Азаматтық процестік кодексіне енгізілген жаңашылдықтар

Понедельник, 29 Июнь 2020 11:49 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 156 раз

10 маусым 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Бұл заңның негізгі мақсаты халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Заң үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру қамтылды.

Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік əрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дəлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мəн-жайларын талқылайды жəне осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жəрдемдеседі деп өзгеріс енгізді.

Осы бап 4-1-бөлігімен «сот тараптың уəжді өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша істің материалдарын жинау жəне зерттеу, тараптар дəлелдерінің негізділігін жəне сотқа ұсынылған дəлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де əрекеттерді орындайды» деп толықтырылды.

Бұл судьялардың істің қыр сырын зерттеп, жетпеген тұстарын толықтыру үшін қосымша мәліметтерді жинақтауға толық құзыреті болмақ. Әділ шешім қабылдау үшін судья дауды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсініп, анықтауы қажет. Судья процестік жағынан еркін болуы қажет. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы тиіс. Бұл озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе. Мысалы, Германияда сот қаншалықты қажет болса, тараптармен іс пен даудың нақты және заңдық аспектілерін талқылауға және сұрақтар қоюға міндетті. Ол тараптардың барлық елеулі фактілер бойынша уақтылы және толық түсініктеме беруіне, оның ішінде мәлімделген фактілер бойынша мәліметтерді толықтыруына, дәлелдеу құралдарын көрсетуіне және тиісті өтінішхаттарды мәлімдеуіне жәрдемдесуі тиіс.

Қолданыстағы заңнамада судьяның әрбір әрекеті қатаң регламенттелген. Жаңа заңға сай судья екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа жетіп қана қоймай, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты дауға сай өз пікірін де білдіруге құқығы бар. Яғни заң сот процесінде әділдікке, ақиқатқа жету жолын біршама жақындата түседі. Бұл ақиқаттың салтанат құруына жол ашады.

Сонымен қатар, істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы процестік әрекетті реттейтін 34-баптың 5-ші бөлігінде: «Істі бір соттан екінші сотқа беру – осы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берілген жағдайда – шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі» деп көрсетілген. Яғни бұл жағдайда істі негізінен қарау мерзімі созбалаңға салынады. Аталған олқылықты жою үшін 34-баптың 5-ші бөлігі "Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі" - деп толықтырылды. Осының негізінде біршама істердің уақтылы, жылдам шешілуіне жол ашады.

Қолданыстағы заңның 20-бабының 1-ші бөлігінде сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіптің сақталуын сот приставы қамтамасыз етеді деп жалпылама көрсетілген. Сот приставына қандай міндеттер жүктелетіні заңмен нақтыланбаған, сонымен қатар 191-бабыда аудармашыға да тек міндеттер жүктелген, оның құқықтары туралы көрсетілмеген.

Ал жаңа заң, істі қарауға қатысатын өзге адамдардың процестік құқықтары мен міндеттерін реттейтін 5-1 тарауын «Сот приставы» деп аталатын 56-3-баппен және «Аудармашы» деп аталатын 56-4-баппен толықтырылды. Аталған баптарда сот приставының лауазымдық міндеттері мен аудармашының құқытары мен міндеттері қамтылған.

Оған қоса, сот талқылауының дыбыс-бейне жазбасына электронды хаттама мәртебесі берілгенін айта кеткеніміз жөн. Қолданыстағы заңда дыбыс-бейне жазбасы іске тігіледі, алайда хаттамалық күші жоқ еді, сондай-ақ соттардың аралық сот ұйғарымдарын шығару алынып тасталды. (мысалы:оңайлатылған іс жүргізуден жалпы талап қою ісін жүргізуге көшу туралы, талап қоюды оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қабылдау туралы, сот отырысы күнін тағайындау туралы, іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы және т.б.).

Бұл жаңашылдық соттағы қағазбастылықты төмендетіп, сот мамандарының жұмысын жеңілдетеді.

Заңнамада татуластыру үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған, соған сәйкес енді талап арызды қабылдау барысында он жұмыс күн ішінде судьялар тараптарды татуластыруға ықпал жасайды, егер тараптар татуласпаса және олардан осы судья істі әрі қарай қарауды сұраған өтінішхаты болмаса, іс басқа судьяның қарауына беріледі. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елдерде бар, мысалы Сингапурда, Канадада, Германияда татуластырушы судья тараптар татуласпаған жағдайда істі мәні бойынша қарау үшін басқа судьяға береді.

Бұл өзгертулер өте маңызды. Сондықтан, АПК енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Кодексті халықаралық стандарттарға жақындатады, еліміздегі сот жүйесінің деңгейін көтеріп, азаматтық іс жүргізу заңнамасына жаңа серпін береді деп санаймыз.

 

Түркістан облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының

төрағасы Қ.О.Рысқұлбеков

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.