«Түнгі сот» - тиімді жоба

Пятница, 23 Ноябрь 2018 05:09 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4064 раз

Шымкентте қолға алынған «Түнгі сот» пилоттық жобасы нәтижесін беруде. Қалалық сот пен қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы қол қойған меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның екі тарапқа да тигізер пайдасы көп дейді судьялар.

 

Бұл туралы қалалық соттың кеңесінде белгілі болды. Қалалық соттың төрағасы Е.Рахымбековтың төрағалығымен өткен кеңесте осынау ерекше жоба аясында атқарылған жұмыстар талқыланды. Жиынға сонымен қатар қалалық соттың алқа төрағасы мен судьялары, Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы мен қалалық полиция департаменті мен жергілікті полиция қызметінің жетекшілері қатысты.
Қалалық әкімшілік соттың судьясы С.Ниязбектің мәліметінше, «Түнгі сот» жобасы бойынша істер сағат кешкі 18:30 бен 22:00 аралығында қаралады. Меморандум түзілгелі бергі 5 айда 946 әкімшілік істің қаралғанын айтты. Соның нәтижесінде, біріншіден, полицейлер толтыратын әкімшілік хаттама 3 тәулік ішінде сотқа жолданса, екіншіден, әкімшілік істер жұмыстан тыс уақытта қаралып, адамдардың уақыты үнемделуде. Тиісінше, соттың қаулысы ертерек заңды күшіне енуде.
Бұл жобаның тәртіп сақшыларына да пайдасы аз емес. Полиция департаментінің бастығы Е.Жұмаханбетовтың айтуынша, инспекторлар жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік істерді бұрынғыдай 2 ай созып жүрмей, 2 аптаның ішінде аяқтауда. Мұның екі жаққа да ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті.
Енді қалалық соттың өкілдері пилоттық жобаның нәтижесі жайлы Жоғарғы сотқа ақпарат жолдағанда жобаның тараптарға тиімді екенін және істің жедел қаралатыны полиция мен сотқа да қолайлы екенін келтіреміз деп отыр.
Айта кетейік, «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қалалық сот пен ішкі істер департаменті арасындағы меморандум 2018 жылдың тамыз айында түзілген болатын.

Последнее изменение Суббота, 24 Ноябрь 2018 14:01
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.