«Ақылды» камералар алысқа жібермейді Избранное

Пятница, 13 Июль 2018 03:16 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3473 раз

479 камера...

Интегра-2

Шымкент қаласында жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 130-дан астам қылмыс ашылды. Бүгінгі таңда қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жедел басқару орталығында 479 бейне-бақылау камерасы бар. Олар қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын көшелерге орнатылған. Сондай қоғамдық орында қандай да бір қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық бола қалса, полиция инспекторлары сол маңдағы бейне-бақылау камералары арқылы, бақылап, қылмысқа күдікті немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны және автокөлікті анықтай алады. Бұл мәліметтер ары қарай күдіктіні ұстау үшін жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы автокөліктегі экипаж құрамына жіберіледі. Одан кейінгі әрекет белгілі – ұсталған азамат оқиға орын алған ауданға қарасты полиция бөліміне жеткізіледі, әкімшілік құқық бұзушылық жасау әрекеті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері хаттама толтырады.

...134 қылмыс

Сонымен, 2018 жылдың 6 айында жедел басқару орталығына қарасты бейне-бақылау камераларының көмегімен жалпы саны 134 қылмыс ашылған. Оның ішінде 76 ұрлық, 5 автокөлік ұрлығы, 15 тонау, 8 бұзақылық және 4 заңсыз қару сақтау жайты бар.
Айта кетейік, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тарапынан «нөлдік төзбеушілік» қағидасы бойынша да үнемі алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар мегаполистегі қозғалысы ең көп саналатын 21 қиылысқа орналастырылған «Интегра» интеллектуалды жүйесінің де пайдасы көп. Бұл жүйенің бейнекамералары жол жүру ережесін бұзған автокөлікті автоматты түрде анықтайды. Мысалы, иесі жалған мемлекеттік белгі тағып жүрген автокөліктерді анықтауда көмек береді. Соның нәтижесінде әртүрлі сипаттағы 385 автокөлік анықталып, иелеріне қатысты заңды шешімдер қабылданған.
Жарты жылда қоғамдық орындардағы бейне-бақылау камералары арқылы 27 мың әкімшілік құқық бұзушылық та анықталған. Соның 15 мыңы жол жүру ережесін бұзуға қатысты. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 2026 азамат әкімшілік жауапқа тартылса, қоғамдық орындағы тәртіпсіздігі үшін – 1112 азамат, көпшілік орында алкогольді ішімдік ішкені үшін 1766 адам жауапқа тартылған.

...227 млн теңге айыппұл

Тағы да сол жыл басынан бергі есеп бойынша облыстық ішкі істер департаментінің өңдеу орталығы арқылы жол қозғалысы ережесін бұзудың 41026 фактісі анықталды. Бұл құқық бұзушылықтарды әкімшілік полиция басқармасына қарасты процессинг орталығының автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары тіркеген.
Соның ішінде айыппұл төлеу туралы 29267 ұйғарым тіркеліп, құқық бұзушылардың мекенжайына жіберілді. Нәтижесінде 227 млн 800 мың теңгеден астам қаржы облыстық бюджетке өндірілген. Бұған қоса Шымкент қаласында орнатылған, жол қозғалысын автоматты түрде тіркейтін «RedSpeed» базасына тіркелген басқа облыстардың автокөліктері туралы мәлімет сол өңірлерге апта сайын жолдануда.
Бүгінгі таңда соңы ауыр жағдайға, кісі өліміне соқтыратын оқиғалар мен жылдамдықты асыру фактілерін болдырмау мақсатында Шымкент қаласының көшелеріне жылдамдықты өлшейтін 21 құрал орнатылған. Сонымен қатар көше қиылыстарында 21 бейне-бақылау камерасы және жол қозғалысын бақылайтын 6 «Крис П» жүйесі үздіксіз жұмыс істеуде. Ендеше, жолға шыққанда мұқият болыңыз!

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:40
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.