Ата заңды білу – баршаға парыз

Вторник, 31 Август 2021 11:07 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 584 раз

Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің басты ата заңы болып саналады. Еліміздің әрбір азаматының еркін өмір сүруі, өзінің ойын қоғамда ашық білдіруі Конституциямен бекітілген. Ата заң қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі құжат болса, басқа ережелер сол Конституциядан тарайтын тармақтарына жатады. Ешқандай да заң басқа да кодекстер Конституцияның негіздеріне қарсы келмеуі тиіс. Бұл өзгермейтін, талқылауға жатпайтын тақырып.

Білген артық болмас. Біздің Конституциямыз преамбуладан, 9 бөлім, 98 баптан тұрады. Ата заң преамбуласы дегеніміз — мемлекеттің бағыт-бағдары. М. Әуезов атындағы ОҚУ «Parasat» сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі басшысы міндетін атқарушы құқық магистрі Гүлбахыт Дулатованың айтуынша, Конституция елдің саяси, құқықтық жүйесінің тірегінің негізі. Ал преамбуласы басты мақсатын көрсетеді. Сондықтан жоғары оқу орнында конституциялық құқық пәні оқытылған кезде преамбуланы тереңірек үйретуге басымдық беріледі.

Конституция мызғымас құжат дегенімізбен оған кейде өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Ол не үшін керек екенін маман Г.Дулатова былайша түсіндіреді: «Қолданыстағы Конституцияның қабылданғанына 26 жыл өтті. Алайда біз әлі қарыштап дамып жатқан мемлекетпіз. Ақпараттар тасқындаған, жаһандық өзгерістер болып жатқан кезеңде құндылықтар өзгереді, қоғамдық қатынастарда кейбір мәселелер маңыздылығы жөнінен алға шығады. Сондықтан осыларды реттеу үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Біздің Конституция 5 рет өзгеріске ұшырап, реформаларды бастан өткерді. Ол 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары жүзеге асты. Мәселен, 1998 жылы Президенттің өкілеттілігі 7 жылға дейін, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі 5 жылға дейін, Сенат 6 жылға, Президенттікке үміткерлер жасы 40 жасқа ұзартылды. 2007 жылғы өзгертулерде Президент өкілеттілігі 5 жылға дейін қысқарды, Парламент депутаттарының саны 154-ке дейін артты, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы конституциялық мәртебеге ие болды. 2011 жылы Мемлекет басшысын мерзімінен бұрын сайлауға байланысты өзгертулер орын алды. 2017 жылы Ата заңның 5-бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес Парламент, Президент, Үкімет арасындағы билік өкілеттіліктері қайта бөлінді. Ал соңғы өзгеріс елорданың Астана атауынан Нұр-Сұлтанға ауысуына орай жасалды. Конституциялық кеңес бұл ұсынысты қарай келе елорда атауының өзгеруіне оң қорытынды берді. Конституция өзгермес заңдар жинағы десек те ол бір қатып қалған дүние емес. Қайта ол біздің мемлекеттің демократияға, жаңашылдыққа, өзгерістерге ұмтылысын көрсетеді».

   Сарапшының сөзінше елімізде заңдарға, нормативтерге халықаралық ережелерге қол қойылмай тұрып алдымен конституциялық нормаға сәйкестігі анықталады. Мәселен заңдар, халықаралық шарттар Президент қол қойғанға дейін конституциялық кеңесте арнайы сараптамадан өткізіледі. Ата заңның 45-бап 3-тармағында Президент қол қоятын Парламент, Үкімет актілері сол органдарда жіті зерделенеді. Егер заң, ережелер Конституцияға сай келмесе Ата заңның 74-бап, І- тармақшасына сәйкес қабылданбайды. Барлық деңгейдегі соттарға істі қарау барысында қандай да бір актілердің азаматтардың еркіндігіне қайшы келетін тұсын анықтаса, істі уақытша тоқтата тұруға және актіні конституциялық кеңеске тексертуге жіберуге уәкілеттілік берілген. Өз кезегінде конституциялық кеңес бір ай көлемінде заңның Конституцияға сәйкестігіне байланысты тиісті қорытындысын шығарады.

Маман Конституцияны әр азамат білген дұрыс деп санайды. Өйткені ол оның құқықтық сауаттылығының қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Көп ретте бір даулы мәселе туындаған жағдайда ғана адамдар заңды іздей бастайды. Ал Конституция нормаларын біліп жүрсек, кез келген дауда өзімізді қорғап, одан оңай құтылып шығамыз. Сарапшының пікірінше, егер адамдар өз құқығын жақсы білсе, демек ешқандай дау да туындамайды.

Г.Дулатова біздің Ата заңның басқалардан айырмашылығы Қазақстан Конституциясы анық жазылған, жүйелілік бар екенін айтады. Сондай-ақ еліміздің Конституциясында қоғамдық қатынастарды реттеу нормалары жалпылама жазылған. Ал оларды терең түсіндіру үшін жеке арнайы кодекстер мен ережелер қабылданған. Кей елдерде мұның барлығы конституциясында тәптіштеліп көрсетіледі. Тіпті қаржы, несие саясатына байланысты баптар енгізіледі.

—Тәжірибе алу мақсатында Конституциялық кеңестің жұмысына талай қатысқанмын. Меніңше бір норма әлі де талқылауды қажет ететін сияқты. Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының Конституцияларында мемлекеттік тіл өзбек пен қырғыз тілі, бірақ басқа тілдердің сақталуына, еркін дамуына, тең құқылығына кепілдік беріледі деп жазылған. Қазақстан Конституциясында да қазақ тілі мемлекеттік тіл деп көрсетілген. Алайда мекемелерде, ұйымдарда қазақ тілі мен бірге орыс тілі де тең қолданылады делінген. Бар мәселе тең қолданылады деген сөзде болып тұр. Менің жеке пікірім, осы тұста логикалық қарама-қайшылыққа жол берілген секілді. Өйткені «тең қолданылады» деген сөз орыс тілінің дәрежесін мемлекеттік тілмен теңестіріп тұр. Орысша мәтінде «на ровне с казахским языком» деп жазылған. Асылында «тең» емес, «бірге» қолданылады деліну керек шығар. Себебі «тең» сөзі түсінік бойынша да заңдық тұрғыда да мүлдем басқаша реңк береді. Мәселен, «мен пәленшемен бірге отырмын» деген сөз басқа мағына береді де, теңдей, бірдей болып отырмын» деген мүлдем басқа түсінікке жетелейді. Сондықтан Конституцияның осы нормасын менің ойымша әлі де қарау керек секілді. Әрине бұл менің жеке субъективті пікірім, - деді Г.Дулатова.

Елімізде Конституцияның орындалуын қамтамасыз ететін, үстемдігін орнататын арнайы орган бар. Ол Конституциялық кеңес деп аталады. Аталмыш орган елдегі референдум, Парламент сайлауы секілді саяси науқандардың өтуіне ықпал жасайды. Кеңестің өзі 7 мүшеден тұрады. Онда тек білікті заңгерлер отырады. Органның өз басқару аппараты болады. Сондай-ақ ол Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді. Жалпы Ата заң баптарын ғалымдар да ұғындыра алады. Бірақ ол ағартушылық мақсаты есебінде қабылданады. Ал Кеңестің түсіндірмесі ресми болып саналады. Соттың шешімдеріне қарсы аппеляция беріп, шағым келтіре алсақ, Конституциялық кеңес шешімдеріне мұндай талап жүрмейді. Яғни Кеңес нүкте қойған шешімдер қайта талқыланбайды.