«Біз заңдылықты қамтамасыз етеміз» Избранное

Пятница, 28 Сентябрь 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3280 раз

30 қыркүйек - Әділет органдары қызметкерлерінің күні. Осы атаулы кәсіби мереке қарсаңында Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Орынбасар Тастановпен сұхбаттасқан едік.

Әділет департаменті бастығы

−Орынбасар Зайдинұлы, биылғы жыл Оңтүстік өңірі үшін ұлы оқиғалар, керемет жаңалықтар жылы болды. Жаңа облыс өмірге келді. Шымкент еркіндік алды, республикалық деңгейге көтерілді. Осы өзгерістерді ой елегінен өткізіп көріңізші?
−Биылғы жылдың ең басты жаңалығы наурыз айынан басталды. Бүкіл әлемнің жасарған, көкорай шалғынға бөленіп, жер-Анамыз масатыдай құлпырып, ал қызыл гүлдер бүршік шашқан кезде біз Наурыз мерекесін, көктемнің Ұлы думанын Адамзаттың−алтын бесігі, киелі Қазығұрт тауының іргесінде өткізуіміздің өзі оңды өзгерістерге игі қадам басуымыздың бастауы болды.
Облыс әкімдігінің осы игілікті іс-шарасы ата-бабаларымыздың рухын асқақтатты. Қазақтың ұлы даласының бүкіл тыныс-тіршіліктің Отаны екендігіне әлемнің назарын аударды. Қазғұртқа деген құрмет Тәңіріміздің өзінің бізге оң көзбен қарауына басты себепші болды ғой деген ойдамын.
Қазғұртты қастерлеп, киелігін мойындап, бастарын иіп тағзым етушілердің алғысы мен ризалығына бөленген облыс жұртшылығы көп ұзамай-ақ тағы бір жаңалықтың куәсі болды. Елбасымыздың жарлығымен дүниеге екі аудан – Жетісай, Келес аудандары келді. Облысымыздың картасы өзгерді. Мақтаралдан, Сарыағаштан енші алған бұл екі аудан халқымызға құт-береке ала келді. Жаңа жұмыс орындары ашылды.
Түркістанның облыс орталығы мәртебесіне ие болуы, облысқа Түркістанның аты, ал Шымкентке республикалық статус берілуі, Елбасының осы Жарлықтарға бар ынтасымен қол қоюы, шын мәнінде зор қуаныш, таңғажайып жаңалық. Облыс, қала берді республика халқының көп жылдардан бері армандап жүрген асыл ойы жүзеге асты. Ақ түйенің қарны жарылды. Киелі Қазғұрттың кереметтілігі дәлелдене түсті.
Президентіміздің Түркістанды түлету, рухани астанамызды абаттандыру, түркі ұлтының атамекенін атына заты сай қалаға айналдыру жөнінде берген тапсырмаларын республика халқы зор ынта-ықыласпен қарсы алды. Оларды жүзеге асыруға нақты шаралар қабылдауға кірісті. Президентіміздің көрегенділігі, сарабдал саясаттың өміршеңдігі, Қазақстанға деген перзенттік парызының адалдығы, елін емірене, халқын құшырлана сүйетіндігінің жарқын көрнісіне айналды.
– Сіз Шымкент қаласында жаңадан ашылған Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалдыңыз. Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Үшінші мегаполисте атқарылатын жұмыстардың қомақты екенін жақсы білеміз. Сіз бұған дейін облыстағы Әділет департаментін басқардыңыз. 30-қыркүйекте Сіздердің төл мерекелеріңіз аталып өтеді. Әрине мерекеде белгілі дәрежеде атқарылған жұмыстарға есеп те беріледі. Сондықтан осы күнге дейін басқарған облыс департаменті халықтың құқықтарын қамтамасыз ету жолында қандай қызмет түрлерін көрсетті?
− Маған үлкен сенім артып Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы етіп тағайындағаны үшін Президент әкімшілігіне, Әділет министрлігіне рахмет айтамын. Департамент жаңа болғаннан кейін үлкен жауапкершілік жүктеледі. Іс тетігін шешетін қадрдан бастап, сан-алуан атқарылар жұмыстардың да көзін тауып, халыққа қалтқысыз қызмет жасауға міндеттіміз. Бұл – болашақтың жұмысы.
Ал, енді бұған дейінгі облыста атқарылған жұмыстарға аз-кем шолу жасайын.
Құқұқ қорғау органдарының арасында біздің министірлік халыққа ең жақын, оның ішінде азаматтарды жазалайтын емес, жарылқайтын орган десек, басқа құзырлы министрліктер маған өкпелей қоймас. Өйткені шындығы солай. Оны мен біздің атқаратын қызметтеріміз арқылы да дәлелдей аламын. Сонымен біздегі негізгі атқарылатындар: мемлекеттік басқару органдардың нормативтік құқықтық актілері тіркеледі; жылжымайтын мүліктерге иелік заңдастырылады; азаматтық хал актілерін тіркеу орындарына ұйымдастырушылық, әдістемелік басшылық жасалады; нотариаттық қызметтерді үйлестіреді; зияткерлік меншік құқықтарын қорғайды; сот орындаушыларының жұмысын бақылайды; құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету жұмыстарын жүзеге асырады, жеке тұлғалардың кәсіппен айналысуын заңдастырады және бұдан да басқа өмірлік қажеті бар мәселелер бойынша қызмет көрсетіледі. Ең бастысы халықпен қоян-қолтық араласа отырып, тұрмыс-тіршілікке қажеті бар кез−келген мәселелерді заңдастырып, оларды заң жүзінде қорғауды қамтамасыз етеді.
Халыққа өте қажет қызметтерді жүзеге асыру−әділеттіктерден антқа адалдықты, міндетке жауапкершілікті, кәсібилікті, принципшілдікті, тазалық пен мәдениеттілікті, Қазақстан заңдарын жетік білуді талап етеді. Бізде осы талаптарды жүзеге асыру жолында жаңаша серпіліспен, айрықша жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандар баршылық.
Департаментте әрбір құжаттың заңға сәйкес толтырылуына, сауатты, білгірлікпен жасалуына, қызметкерлердің іскерлігі мен шеберлігін арттыруға, өз мамандығын жете меңгере білуіне айрықша бақылау жасалады. Соның нәтижесінде республикада алдыңғы қатарлы орындарда келеміз.
Мемлекеттің негізгі байлығы−адам. Халықтың саны артқан сайын мемлекеттің әлемдік деңгейдегі абыройы мен беделі арта түсетіні ақиқат. Биыл Шымкент қаласының республикалық статусқа ие болуы да тұрғындардың көбеюінің арқасында жүзеге асып отыр. Облысымыздың отбасыларының артуы жайында ой бөліскеніңізді қалап отырмын.
– Отбасы−шағын мемлекет екенін жақсы білесіздер. Отбасының мүшелері көбейген сайын мемлекетімізде халық саны арта түседі. Демек, әр отбасының тұрмыс-тіршілігі жақсарған сайын, бір-біріне деген мейірімділік пен құрмет, сүйіспеншілік пен сүйкімділік, жарасымдылық жауқазын ашқан сайын өмірге жаңа перзенттің келуі де арта түсері сөзсіз.
Құт-берекенің ошағында алтын бесікті тербетуші асыл аналардың да мәртебесін биіктету, баға жетпес байлық ұл-қыздарымыздың тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық жасау, өмірге қабілеттілігін аттыру − үкіметіміздің ең жауапты әрі құрметті міндеті. Облысымызда 2018 жылдың бірінші жартысында 38250 нәресте дүниеге келді. Некеге тұрушылардың саны 9388, ал осы кезеңде 3000 неке бұзылды. Қайтыс болушылардың саны 7260 болды. Иә, өмір бар жерде өлім болатынын жақсы білеміз. Ең бастысы бұл дүниемен қоштасқандар мен жаңа өмірдің есігін ашқандар арасындағы айырмашылық көңілге қуат беріп, жаныңды жадыратады.
АХАТ саласы бойынша ''Электронды үкімет" порталына биыл 24301 өтініштер келіп түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16041-ге, яғни 195 пайызға көбейді. Әділет органдарының алдыңғы қатарлы міндеттерінің бірі. –“Электронды үкіметті” дамыту болса, біз бұл салада едәуір жетістіктерге жетіп отырмыз.
– Жылжымайтын мүліктерге жеке азаматтардың иелік құқын қамтамасыз ету−әділеттіктердің елеулі міндеттерінің бірі.Әрбір азамат үшін бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Міне осы салада тұрғындардың тілек-талабы қаншалықты дәрежеде орындалуда?
– Жалпы аудандық, қалалық әділет басқармалары бойынша 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында тіркеуге 81680 өтініш берілді. Өткен жылы 80533 болатын. Биыл берілген өтініштің 41-і кері қайтарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 408 еді. Кері қайтарылу санының кемуі-әділет қызметкерлерінің тұрғындармен қоян-қолтық араласып, оларға құжат жасаудың жолдарын үйрету, оқыту сабақтарын жиі өткізу нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар қалалық, аудандық әділет басқармалары жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді түсіндіру үшін 42 дөңгелек стол, 41 семинар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында 17 мақала, 8 сұхбат, теледидар мен радиода 3 кездесу ұйымдастырды.
Жалпы әрбір атқарылған жұмыстың тағы бір көрсеткіші−мемлекеттік қазынаға қаржы түсіру. Департамент тіркеу жұмыстарын оңтайлы жүзеге асырып, өтініштерді жұйелі орындауының нәтижесінде бюджетке 137670149 теңге түсірді. Бұл өткен жылғыдан 37500000 көп Осы мерзім ішінде тұрғындардан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына арыз-шағымдар түспеді. Мерзімі бұзылған өтініштер болған жоқ.
– Қазір елімізде медиация институтына, оның өмірде қолдануына ерекше көңіл бөліне бастады. Өзара келісім арқылы даулы мәселелер сотқа жетпей шешіліп жатса, дау-дамай да аздау болады. Әрі сот орындарының жұмысы жеңілдер еді.
– Қойып отырған мәселеңіз өте орынды. Әсіресе, қазақ халқы үшін бітімгершілікті қолданудың жолы да жөні де бөлек. Олай дейтінім−ертедегі билер мен шешендердің бір ауыз сөзінің өзі ағайындар арасындағы келіспеушіліктің күрмеуін шешіп, дауласудың түйінін сол замат тауып жататын. Сол кездегі бір би соттың да, прокурордың да, полицияның да міндетін атқарушы еді. Ата-бабамыздың сол дәстүрін қайта жаңартып, шынайы, әділ, кәсіби билердің кеңесін құрып, жер, үй, отбасы және басқа да адам құқығын қорғайтын мәселерді кеңесте қарап шешуге әбден болады. Арызданушы да, жауапкер де босқа шығын болмай, билер кеңесінің көмегімен бітімгершілікке келер еді.
“Би асылдан асыл болмас,
би асылмен жолдас болсаң,
мұрадың сірә да хасыл болмас»,− дейді дана халқымыз. Демек, білгір, таза, шешен билер әрбір дауды сабырлы, салмақты, зор ишаратпен тыңдап, тура шешімін, кесімді билігін айтады. Ол төрелдікке сөз жоқ екі жактың да көңілі толып, риза болуы тиіс.
Қазір медиация, медиатор, билер кеңесі деген сөздерді халық ептеп түсіне бастаған сияқты. Алайда оны қолданып, жүзеге асыруға құлшына кірісе алмай отырмыз. Қолымызда бар заңнамалық құжатты іске асыру үшін медиаторлардың белсенділігін арттырып, оларды халық арасында кеңінен насихаттап, ешқандай киналмай осы жөнінде жұмыстарды тез арада жүзеге асырған жөн. Ең алдымен медиаторлар, билер кеңесінің мүшелері даулы мәселерді шешу үшін Қазақстандағы қолданыстағы заңдарды жетік білгені абзал. Дауласушы екі жақ та бітімгершілік кезінде қабылданған немесе қабылданатын шешімге толығымен қанағаттануы тиіс. Демек келісім ''Медиация туралы'' ҚР заңының талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана соттың бекітуіне ұсынылады. Даулы мәселерді медиция жолымен шешуді қолдану еліміздің өркениет көшіне бет бұрғанын, құқықтық мемлекет орнатудың демократиялық әдістерін де жүзеге асыруға кіріскенін дәлелдейтін болса, екінші жағынан ата-бабалар дәстүріне адалдығын паш етеді.
− Әділет органдары қызметкерлерінің мерекесіне орай тілегіңіз.
– Мереке тек біздердің ғана емес, біздің қызметті пайдаланушы әрбір азаматтың да мерекесі. Сондықтан да барлық қала және облыс тұрғындарына зор денсаулық, бақ-даулет, отбасыларына аманшылық тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың аспаны ашық, экономикасы тасқынды, халықаралық аренада абыройы асқақ, мәртебесі биік бола берсін!
− Орынбасар Зайдинұлы, әділеттіктер атына заты сай болып, халыққа жасайтын қызметтерінде биіктен көріне беруіне тілектеспін. Сұхбатыңызға рахмет! Баршамызға Алланың нұры жаусын!

Сұхбатты жүргізген
Байдулла ҚОНЫСБЕК,
Қазақстанның
құрметті журналисі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.