Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам Избранное

Среда, 29 Август 2018 05:32 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4510 раз

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – тәуелсіздікті аңсаған әр қазақтың көз жасына ерік беріп қуанған күні. Конституция – қоғамдық құндылықтарды алтын арқауға айналдырып, мемлекет билігінің бастауына айналған Ата Заң. Мереке қарсаңында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, ҰҚК-нің зейнеттегі полковнигі Марат Тамабаевты әңгімеге тарттық.

DSC 0815

 

– Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Сол 1995 жылғы ҚР Конституциясы қабылданған кездегі әсер есіңізде ме?
– Әрине, ол кездегі қуаныш ұмытылмайды! Біздің ата-бабамыз аштықты да, қан майданды да, бодандықты да көрді. Бірақ, еркіндікті әрқашан аңсап келген. Бұрынғы Кеңес одағының да өз Конституциясы болды, қазіргімен үндес. Алайда, еліміздің егемендігін айғақтайтын, айшықтай көрсететін өз Ата Заңы болуы біздің халықтың мерейін тасытты. Марқұм әкем Сәрсек Тамабаев 1941жылдан 1945 жылға дейін от пен оқтың арасында жүрген. Аштық жылдарын да көрген кісілер еді. Анам Әмида екеуі үшін одан бергі жылдар тыныш заман, бейбіт өмір болып саналған. Отанға қызмет етті. Десе де, әр қазақтың көңіл түкпірінде «Елім-ай» әні тұншығып жатқаны жасырын емес. Егемендік алып, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан
Назарбаев сайланғанда «Апыр-ай, қазақты қазақ басқаратын күн бар екен-ау» деп сөнгені қайта жанғандай көздеріне жас алып қуанған. Одан кейін Ту мен Елтаңбамыз, төл теңгеміз өмірге келді. Сол аласапыран кезеңде өмірден озды. Олардың көзін көрген замандастары Ата Заңның қабылданғанына балаша қуанып, ауыл-ауылда барын дастарханға салып, бір жадырап қалғаны әлі есімде. Әйтпесе, 1995 жылы соншалықты думандататындай емес еді. Фабрика-зауыттар жабылып, жұмыс орындары қысқарып, халықтың әл-ауқаты төмендеп, тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген кез-тін.
– Қазақ халқын қуантқан еркіндік пе әлде Ата Заңның қабылдануы ма?
– Екеуі де! ҚР Конституциясы – тарихи маңызы зор құжат. Ол елдің әрбір азаматына еркіндік құқығын беретін кепілдік іспетті. Конституцияның 1–бабы «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Осы алғашқы сөйлемнен-ақ елің бар, шекарасы бекітілген жерің бар екенін сезінесің. Әркімде «азаматтық пікірімді ашық айта алатын құқығым бар» деген сенім пайда болды. Демократиялық көзқарас алға шығып, біздің халық «Мен – қазақпын!» дегенді мың қайталап айта алатынына, ел мен жеріне шексіз құрмет білдіріп, отансүйгіштігін танытуға құқылы екенін әбден ұқты.
– Талай дүлей заманға дес бермеген қазақ 90 жылдардың қиындығынан да өтті. Халықтың тұрмыс тіршілігі әлдеқайда жақсарып, әлеуеті артты. Алайда, елдікті сақтап қалу үшін бұл аздық етеді. Осы тұста Ата Заңымыздың тағы бір ерекшелігін атап өту керек сияқты.
– ҚР Конституциясының 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең» дегенді тайға таңба басқандай атап өткен: «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Мемлекет басшысы Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосу мақсатымен қатар ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға зор мән берді. Халық қазір әлдеқайда сауатты. Тіл мен дінге тыйым салынған дәуір келмеске кетті. Ата Заңымыздың күшімен қазір әрбір азамат жеке өмірін қалай өзгертсе де құқылы. Ал қоғамдық ортаның тәртібі басқа және ол баршаға ортақ. Осының әрқайсысын дұрыс үйлестіре білу, заңдық күшін сақтау – үлкен бір саясат. Бұл саясаттан ауытқымай, Ата Заңды құрметтеуге біздің елдің азаматтары түгел мүдделі болуы тиіс.
– Сонда?..
– Өзін «Қазақстанның патриотымын!» деп санайтын әр азамат бірінші кезекте ҚР Конституциясы күні 30 тамыз екенін ғана емес, Ата Заңда не жазылғанын да оқып шығуы тиіс. Дамыған елдің тұрғындары өздерінің Ата Заңын жатқа біледі. Ал құқықтарын білетін азаматтар кез келген тәртіптің сақталуына, жемқорлықтың жойылуына қоғам болып үлес қосып, өзіне көрсетілуге міндетті қызмет атаулының бәрінен хабардар болады.
– Шымкент қаласының тұрғындары мен үшінші мегаполистің тұғырлы басылымы «Шымкент келбеті – Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымына айтарыңыз бар ма?
– 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні құтты болсын! Ата Заңымыз асқақтап, әрбір азаматтың жүрегіне мақтаныш ұялататындай үстемдікке ие болсын! Осы бағыттағы ақпаратты таратудан жалықпайтын басылымға шығармашылық табыс тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.