Тегін заңгерлік көмек қандай жағдайда көрсетіледі?

Пятница, 15 Июнь 2018 04:03 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 232 раз

Сақ болмасаңыз алаяқтың арбауына оңай түсетін бүгінгідей заманда құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Ол үшін білікті заң көмегін алуға айрықша мән берген жөн. Бұл құқық Конституциямен көзделген. 

Ал, мұның құқықтық мехнизмін анықтап, іске асыру мақсатында 2013 жылдың 13-шілдесінде «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заң қабылданған-ды. Осы заң негізінде мемлекет тарапынан төмендегідей заң көмегін көрсетуге кепілдік берген: құқықтық ақпарат пен консультация беру; жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық ізге түсу органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау; жеке сот орындаушыларының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңында көзделген тәртіппен мәжбүрлеу шараларын қолдануы түрінде көрсетіледі. Мұндай заң көмегін өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар мен жеке сот орындаушылар көрсетеді және бұл мүмкіндікті пайдалануға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқы бар.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін заң көмегінің басым бөлігі адвокаттар арқылы жүзеге асырылады. Тарқатып айтар болсақ, адвокаттар сотта асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгедей зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істер қаралған кезде жәбірленушілерге құқықтық жәрдем береді. Сондай-ақ, алименттер өндіру, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға заң көмегін тегін көрсетеді. Осындай көмек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, І және ІІ топтардағы мүгедектерге, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын азаматтарға көрсетіледі. 
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін адам да адвокатқа жүгіну арқылы тегін заң көмегін алуына болады. Әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемістіктеріне орай өзін қорғау құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын болса немесе іс жүргізіліп жатқан тілді білмесе, сондай-ақ, кәмелетке толмаған адам болған жағдайда және қылмыстық процессте оларға тегін адвокат беріледі. Заң көмегі аясында қорғалушы қорғануға байланысты қаралған барлық құқықтар мен мүмкіндіктерді толығымен пайдалана алады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 438 адвокат қызмет атқаруда. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаментімен биыл 283 адвокатпен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасалынған. 2018 жылдың 3 айында адвокаттармен 4484 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. Тегін адвокаттардың тізімі әділет департаментінің www.adilet.gov.kz сайтында жарияланған.
Нотариустар арқылы көрсетілетін көмекке келер болсам, нотариаттық іс-әрекеттер жасағаны үшін еліміздің Салық кодексінде белгіленген ставкалар бойынша мемлекеттік баж және «Нотариат туралы» заңының 30-1 бабымен белгіленген мөлшерде техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызметтер көрсеткені үшін төлемақы алынады. Ал, төмендегі топқа жататын азаматтар, яғни Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілгендер,  Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдармен наградталғандар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедек жан, мүгедек баланың ата-анасының бірі, «Батыр Ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар, қорғаншылық тағайындалған созылмалы жүйке ауруымен ауыратын жеке тұлғалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер босатылады. Бұл аталған азаматтарға нотариустармен техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызметтер тегін көрсетіледі.
Жеке сот орындаушылардың борышкерді іздестіруге байланысты үш және одан көп ай берешек болған, борышкердің тұрақты кірісінің, жұмыс орнының және өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі болмаған кезде алименттерді, өндіріп алуды қолдануға болатын ақша және мүлкі болмаған кезде жалақыны өндіріп алу туралы істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда жеке сот орындаушылардың қызметіне бюджеттен ақы төленеді.
 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментіне жеке сот орындаушылардың қызметіне республикалық бюджеттен 15 695 000 теңге бөлініп, оның 7 816 705 теңгесі игерілген. 50 сот орындаушылардың 389 атқарушылық іс бойынша ақысы төленген. Ал, 2018 жылы жеке сот орындаушылардың қызметіне республикалық бюджеттен 160 786 000 теңге бөлінген.

           НЕГИНА КЛЫШПАЕВА,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Әділет департаменті бөлімінің басшысы,

«Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ-нің мүшесі  

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.