Өзгерістер мен толықтырулар

Среда, 18 Март 2020 00:00 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 396 раз

Қазақстан Республикасы Президентімен 2019 жылдың 25 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі- Заң) қол қойылды.

Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс)50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, Азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша эксаумақтық қағидат енгізілді. Енді қайталама туу туралы куәлік қажет болған жағдайда азамат қай аймақта туғанына қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады.

Ата-аналардың таңдауы бойынша смс-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеуге болады.

Анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, баланың тууын тіркеу және туу туралы куәлік беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы орайда, балалардың туылған кезінен бастап азаматтықтың болмау мәселесі шешіледі.

Сонымен қатар, дефис арқылы қосарланған есімдер мен әкесінің атын жазу мүмкіншілігі қарастырылған. Мысалы: егер әкесінің аты Әли-Асқар болса, баланың әкесінің атын Али-Аскарович немесе Әли-Асқарұлы деп көрсетуге болады.

Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған және сол мемлекеттің туу туралы куәлігі болған жағдайда тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі кеңейтілді.

Мысалы, балаға Өзбекстан Республикасында туылған жері бойынша туу туралы куәлігі берілген болса, жаңа түзетулерге сәйкес нақты туылған жері көрсетілген қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті баланың ата-анасы тіркеуші органнан алуына болады.

Аталған новелла мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, қарыз жүктемесін алып тастау және т.б.мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға ата-аналарға мүмкіндік береді.

Азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері автоматтандыруларына байланысты алынып тасталды.

Екі куәліктің: асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәліктің орнына, тіркеуші органмен баланың жеке және ата-анасы туралы мәліметтері көрсетілген туу туралы куәлік қана беріледі.

Сот шешімі негізінде неке бұзуды тіркеу тәртібі автоматтандырылды. Аталған мәліметтер Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі және неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғандығы туралы белгі қойылады.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) азаматтармен мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды.

Жоғарыда аталған барлық новеллалар азаматтардың уақыт және қаражат шығындарын қысқарту, сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету процесін сандық форматқа көшіру мүмкіндігін береді.

Сонымен қатар, осы Заңмен «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңына біршама баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтсақ, тіркеуші органға ұсынылатын құрылтай құжаттар бұрын үш данада ұсынылса, енді екі данада ұсынылады.

Бұдан бөлек, 9 баптың тақырыбы «9-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеу (қайта тіркеу), заңды тұлғалардың, филиалдардың (өкілдіктердің) құрылтай құжаттарына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тіркеу және құжаттарды беру мерзімдері» деп, осы баптың үшінші бөліктегі «он» деген сөз «бес» деген сөзбен, бесінші бөліктегі «он төрт» деген сөздер «бес» деген сөзбен ауыстырылды.

11 баптың 4 тармағы "4-2) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелуі деп танылса, 4-3) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға хабар-ошарсыз кеткен деп танылса, қайтыс болды деп жарияланса, қайтыс болған ретінде тіркелсе не оның мәртебесі айқындалмаса, 4-4) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлғаның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 237, 238 және 240-баптары бойынша қылмыстары үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар болса, 4-5) егер мемлекеттік тіркеу кезінде, мерзiмдiк төлемдердi өндiрiп алу туралы атқарушылық iс жүргiзу бойынша борышкер болып табылатын және мерзiмдiк өндiрiп алулар туралы атқарушылық iс жүргiзу бойынша үш айдан астам берешегi жоқ тұлғаны қоспағанда, құрылтайшы (жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға), оның құрылтайшылары, заңды тұлғаның басшысы, заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) болып табылатын заңды тұлғаның құрылтайшысы және (немесе) басшысы атқарушылық құжат бойынша борышкерлер болып табылса, 4-6) егер мемлекеттік қайта тіркеу кезінде, мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын және мерзімдік өндіріп алулар туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша үш айдан астам берешегі жоқ тұлғаны қоспағанда, жаңа құрылтайшылар (қатысушылар, мүшелер) және (немесе) үлесін иеліктен шығаратын тұлғалар атқарушылық құжат бойынша борышкерлер болып табылса деп тармақшалармен толықтырылды және «14-2-бап Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тіркеу және өзге де мәліметтерін өзгерту мен толықтырудың хабарлама тәртібі» бабымен толықтырылды.

Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар мынадай:

1.Акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субьектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жері өзгерген;

2.Басшы өзгерген (басшы тағайындалған, басшының міндетін атқарушы тағайындалған, басшы лауазымынан шеттетілген);

3.Осы заңның 14-1 бабында көзделген талаптарды қоспағанда, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген;

4.Жарғылық капиталдағы үлес сенімгерлік басқаруға берілген;

5.Шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталы ұлғайған;

6.Экономикалық қызметтің негізгі түрі өзгерген;

7.Саяси партияларды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшылардың (қатысушылардың, мүшелердің) құрамы өзерген кезде енгізіледі.

Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) осы баптың бірінші бөлігінің 2), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар электрондық хабарлама негізінде автоматты режимде енгізіледі.

Заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) осы баптың бірінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар осы бапта көзделген құжаттар қоса беріле отырып, электрондық хабарлама негізінде енгізіледі.

Акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жері өзгерген кезде, хабарламаға қосымша заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жерін растайтын құжат қоса беріледі.

Егер үй-жайдың иесі жеке тұлға болып табылса, заңды тұлғаның орналасқан жері үшін үй-жай беру туралы жеке тұлғаның нотариат куәландырылған келісімі беріледі.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес, елді мекендер атауының, көше аттарының өзгеру жағдайлары бұған кірмейді.

Жарғылық капиталдағы үлесті сенімгерлік басқаруға берген кезде, нотариат куәландырылған сенімгерлік басқару шарты қосымша ұсынылады.

Заңды тұлғалар, филиалдар (өкілдіктердің) құрылтай құжаттарына осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы тіркеуші органға құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай мерзімде хабар береді.

Заңды тұлғалар, филиалдар (өкілдіктердің) тіркеу және өзге де мәліметтеріне өзгерістер мен толықтырулар электрондық хабарлама берілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде енгізіледі.

Сондай-ақ, осы Заңмен «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына да өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Яғни, 1-баптың 31-тармақшасы«электрондық көшірмесі негізінде» деген сөздерден кейін, «сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда» деген сөздермен толықтырылды.

6-баптың 2-тармақшасы «Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, оның ішінде елді мекендердің атауы, көше аттары, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі (мекенжайы) өзгерген кезде болған өзгерістерін мемлекеттік тіркеу мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады» деп екінші бөлікпен толықтырылды.

«Құқық иеленуші мәліметтерінің өзгеруін мемлекеттік тіркеу тіркеуші органға өтініш жасамастан, құқық иеленушіні хабардар ете отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы өтеусіз негізде жүзеге асырылады» деп 3-тармақпен толықтырылды.

Осыған қоса, 20-баптың 1-1-тармағы «Құқықтар» деген сөз «Электрондық тіркеу құқықтар» деген сөздермен және «жағдайларда, электрондық тіркеу» деген сөздер «жағдайларда, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда» деген сөздермен ауыстырылды. Сондай-ақ «3. Екінші деңгейдегі банктермен жасалатын банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген кепілді электрондық тіркеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізілуі мүмкін.» деп 3-тармақпен толықтырылды. Сонымен қатар, 22-баптың 5-тармағының екінші бөлігі осы заңмен алынып тасталды.

Шымкент қаласы әділет департаментінің

Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау

бөлімінің басшысы

Дина Балтабекқызы Ботан

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.