Мемлекеттік қызметтерді онлайн алыңыз

Среда, 08 Июнь 2022 11:39 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1282 раз

Жаздың келуімен бірге демалыс маусымы да басталды. Бұл уақыт ХҚО қызметкерлері үшін де қарбалас кезең, себебі демалысында құжаттарын реттеп алғысы келгендердің легі көп. Сондықтан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы анықтамаларды онлайн алуға шақырады.

Бүгінде жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуден басқа мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады. Мысалы, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, автокөлік сатып алу және тіркеу, түрлі жәрдемақылар тағайындау, тұрғын үй көмегі, студенттерді уақытша тіркеу, медициналық анықтамалар беру секілді мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан көбін egov.kz порталы, mgov мобильді қосымшасы, EgovKzBot2.0 телеграм-боты, сондай-ақ Kaspi.kz және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы онлайн алуға болады.

«Мемлекеттік қызметтер барлық қазақстандықтарға бірдей онлайн қолжетімді. Тіпті кейбір қызметтерді алуға ЭЦҚ талап етілмейді, бір реттік құпиясөз арқылы да ала аласыз. Қызметтерді онлайн алу арқылы уақытыңызды үнемдеп, маңызды нәрселерге жұмсаңыз», - дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 7 ХҚО және 3 мамандандырылған ХҚО бар. Олардың әрқайсысында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді. Мұнда клиенттер мемлекеттік қызметтерді талонсыз, кезек күтпей-ақ ала алады.

Анықтама: Шымкент ХҚО-лары 2022 жылдың бес айында 450 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.