Тілдің рухын биік ұстайық

Среда, 31 Октябрь 2018 00:00 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3322 раз

Елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – өзекті мәселе болып отыр. Себебі, ана тіліміз – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызбен қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады. Мемлекет болған жерде оның мемлекеттік тілі де болуы  қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бiз барша қазақстандықтарды бiрiктiрудiң басты факторы болып табылатын қазақ тiлiнiң одан әрi дамуы үшiн барлық күш-жiгерiмiздi салуымыз керек» деп айтып өткен болатын. Сондықтан да мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сай қоғамдағы барлық салаларына енгізу арқылы қолданыс аясын кеңейту – бүгінгі күннің келелі мәселелерінің біріне айналды.

Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттiк бағдарламасы қабылданғаны аян. Оның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын бар­лық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орын­дарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіп­керлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажет­тілігіне айналдыру. Мемлекеттік бағдарламаны үш кезеңде жүзеге асыру көзделген. Қазіргі таңда 2017-2020 жылдарға арналған үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Онда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттырып, меңгерілу деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Елбасымыз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың санын 95 пайызға жеткізу міндетін қойды. Бұл бағытта көптеген шаралар жүзеге асуда. Олардың қатарында іс қағаздарының мемле­кеттік тілде жүргізілуіне баса мән беру, ономастика саласына, қазақ тілінде әзір­ленетін жарнамалардың сапасына көңіл бөлу, мемлекеттік қызметшілердің, әртүрлі әлеуметтік топтағы азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуінде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі, тиісті заң бар. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Тек тілдік қолданысты кеңейтуде әрбір жан Мемлекет басшысының«Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір арымыз да, нарымыз» деген сөзін ұстанып, тіліміздің құдірет-қуатын кемітпей, оның рухын биік ұстады міндеті санаса дейміз.

Р.ҚЫРЫҚБАЕВА, Фараби аудандық

Әділет басқармасының

іс-қағаздарын жүргізу

жөніндегі инспекторы,

«Заңгерлер Одағы» РҚБ мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.