Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау күшейтілді.

DSC 9608

Бұл туралы ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Л.Бюрабекова, СК «Фармация» ЖШМ төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді. Жиынға қаладағы мемлекеттік, жекеменшік денсаулық ұйымдарының басшылары да қатысты.

– Дәрінің бағаларын реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және контрабандаға қарсы күресті күшейту бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Қазіргі кезде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың бес негізгі қадамы әзірленді, - деп атап өтті Л.Бюрабекова.

Комитет төрайымы, сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің арасында жиі кездесетін дәрі-дәрмекпен айналысатын компаниялардың препараттарын «өткізіп» беру жағдайына тоқталды.

– Медицина қызметкерлері арасында дәрілік заттар жарнамасына қатысу не оларды жұмыс орнында өткізу, азаматтарды белгілі дәріхана ұйымдарына жіберу, олармен ынтымақтастық орнату жағдайлары болса, кінәлілерге заңмен шара көріледі. Бұл жағдайда маман сертификатынан айрылып, 80 АЕК-тен бастап 300 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, - деді спикер.

Шымкентте өткен жылы 7 дәріханада Қазақстанда тіркелмеген және қауіпсіздігі айқындалмаған 298 препарат сату фактісі тіркелген.
Ал СК «Фармация» ЖШМ төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп Шымкентте биылға құны 4,8 млрд теңгені құрайтын амбулаториялық дәрімен қамтамасыз етуге ұсыныс түскенін жеткізді.

– Елімізде тіркелген және қауіпсіздігі сақталған кез келген препараттың қорабындағы нұсқама қазақ тілінде жазылады. Осы арқылы дәрінің жалған еместігін ажыратуға болады, - деді Б.Шәріп. – Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпарат алу үшін Саll-орталық іске қосылды. Осы орталыққа 1439 қысқа нөмірі арқылы хабарласып, тегін босатылатын дәрілер жайында кез-келген ақпаратты білуге және шағымдануға болады.

Бұдан бөлек, шілде айынан бастап DariKz мобильді қосымшасының көмегімен тіркелген дәрі-дәрмектер, бағасы, дәріханаларда сату шарттары және қолдану жөніндегі нұсқаулықпен толық танысуға болады.
Брифинг барысында жауапты мамандар жалған дәрілік заттармен күрес, дәрілік заттарды рецепсіз босату және жазу қағидаларын бұзу мәселелерін талқыға салды.

Дүниеге келді қос үшем

Среда, 26 Июнь 2019 06:25

Мегаполисте қос үшем дүниеге келді. Миллионды қаланың демографиясының дамуына үлес қосқан аналарды денсаулық сақтау басқармасының басшылығы құттықтап, үшемдерге сый-сияпат жасады.

DSC 8317

Қала тұрғыны Аида Баянболова үш бірдей қызды дүниеге әкелсе, Гулмира Қуандықова екі қыз бен ұл баланың анасы атанды. 33 жастағы Аида Баянболова 12 жыл бойы сәбилі болуды армандағанын айтады. Енді Аиданың шаңырағында Айзере, Алуа, Айзия есімді сәбилер бар.

– Мерзімінен бұрын дүниеге келген үшем жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазір балалардың денсаулығы жақсы, салмақ та қосты. Анасына үшемге қалай күтім жасау қажеттігін түсіндірдік, - деді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі Насиба Қорғанбаева.

Ал 22 жастағы Гүлмира Қуандықованың босанғанына бір жеті болды. Сәбина, Әлинұр және Адина есімін иеленген сәбилер күніне жетпей туғанымен, дәрігерлердің көмегімен жағдайлары бірқалыпқа түскен. Үшем мен аналары әлі біраз уақыт перзентханада дәрігерлердің бақылауында болады. Жас ана перзентхана дәрігерлеріне алғысын жеткізді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная аналарға ыстық ықыласын жеткізіп, балаларының сау болып өсуіне тілектестік білдірді.

– Қос үшем дүниеге келіп қуантып жатыр. Босанған ана мен нәрестелердің денсаулығы дәрігерлердің бақылауында болды. Перзентханадан шыққан соң да емхана мамандарының жіті назарында болады, - деді дәрігер.
Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері 10 мыңнан аса сәби дүние есігін ашқан.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері қайырымдалық шарасына қолдау көрсетті.

DSC 7485

Игі істі қолдаушылар «#СізҮшін365Не?» науқанына қосылып, қайырымдылыққа 365 теңгеден жұмсады. Марафонды «Kzhol Shymkent» оңалту орталығы және «Қасиетті Жол» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырып отыр.
– Жақсылықты бөліссе көбейеді. Біздің қызметкерлер осы игі іске өз үлестерін қосып отыр. Өйткені, қоғамда болып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмаймыз.

Басқа азаматтардың мұқтажына қол ұшын созуға өзгелерді де шақырамыз. 365 күніміздің әрбір таңын керемет жақсылықтардың бастамасына айналдырайық, - деді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

«Kzhol Shymkent» оңалту орталығы басшысының орынбасары Айгерім Жұмағалиеваның айтуынша, қайырымдылыққа үндейтін бұл марафонды мекемелер алғаш рет қолдап отыр.

– Елімізде сал дертіне шалдыққан 26 мыңнан астам бала бар. Оның 15 мыңға жуығы оңтүстік өңірінде тіркелген. Қарапайым халықтың демеушілігімен осы балаларға көмек көрсетуді бастағанымызға екі жылдай болды. Орталық айына 50 бала ғана қабылдай алады. Ал ем-домды, оңалтуды қажет ететін сал ауруына шалдыққан балалар саны көп. Егер әр адам күніне 1 теңгеден беріп, 365 күнде қайырымдылыққа жұмсаса, қанша балаға көмектескен болар едік.

Осы ниетімізді алғаш рет «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы қолдап отыр. Алғысымызды білдіреміз, - деді Айгерім Жұмағалиева.
Ұйымдастырушылар марафон қаладағы өзге де мекемелерде қолдау табатынына сенімді.

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры жылына 450-ден астам қойылым қойып, оны 40 мыңнан астам көрермен тамашалаған.

DSC 7385

36 жылдық тарихы бар өнер ордасы тұңғыш рет жастарға шығыстың шайыры Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» драмасын сахналады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Бахтияр Спанов мәлімдеді.

– «1983 жылы қала тұрғындары 400 мыңнан асты. Мұндай қалаға балалар үшін қуыршақ театры қажет» деп Асанбай Асқаровтай апталдай азамат ашқан театр бұл. Бүгінде театр репертуарында отандық және шетелдік драматургтардың қазақ және орыс тілдеріндегі 120-дан астам қойылымы бар. Жуырда Жастар жылына орай драматургия саласына бет бұрып, «Ләйлі-Мәжнүнді» сахналадық.

Мұндағы мақсат – жастардың жан-дүниесін ұлттық мәдениетімізбен байыту. Өйткені, біздің театр осы уақытқа дейін балабақша, бастауыш сынып балаларына ғана қойылым қойып келді де, 6-11 сынып аралығындағы оқушылар назардан қалып қойды. Дәл осы уақытта балалардың бойында өзгерістер орын алады. Біз осы аралықтағы кеңістікті мәдениетіміз арқылы жақсы бағытқа бұрғымыз келеді, - деді театр басшысы Б.Спанов.

Театрдағы қойылымның қоюшы режиссері Самат Алтаев шығыстың дастаны арқылы жастарды адалдыққа, құрметке шақыруды басты мақсат еттік, деді. Өнер жанашыры көрерменнің тетарға деген ашық қарым-қатынас орнаса деген пікір айтты. Брифинг барысында өнер мекемесінің ғимарат мәселесі, жас актерлердің жетіспушілігі секілді проблемалары да айтылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы қуыршақ және жасөспірімдер тетарының қойылымдары халықаралық фестивалдерде оң бағасын алған. Ұжым бірқатар байқауларда озық шығып, «Үздік әртіс», «Ең үздік режиссер», «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі», «Сала үздігі- 2015», «Ең үздік актерлік жұмыс» номинацияларын жеңіп алған.

Шымкентте дүниежүзілік артериалды гипертониямен күрес күніне орай онкүндік аясында «Өз қан қысымыңды анықта!» акциясы ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараның маңызы зор. Себебі, бүгінде жүрек-қан тамыр дертіне шалдығушылар қатары артуда. Шымкентте артериалды гипертониямен 65 мыңға жуық науқас диспансерлік есепке алынған.

Осы орайда аяқ астынан ажал құштыратын дерттен қалай сақтанамыз? Шымкент қалалық кардиологиялық орталық бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы Гүлмира Алиповамен осы мәселе төңірегінде сұхбаттастық.

IMG-20190613-WA0058

– Гүлмира Шекербекқызы, әңгімемізді жуырда орталықта жүректі диагностикалау бойынша ресейлік дәрігер өткізген шеберлік сабағынан бастасақ. Жүрек қан-тамыры ауруларының алдын алуда диагностикалау қаншалықты маңызды?

– Кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуде жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасаудың маңызы зор.

Мәселен, экокардиография аурудың пайда болу себебін және болжамын анықтаса,допплерография инфарктен кейінгі ота алдында негізгі тексеру үшін қажет. Жоғары атап өткен УДЗ хирургиялық науқастарға ота алдында, ота кезінде және отадан кейін де қажетті құрылғы. Шымкент қаласындағы 8 емханада және қалалық диагностикалық орталықта жүрекке диагностика жасайтын заманауи УДЗ құрылғысы орнатылған.

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын ескерсек, диагностикалаушы мамандар да біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Қазіргі таңда осы мәселеге бетбұрыс жасалынып жатыр. Ресейдің Самара мемлекеттік медициналық университетінің сәулелі және ультрадыбыстық диагностика кафедрасының доценті Ольга Терешинаны қаламызға арнайы шақырттық.

Мысалы, орталыққа жуырда 3D, 4D режимде көруге мүмкіндік беретін эксперт санатты ультрадыбыстық диагностикалық құрылғы жеткізіледі деп жоспарлануда. Осы жағдайда мамандарымыз жаңа технологиямен жұмыс істеуге дайын болуы тиіс.

– Жүрек қан-тамыры аурулары кардиологтардың бас ауруына айналған күрделі мәселесе болып тұр. Дертпен күрес қалай жүруде? Ауру көрсеткішіне тоқталсаңыз.

– Ия, әлемдік статистика көрсеткендей, онкология – 13%, жарақат – 12% және жүрек-қан тамыры ауралары (ЖҚА) – 26%, барлығын қосқанда барлық өлім-жітім арасында 51%-ды құрайды.

Шымкент қаласында өлім-жітім көрсеткіші былтыр біршама азайды, нақты айтқанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша 128,7 (100 мың халыққа шаққанда), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9%-ға төмен. ЖҚА көрсеткіші – 28%-ды, жіті миокард инфарктісінен өлім-жітім – 7,03 (100 мың халыққа шаққанда), ол республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 42%-ға төмен. Ал республикамен салыстырғанда өңіріміз өлім-жітім бойынша 5-орында тұр.

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша артериалды гипертониямен 65 мыңға жуық, жүректің ишемиялық ауруларымен 16 349 науқас диспансерлік есепте тұр. Елімізде «Артериялық қан қысымыңызды бақылай отырып, өміріңізді басқарасыз!» ұлттық бағдарлама аясында аурудың алдын алу шаралары жұмыс істейді. Осы бағдарлама аясындағы ұйымдастырылған акцияда тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыруға тырысамыз.

Жалпы артериялдық қан қысымын анықтауда халықтың белсенділік танытуы маңызды. 18 жастан асқан әр адам өз артериялдық қан қысымын білуі керек. Бүгінде елімізде шамамен 1,5 миллион адам артериялдық гипертониядан зардап шегеді және жартысы өз дерті туралы білмейді екен. Артериялдық гипертонияны емдеу ерте басталып, дәрігер тағайындаған ем үзіліссіз болғанда ғана адамның өмір сүру ұзақтығы артады.

– Шымкент республикадағы мегаполис қалалар қатарына енді. Технология, экология, күйзеліс, ішіп-жеуді әдетке айналдырған көше тағамдары, яғни осылардан гипертонияға шалдығу қауіптілігі артуы мүмкін бе?

– Бұл аталғандардың арасында расында күйзеліс пен дұрыс тамақтанбаудан дертке шалдығу қауіптілігі бар. Одан кейін дене белсенділігінің аз болуы қауіпті факторлардың арасында бірінші орында тұр. Осы тізімнің қатарындағы тұқымқуалайтын семіздік те ойлантарлық мәселе.

Мәселен, 3-6 жасар бүлдіршіннің дене салмағы артық болса, семіздіктің сақталу мүмкіндігі 50%-ға артады. Жасөспірімдердің 80%-ға жуығы қажетті шараларды қабылдамаса, есейгенде сол қалпы қалады. Артық салмақ – жүрек ауруларына «жол салып беретін» бірден-бір фактор. Бұдан бөлек жүректің жауы – тұз, тұзды тағамдар. Сондықтан ас тұзын тұтынуды оңтайландыру қажет. Отбасында тамақтану әдеті кейбір «тұзы аз» тағамдарға бағытталса, дұрысы сол.

Жалпы денсаулық деңгейіне факторлар арасында темекі шегу мен ішімдіктерді тұтыну да бар. Әр тартылған темекіден кейін артериялық қан қысымы бірден артатынын біліп жүрген артық болмайды. Балалар арасында қан қысымының жоғары болуына аз қозғалысты өмір салты, фастфудты көп тұтыну ықпал етеді.

– Балалар демекші, жуырда Ұлттық ғылими кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя қала әкімімен кездесуінде үшінші мегаполисте балалар кардиохирургия орталығын ашу мәселесін көтерді. Бұл кеселдің балалар арасында да дендеп бара жатқанын айғақтай ма?

– Ия, жүрек аурулары балалар арасында да өзекті. Өңірімізде жылына 80 мыңға жуық нәресте туылады, соның 850-ге жуығына туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылады. Жылына 300-ден астам балаға ота жасалады. Айталық, 250 ота ашық жүректе және 120 ота интервенттік әдіспен балалар кардиохирургия бөлімінде, облыстық балалар ауруханасында өтті. 100-ден астам күрделі туа біткен жүрек ақауы бар балалар республикадағы орталықтарға санавиациямен жеткізіледі.

Сондықтан еліміздің бас кардиологының көтерген мәселесі орынды. Ал артериалдық гипертония мәселесіне тоқтай кетсек, балалар мен жасөспірімдер арасында бұл дерт аса өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Себебі, ересек адамның зиянды әдеттерін жою немесе өмір салтын өзгертуге қарағанда баланы кішкентай кезінен өз денсаулығына дұрыс, саналы түрде қарауына тәрбиелеу, тұрақты белсенді өмір салтына дағдыландыру оңайырақ.

Ол үшін әр отбасында дұрыс тамақтану ережелері туралы балалардың білімін түзетіп, тазалық пен тамақтану мәдениетін дағдыландырса дейміз.

– Артериалды гипертонияда өз бетінше ем қабылдап жүруге бола ма? Ол қаншалықты қауіпті?

e2e4d45374a7e19dd27371093c6bb9bc XL

– Сау адамның типтік артериялық қан қысымы 120 және 80 мм Hg құрайды. Оның деңгейі сынап бағанасынан 140/90 мм және жоғары болса артериялық гипертония болып есептеледі. Егер адам өзінде артериалды гипертония белгісін байқаса, міндетті түрде дәрігерлік тексерілуден өтіп, қажетті ем-домын алып тұруы тиіс. Әйтпесе, оның соңы жүрек ауруы, инсульт пен жүрек жеткіліксіздігіне ұласады, мүгедектікке апарады немесе мезгілсіз өлімге душар етеді.

Артериялық гипертензияны «үнсіз жан алғыш» деп бекер айтпайды, себебі бірінші кезде бұл аурудың белгісі білінбейді. Адам өзін жақсы сезініп, белсенді болады. Егер осы кезде тексеру жүргізсе, жағымды көңіл-күймен ағзадағы бар өзгерістерге қатысты арасында сәйкессіздік анықталады. Артериялық қан қысымын өлшеу салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі болуы керек. Қан қысымын таңертеңнен бастап күніне бірнеше рет өлшеу керек.

– Кардиолог маман ретінде дерттен сақтануда кеңес берсеңіз...

– Жоғары қан қысымының даму қаупін және оның қолайсыз салдарын азайту үшін әр адам мынадай нақты қадам жасай алады. Майлы, тұзды тағамдардан бас тартып, жемістер мен көкөністерді көбірек жеген дұрыс. Алкоголь мен мен темекіні тұтынуды тоқтатып, салауатты өмір салтын ұстануға көшуге кеңес берер едім.

Сондай-ақ, балалар мен жастар кемінде күніне 60 минутын дене белсенділігіне арнағаны жөн. Онсызда қазіргі техника заманында дене белсенділігі аз уақытта оларды теледидар немесе ұялы телефонға телміртуге болмайды.
Алда жаздың аптап ыстық күндері келе жатыр. Қан қысымын қалыпты ұстауда кардиологтардың кеңесін ұстануға кеңес береміз.

– Артериялық гипертензиямен есепте тұратын науқастарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде қандай өзгерістер күтуде?

– Тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында жүрекке жасалатын оталар, артериалды гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүректік жетіспеушілік, аритмия ауруларына шалдыққан науқастар тегін емделеді. Жыл басынан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізілген. Оның ішінде басқа әлеуметтік төлемдермен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да бар.

Бұл төлем азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының талаптарын сәйкес 2020 жылдан бастап мемлекет азаматтардың 13 санатына сақтандыру жарнасын аудара бастайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
А.КЕРІМҚҰЛОВА

Дәрігер кеңесі:

Жүрекке пайдалы велосипед теуіп, баскетбол немесе футбол ойнау, доппен ойнау, жаяу жүру керек.

Жүрекке пайдалы азықтар: жұмыртқа, ірімшік, сүт өнімдері, жаңғақ, сүтпен кептірілген жемістерді жеу керек.

Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіліп, дәрігерлерге пәтер кілті табысталды. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов және медициналық ұйымдардың қызметкерлері, ардагер-дәрігерлер қатысты.

DSC 4764

Қала әкімі дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, медицина саласында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, 1 маусымнан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілді. 2 қалалық аурухана мен қалалық перзентхана күрделі жөнделуде және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 8 емхана салынады. Жуырда шет елдік инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде 1200 орындық көпсалалы аурухана салынады.

Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Дәрігердің шетелдерде біліктілігін арттыруға жағдай жасалады. Жыл соңына дейін жедел жәрдем стансалары 100 санитарлық көлікпен қамтамасыз етіледі, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Салтанатты жиында қала әкімі 9 маманға пәтер кілтін табыстады. Соның ішінде қалалық кардиологиялық орталықтың екі дәрігеріне қызметтік пәтер берілді. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың 30-дан аса қызметкері Шымкент қаласы әкімінің, қалалық мәслихат, «Nur Otan» партиясы және денсаулық сақтау министрінің марапатына ие болды.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басақрмасының басшысы Асхан Байдувалиев та дәрігерлерге игі тілегін жеткізіп, үздіктерді марапаттады. Қалалық онкологиялық орталық «Үздік аурухана ұйымы» атанса, №3 емхана - «Үздік емхана ұйымы», қан орталығы - «Үздік медициналық ұйым» деп танылды, терепевт, хирург, педиатр, акушер-гинекологтар арасынан жылдың үздіктеріне құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, Шымкентте мемлекеттік 36, жекеменшік 69 медициналық ұйымда 12 мыңнан астам қызметкер халыққа қызмет көрсетеді.

Кезектен тыс Президент сайлауының әділ өтуіне атсалысқан Шымкенттегі «Аманат» азаматтық платформасының бақылаушылары саяси додада өрескел заңбұзушылықтарды тіркеп, ескертулер жасаған.

5959595

Бұл туралы «Аманат» азаматтық платформасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Ербол Дайрашев сайлау қорытындысын журналистермен бөліскен басқосуда жеткізді.

– Біздің бақылаушылар қаладағы 241 сайлау учаскесінде бақылау жүргізді. Арасында заңсыздықтарға жол берген учаскелер кездесті. Соның ішінде 5 сайлау учаскесінде өрескел заң бұзушылықтар тіркелді. Олардың арасында бюллетенді топтап салу, жеке куәліктің көшірмесімен дауыс беру, учаскенің уақтылы ашылмау фактілері болды. Кейбірінде фото және видио жасауға рұқсат берілмеген.

Сонымен қатар халықтың дауыс беруіне ыңғайлы жағдай жасалмаған учаскелер анықталды. Нәтижесінде екі бақылаушыға жедел жәрдем қызметін шақыруға тура келген. Оларға қатысты тиісті акт толтырылды. Бұдан бөлек, 8 ауызша ескерту жасалды, - деді Ербол Дайрашов.

Жетекшінің айтуынша, «Аманаттың» Шымкенттегі штабы 500 байқаушыны дайындаған. Саяси дода уақытында қосымша 18 мобильді капитан үйлестіру жұмыстарын жүргізген. Жиын барысында азаматтық платформа мүшелері де өздері жүргізген бақылау нәтижелерімен бөлісіп, сайлаудың ашық өткенін жеткізді.

Айта кетейік, «Аманат» платформасы қоғам белсенділерімен БАҚ өкілдері және басқа да қоғамдағы белсенді азаматтардың қатысуымен құрылған болатын.

1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Арбатта балалар жәрмеңкесі өтті.

ярмарка

Бизнес жəрмеңке «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен осымен екінші рет ұйымдастырылды. Бұл жолы айтулы іс-шараға 6 мен 14 жасқа дейінгі 90 бала-кəсіпкер қатысуға өтініш берген. «Shymkent» ӘКК басқармасының басшысы Рашид Аюпов балаларды мерекемен құттықтап, олардың балалық шағы бақытты өтуіне тілектестік білдірді.

- Шымкентте керемет ауа райы мен еңбекқор халық бар. Сондықтан балаларымызды жастайынан кәсіпкерлікке үйретуді мақсат еттік. Өткен жәрмеңкеге қатысқан 70 баланың саны бұл жолы 90-ға артты. Балалардың жұмысын саралай келе, келешекте оларды бейіміне қарай топтастырып, шығармашылық еңбегін дамытуға қолдау жасаймыз, - деді Рашид Аюпов.

Жәрмеңкені аралап, балалардың еңбегімен танысқан Р.Аюпов кішкентай кәсіпкер Әлімжан Аденовтың қолынан шыққан бұйымды сатып алды. Жәрмеңке қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Кішкентай кәсіпкерлер саудадан түскен қаржының 10 пайызын нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта робототехника кабинетін жабдықтау жөніндегі жобаға аударды.

Страница 8 из 32