басы-Қазақстан қоғамы­ның дің­гегі, экономикадағы, мәдениет­тегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәсе­ленің біздің қоғам үшін маңы­зын көрсетіп берді.

Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы­­ның кепілі. Әр бала атаның қаны­­мен, ананың сүтімен келетін туабітті қа­сиеттер сияқты ұлттық рухани құн­дылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық», - деп атап өтті.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес неке екі жолмен: ортақ кәмелетке толмаған және/немесе ортақ мүлкі бар ерлі-зайыптылардың некесі сот арқылы, басқа жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына жүгіну арқылы бұзылады.

Облысымызда 2015-2017 жылдар аралығында бұзылған некенің 13553-і немесе 86 пайызы сот арқылы бұзылған.

Өкініштісі сол, 13 мыңнан астам отбасының балалары толық отбасыда өмір сүру мүмкіншілігінен айырылып отыр.

Бұл өз кезегінде баланың әкесіз немесе анасыз өсуіне әкеледі, оның тәрбиесіне, тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына кері әсерін тигізері сөзсіз.

 Ал әке-шешесіз өскен жас ұрпақтың кейінгі тағдыры не болмақ?

Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

Ата – асқар тау, Ана – бауырдағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ- деп ата – ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.

Отбасындағы адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те шын ықылас пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.

Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған.

Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата – ананың міндеті болып табылады.

Бұл міндетті жүзеге асырудың бірден-бір негізі баланың сыйластық пен ауызбіршілік мекендеген толық отбасында өсіп, жетілуі, тәрбие алуы.

Облысымызда отбасын сақтап қалу, нығайту мақсатында «Жас отбасы клубтары» ашылып, жұмыс жасауда.

Клубтардың басты мақсаты-ерлі-зайыптылардың және ата-ананың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, отбасын сақтау және нығайту, балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілік мәселелерін насихаттау.

Бүгінгі бала ертеңгі ата-ана. Сондықтан, баланың жарқын болашағы үшін мемлекет пен ата-ана бірге қызмет жасау қажет. Некеге тұрмас бұрын қызымызға және ұлымызға некемен бірге келетін жауапкершілікті түсіндіруіміз, сезіндіруіміз керек, тандаған өмірлік жарымен қиыншылықтарға еш мойымай,  өмірлік аласапырандардан қол ұстасып бірге өту, кешірімді болу, бірін-бірі сыйлау, бағалау, бірге мақсат қойып, соған жете білу, ата-бабалардың өсиетін орындау, нақыл сөздерге құлақ асу секілді білімдерді жеткізуіміз керек. 

Отбасылық дауларда бір жақты болмай, объективті болуға, жастарға қиын кезеңнен ешбір шығынсыз өтуге психологтардың көмегін қоса алғанда, барынша көмек көрсетуге ұмтылуымыз керек.

Жазушы М.Әуезовтің  «Ел боламын десең бесігіңді түзе», - деген сөзін естен шығармай, тіпті, мектеп қабырғасында жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтар, отбасы мүшелерінің міндеттері туралы, қиыншылықтарға қарсы тұруға байланысты, жастарды болашақ ерлі-зайыптылар, ата-ана болуға дайындауға бағытталған   оқыту сағаттарын енгізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынар едім.

 

ОҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары,
«Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ ОҚОФ-ның мүшесі
Салтанат Нуримбетова

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.