Билердің жолы жаңғырса немесе Дауды сотқа дейін шешудің жолы Избранное

Пятница, 29 Июнь 2018 04:27 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4076 раз

Даулар - кез келген қоғамға тән құбылыс десек, сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай? Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас бар. Дегенмен, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Оның үстіне бірін-бірі танитын адамдар арасындағы жағдайлар да жоқ емес. Осы орайда еліміздің соттарында дауларды сотқа дейін жеткізбей шешу жолы қолға алынған.

DSC 4341

Бұл жоба алғаш рет Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында қолданылған болатын. Бүгінде даулы мәселелерді сотқа дейін жеткізбеу жобасы Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық сотында жүзеге асырылуда. Осыған орай қала бойынша алғаш рет аудандық сот ғимаратынан «Татуластыру» және «Ақпарат орталығы» бөлмелері ашылды. Кәсіби медиаторлар мен адвокаттардан құралған арнайы мамандар тобы енді Қаратау адандық сотында отырады. Ашықтық пен жариялылықты ту еткен сот мамандары осылайша халықтың талап-арызын оң шешуді жеделдетпек.

DSC 4359

Салтанатты іс-шараға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Түгел Бегімбетов те қатысты. Төраға Түркістан облысы мен Шымкент қаласында ең алғашқы болып цифрландыру жүйесін және медиациялық қызмет түрін ұсынған Қаратау аудандық сотының төрағасына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Төраға бұл қолға алынған жобаның Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асырылып отырғанын айтып, бұрынғы билердің ісін сот жүйесіне енгізу деп бағалады.
Айта кетейік, Шымкентте бүгінде 8 базалық сот бар. Оның тең жартысы арнайы мамандандырылған соттар болса, қалғаны төртеуі 4 ауданға тиесілі. Күні кеше Қаратау аудандық сотында облыстық сот төрағасының бұйрығымен құрылған пилоттық жоба аясында «Татуластыру бөлмесі» мен «Фронт-офис» бөлімшелері салтанатты түрде ашылды. Жаңа қызметтің ерекшелігі – тараптарды татуластыру және ақпараттандыру.
Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманбердінің айтуынша, жыл басынан бері азаматтық істер бойынша 1922 талап-арыз келіп түскен. Оның ішінде 1718 іс қаралып, 803 іске қатысты сот шешімі шыққан. Ал медиация тәртібімен 107 іс аясында тараптар өзара бітірмгерлікке келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тұрақты.
–Азаматтық істер саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда сол деңгейде. Тек қана бұйрықтық өндіріс бойынша істердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайған. Ал қылмыстық істерге тоқталсақ, биыл екі есеге артып отыр. Қазіргі таңда бізге 194 іс түскен. Оның ішінде 174 іс аяқталса, 81-іне үкім шығарылған. Медиациямен 68 іс шешілді, - деді аудандық соттың төрағасы.
Халықты әуре-сарсаңға салдырмай шешілетін жұмыстар мен жаңалықтар аудандық сотта жетіп артылады. Соның бірі сот кабинеті арқылы жүзеге асырылуда. Яғни, тұрғындар үйінде отырып, ғаламтор арқылы облыстық соттың сайтындағы сот кабинетінде талап-арыз қалдыруларына мүмкіндік қарастырылған. Ал сот отырыстары түгелдей аудио және бейне таспаларға түсіріліп, сақталады.
Сонымен қатар, медиация сотқа талап-арыздар түскен күннен бастап тараптар сотқа шақырылады. Сот төрағасы Ермахан Рахманбердінің айтуынша, Германия сынды өркениетті елдердегі соттағы істердің басым бөлігі медиациялық тәртіппен шешіледі. Кезінде жер мен жесір дауын шеше білген алқа билердің жаңарған қызметі кәсіби медиаторлардың көмегімен 2014 жылдан бастап шешімін тауып келеді.
–Қазіргі таңда «Қазақстандық медиаторлар палатасы қоғамдық» бірлестігінде 28 кәсіби медиатор бар. 10 мыңнан аса азамат біздің көмегімізге жүгінді. Біздің мақсат – қос тарапты бітімгерлікке шақыру, татуластыру. Мүмкіндігінше азаматтардың дауды баламалы, ерікті түрде шешкені дұрыс. Қаратау аудандық сотынан ашылып жатқан бөлмелер медиаторларға үлкен жауапкершілік артып отыр. Енді соттасушы тараптар өзара келісімге келіп, іс насырға шаппай, бітімге келеді деген сенімдемін, - дейді «Қазақстандық медиаторлар палатасы» бірлестігінің жетекшісі Эльмира Есімбетова.
Айта кетейік, сотқа дейінгі татуластыру жобасы Шымкенттің басқа соттарында қарастырылуда. Мысалы, Еңбекші аудандық соты.
–Бүгінгі таңда сотқа дейін қаралып жатқан осындай істер жеткілікті. Осы мәселелер бойынша жақында Еңбекші аудандық сотында бір судьяны жауапты еттік. Алдағы уақытта сот ғимаратында фронт-офис кабинетін қарастырып, арнайы құрылғылармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Еңбекші аудандық сотының төрағасы А.Сұлтанов. - Бұзылған құқығын қорғағысы келген азаматтар сотқа жүгінеді. Дау бір күнде шешіліп жатса азамат адвокатқа артық қаржы жұмсамайды және уақытын үнемдейді. Алдағы уақытта жоба толық жүзеге асатын болса, біріншіден, дау ұзаққа созылмайды. Екіншіден, азаматтардың қаржысы үнемделеді. Себебі сараптама тағайындау бойынша азаматтық істерде белгілі бір сомада баж салығы төленеді.
Сот өкілдері осы тұста медиацияның тиімділігін де айтып отыр. Егер екі тарап бітімге келсе, екі жаққа да сот шешімі әділ болып есептеледі. Егер мәселе медиация жолымен шешілмей, әрі қарай сотта жалғасып жатса, мемлекеттік баж төленеді, тараптар сот шығынын өтейді, заңгер жалдайды.

Статистика сөйлесе

Статистика бойынша 2017 жылы қылмысты істер бойынша 12 істе екі тарап медиация тәртібімен бітімгершілікке келсе, 2018 жылы бүгінгі таңға дейін 62 іс тараптардың татуласуымен қысқарған. Былтырдың қорытындысы бойынша 77 азаматтық іс медияция тәртібімен аяқталса, 2018 жылдың басынан бүгінге дейін 75 істің қатысушылары сотқа дейін татуласқан. Ал Еңбекші аудандық сотында жыл басынан бері 1039 сот шешімі шықса, соның 10%-ы медиацияға қатысты. Бүгінгі таңда Астана қаласы мен Семей облысында және Шымкенттегі Қаратау аудандық сотында жүзеге асырылап жатқан пилоттық жобаның нәтижесінде істердің тең жартысы медиация тәртібімен шешілген. Болашақта мұндай пилоттық жобаны еліміздің барлық аудандарында жүзеге асыру көзделіп отыр.
–Биылдың соңына дейін осы жоба аясында Еңбекші аудандық сотының ғимаратының бірінші қабатында фронт-офис ашуды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса сот ғимаратында күту мен медия, ақпараттық залдарын қайта жабдықтап, азаматтарға қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Қызмет алуға байланысты сот залдары, сонымен қатар анықтама алу, медиация, кеңсеге құжаттарды өткізу, қабылдау күндерімен танысу сынды мүмкіндіктер қолжетімді болады, - дейді Айдос Едігеұлы.

Әр іске өз маманы араласса

сот

–Тағы бір айта кетерім, азаматтық болсын, қылмысты істер болсын - сот отырыстарына тек арнайы лицензиясы бар қорғаушылар (адвокат) ордерімен қатысуы қажет, - дейді Еңбекші аудандық сотының төрағасы. - Өйткені көп жағдайда сенімхат негізінде өкіл болып қатысатын тұлғалар өзіне сенім білдірген іске қатысушыларға дұрыс бағыт-бағдар бермей, халық арасында соттың абыройына нұқсан келтіретін пікір туындатып отыр. Арнайы лицензиясы бар қорғаушылардың заңгерлік кәсіби білім деңгейі жоғары, тағылымдамадан өткен және мемлекетке салық төлейді. Оларға әділет министрлігі мен адвокаттар алқасынан міндеттер жүктелген, жауапкершілік қарастырылған. Сенімхат негізінде өкіл боп іске қатысушы тұлғалар көп жағдайларда еңбектеріне ақы төленгенімен, мемлекетке салық төлемейді. Қандай да бір міндеттер жүктелмей, жауапкершіліктері қарастырылмаған. Жауапкершілігі болмаған заңды өкіл азаматқа жақсы қорғаушы болады деп айта алмаймын. Сот шешімімен келіспесе, азаматтарды сотқа айдап салатыны тағы бар. Нәтижесінде азаматтар мен сот арасындағы түсініспеушілік кездесіп қалады.
...Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі – ұлттық сана мен болмысқа қайта оралу. Бүгінгі көтерілген өзара татуласу, ауыл-үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де осы рухани жаңғырудың бір тармағы болса керек. Сондықтан дауласуды болдырмау мақсатында «бір жағадан - бас, бір жеңнен қол шығарып», келеңсіздікпен жаппай күресетін кез келген сияқты.

Дайындағандар
Азамат ЖАППАР
Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.