АЛАЯҚТАРҒА ЖЕМ БОЛМАУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Вторник, 03 Апрель 2018 06:04 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3525 раз

Бүгінде «заманың түлкі болса тазы боп шал» деген мақалды терісінен түсініп, қолдан келіп тұрғанда қонышынан басушылар көбейді. Олар негізінен қарапайым халықтың сеніміне кіріп, алаяқтық амалын іске асырады. Мұндай жайт, әсіресе, жылжымайтын мүлік, яғни баспана мәселесінде ушығып тұр. Өйткені, «үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, көптеген отбасылардың ең әлсіз тұсы да осы баспанаға тікелей байланысты болып жатады. Соның салдарынан зардап шегушілер қатары жылдан жылға артып келеді.

novye-pravila-pereregistratsii

Бір қарағанда сатып алушы баспана сатып алу барысында заңнамада көрсетілген барлық тәртіпті сақтап, мүмкіндігінше сақ болуға тырысады. Бірақ, соңында екеуара түзілген келісім-шарт қолдан жасалған болып шығады немесе үй иесі алдап кетеді. Мұндай жағдайда сатып алушы қатты күйзеліске ұшырайтыны анық. Себебі, ол бұл баспанасына өмір бойы тірнектеп жиған қаражатын салатыны айпаса да түсінікті. Алаяқтар қулықтарын қалай іске асырады? Алдымен олар пәтерді сатады. Сосын жүйке ауруына шалдыққан науқас ретінде сотта естерін білмеген адам сияқты жаңылысады. Жәбірленуші үшін пәтер иесі оны сату барысында өз іс-әрекетіне дұрыс баға бере алатын күйде болғанын, келісім-шарттың мәнін толықтай түсініп, өз еркімен әрекет жасағанын, ешқандай да қысымның болмағанын дәлелдеу мүмкін емес. Әдетте, мұндай жағдайда сот пәтерді бұрынғы иесіне қайтару туралы шешім шығарады. Жарайды, жалғандықпен өрілген сценарий осылай-ақ болсын. Алайда, сатып алушының берген ақшасы иесіне қайтарылуы тиіс емес пе? Міне, дәл осы кезде борышкер із-түссіз жоғалып үлгереді немесе сот дауы ұзақ уақытқа созылып кетеді. Алданғандар ақшасын қайтарып алу үшін көп уақыттарын жоғалтады. Жүйкеге салмақ түсіріп, денсаулығына зақым келуі, ал зардабы - отбасыдағы тыныштықты бұзып, берекесін қашыруы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Осы олқылықтың барлығы сатып алу-сату шарттарын қарапайым, жазбаша түрде жасау салдарынан болады.

statia-notarius

Алаяқтардың құрған қақпанына түспес үшін не істеу керек? Әрине, нотариаттық кеңсенің қызметіне жүгініп, келісім-шарт мәмілелерін нотариус арқылы жүзеге асыру қажет. Осы кезде ғана алаяқтың арбауынан сақтануға болады. Себебі, нотариус заңсыз әрекеттерге бармайды. Оған жол берген жағдайда заңда көзделген қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік, материалдық және өзге де жауапкершіліктерге тартылады. Сонымен қатар, нотариус келісімді куәландыру барысында мемлекеттік-ақпараттық жүйелерге жүгіне отырып, қажетті ақпаратты жан-жақты тексереді, тараптардың келісім-шарт нәтижелерін толықтай түсініп отырғандарына көз жеткізеді. Егер келісімге қатысушылардың бірінің психикалық жағдайы күмән туғызар болса, онда нотариус тиісті медициналық мекемеден анықтама сұрата алады. Нотариуспен нотариаттық нысанда куәландырылған кез келген құжатты даулау қиынға соғады.

Нотариус сонымен бірге мәміленің заңды салдарын жан-жақты түсіндіреді, жалған немесе қулықпен жасалған мәмілелер басқа меншік иелерінің құқықтарын бұзатындықтан, оны сот жарамсыз деп тани алатынын ескертеді. Егер мәмілені нотариус жалған деп санаса, оны куәландырудан бас тарта алады.

Сол себепті, қандай да бір жылжымайтын мүлікті сатып аларда нотариустың қатысуы заңды құбылыс және қауіпсіз. Тіпті, міндетті нотариаттық куәландыру талап етілмеген жағдайда да азаматтарға нотариустың қызметіне жүгінген жөн. Әрине, ол үшін төленуі тиіс бекітілген қаражат көлмемі болады. Есесіне, ғұмыр бойы жинаған қаражатыңыздан айырылып қалу қаупінен арыласыз. Сонда ғана алаяқтарға жем болудың алдын алуға болады. Жылжымайтын мүлік сатып алушы әрбір азамат осы тәртіпті қатаң сақтар болса, алаяқтар да айылын жиып, қоғам олардан тазарары анық. Демек, қоғамдағы алаяқтарды көбейтетін де, жоятын да өзіміз, өзіміздің заңды іс-әрекеттеріміз.

НУРГУЛЬ ДЖАНИЗАКОВА,

жеке нотариус 

Последнее изменение Вторник, 03 Апрель 2018 08:53
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.