Версия для печати

«Тарихи құжат арқылы тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіттік»

Вторник, 31 Август 2021 11:05 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1874 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ustisia-b

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениетті бетке алған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жаңа дәуірге бет бұрды. Ата Заң біздің бүкіл игілікті істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі.

Бүгінде біз ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Әрине, төрткүл дүниеде орын алған экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасау, ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы бар халықаралық ахуалды ескеру, мемлекеттік басқару жүйесі мен аса маңызды әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиімді ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған кезеңдер де болды. Қалыптасқан жағдайдан шешімін тауып шығудың жолын табу үшін, қиындықтарды ретке келтіріп, нақты істерді іске асыру үшін Ата Заңымыздың әлеуетті мүмкіндігіне жүгінуге тура келді.

Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан 30 жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың іргетасына айналды. Ата Заңымыз қабылданған кезеңнен бері еліміз құқық пен нарықтық экономикаға арқа сүйейтін қазіргі заманғы өркениетті мемлекет ретінде қалыптасты.

Өз кезегінде еліміздің Әділет органдары да Ата заңымыздың қорғалуына, ел азаматтарының құқының аяқ асты болмауына барынша үлесін қосуда. Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқаратын функционалдық қызметтері ауқымды. Соның ішінде сот орындаушыларының жұмысын үйлестіріп, бақылауға алу – департаменттің маңызды салаларының бірі саналады. Себебі, бізге жүгінулердің басым көпшілігі сот актілерін орындау мәселелеріне қатысты. Бұл ретте мамандарға түскен істердің сапалы орындалуы – алдымызға қойылып отырған маңызды міндет.

Айта кетейік, өткен жылдың 1-ші жартыжылдығымен салыстырсақ, биыл сот орындаушыларға түскен істер саны 62 мыңға, пайызға шаққанда 30%-ға артқан. Істер 25 мыңға, яғни 47%-ға артық аяқталған және 24 мыңға, демек 77%-ға артық талап нақты орындалды.  

Әкелерден балаларға алимент өндіру ісі де әлеуметтік маңыздылығы аса жоғары істерге жатады. Бұл санаттағы өндірістер де өз нәтижелерін беруде. Сот орындаушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында борышкерлер бүгінде қажетті төлемдерді жасауда. Алимент төлемейтін әкелерді жұмысқа тарту шаралары жүйелі атқарылуда. Бұл ретте әкімдікке қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде 142 борышкер жұмыспен қамтылды.

Мемлекет кірісіне қаражаттарды өндіру бойынша сот орындаушыларының жұмыстары да қатаң қадағалауда. Биыл 33 мың құжат бойынша бюджетке 954 млн. теңге өндірілген, соның ішінен 469 млн. теңге жергілікті бюджеттің пайдасы болып табылады. Сол секілді азаматтардың сұраныстары да департамент басшылығының үнемі назарында. Осы жылдың 6 айында біздің қызметкерлер азаматтардың 2,5 мың өтінішін қарады. Бұл ретте халықтың арыздануының алдын алу, құқықтық сауаттылығын арттырудың да маңызы айрықша екенін атап өткен орынды. Бұл бағыттағы шараларды да ұдайы ұйымдастырып отырамыз.

Департаментке қарасты зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімі қызметкерлері де биыл үздік жұмыс нәтижесін көрсетуде. Жуырда біздің қызметкерлер полицейлермен бірігіп заңсыз жолмен қамыр қопсытқышы мен құрғақ сүт өнімдерін өндіріп келген жасырын цехты анықтап, көлеңкелі бизнестің жолын кесті. Департамент халық игілігі үшін жүктелген қызметтерді тиісінше сапалы атқаруды жалғастыруда.

 

Н.МАХАМБЕТОВ,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.