Адвокаттық қызмет мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидалары туралы

Четверг, 10 Июнь 2021 11:33 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1446 раз

      ҚР "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларының жалпы ережелері мынадай. "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің осы қағидаларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірледі және "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің тәртібін анықтайды.

Мемлекеттiк қызметтi көрсету тәртiбiне тоқталар болсақ, Адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамның (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың аумақтық әдiлет органдары жанында құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттау жөнiндегi комиссияға www.egov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкiмет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет "Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет жиынтығында "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетіледі.

      "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әділет департаменттері (бұдан әрі - көрсетілетін қызметтерді беруші) көрсетеді.

      Процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен көрсету нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Стандартта келтірілген.

      Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаты, лицензиясы, соттылығының бар не жоқ екендігі және наркологта және психиатрда диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмағандығы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының келісімін алады.

      Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе портал арқылы жіберіледі.

      Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде, еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда дәлелді бас тартуды дайындайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші құжаттардың Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10270 болып тіркелген) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді және Комиссияның қарауына береді.

      Көрсетілетін қызметті алушының аттестаттауға жіберу туралы құжаттары Комиссиямен 13 (он үш) күнтізбелік күн ішінде қаралады. Қарау қорытындысы бойынша комиссия Стандарттың 9-тармағында көзделген негіздер бойынша үміткерді аттестаттауға жіберу немесе жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.

      Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам өтініш берген кезде аттестаттау өткізілетін орнын және тілін (қазақ немесе орыс) айқындауға құқылы.

      Егер, көрсетілетін қызметті алушы "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 32-бабының талаптарына сәйкес келмесе, аттестаттауға жіберуден бас тартылады. (Заңның бұл 7-тармағы жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 28.05.2021 № 440 бұйрығымен қабылданған).

Көрсетілетін қызметті беруші аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күннен кешіктірмей жібереді.

Аттестаттауға жіберілген көрсетілетін қызметті алушыны көрсетілетін қызметті беруші аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы ұялы телефонға смс-хабарлама беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" оны өткізгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабарлайды.

      Аттестаттаудан өткізу мерзімін өтініш пен аттестаттаудан өту күні негізінде ұсынылған құжаттарды есепке ала отырып, "Е-лицензиялау" ақпараттық жүйесінің мемлекеттік деректер базасы автоматты түрде анықтайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларда көзделген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қайта жүгіне алады.

Комиссияның жұмыс органы аумақтық әділет органы болып табылады.

Көрсетілген мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бағалау мен бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдана алады.

Мендешова Малика Есетқызы,
Шымкент қаласының Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және
халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.