Шымкент қалалық соты азаматтарды қабылдаудың жаңа форматына көшті. Сот ғимаратындағы «Тұрғындарды қабылдау» орталығының ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Қала әкіміне қалалық соттың төрағасы Е.Рахымбеков алдымен жаңа орталықтың жұмысын таныстырды.
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуда нақты тапсырмалар берді. Оны бастысы дауларды сотқа жеткізбей бітімгерлік жолмен шешудің баламалы түрін дамыту мәселесі де бар. Тараптардың дауын сотқа жеткізбей реттеуде орталықтың маңызы зор. Онда сот алқаларының төрағалары, сот әкімшісінің басшысы, әдеп жөніндегі комиссия төрағасы азаматтарды демалыс, мереке күндерінен басқа уақыттың бәрінде қабылдайды, – деді Е.Рахымбеков.
Қалалық соттың берген мәліметтеріне сүйенсек, миллионды қалада өткен жылы 29 мыңға жуық азаматтық іс қаралған. Сот жүйесінде медиация институтын дамытуда осы кезге дейін татуластыру кабинеттері, ардагерлер кеңесінің қолдауымен билер кеңесі де құрылған. Мемлекеттік органдарда әлі де медиациялық кабинеттер ашу мен кәсіби медиаторлардың санын көбейту мәселесі тұр. Осы жұмыстарды жандандыруда қалалық сот пен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
– Қаладағы мекемелерде медиациялық кабинеттер ашу бойынша бірлесе жұмыс істейміз. Ұйымдастыру жағынан көмек қолын созуға дайынбыз, – деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Жаңа орталық ашық қызмет көрсетуде барлық жағдай қарастырылған. Татуластыру бөлмесінде тараптардың өзін жайлы және психологиялық тұрғыдан еркін сезінуіне мүмкіндік жасалған.