shymkent-isxakov 4

Үшінші мегаполисте инфрақұрылымды дамыту қала басшылығының күн тәртібінен түскен емес. Шымкентте халықтың саны көбейген сайын барлық салада жұмыс қарқыны арта бермек. Әсіресе, шаһар басшысының орынбасары Мақсұт Исахов жетекшілік ететін спорт, туризм, жол құрылысы, транспорт, цифрландыру, қала орта сапасы мен оны бақылау және еңбек инспекциясы салаларында тың өзгерістер байқалады. Оған біз БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында қанықтық.

 

Тойхананы спорт кешеніне айналдыруға мүмкіндік бар

Шаһар басшысының орынбасары Мақсұт Пернебайұлы бастаған топ алдымен  мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыру жобасына қамтылған бірқатар жекеменшік спорттық нысандарды аралады. БАҚ өкілдері, ең әуелі іріктеуден өткен білікті өнім берушілердің бірі «Эталон Клининг» ЖШС-де болды.

Кәсіпкер «STRONG» фитнес орталығын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуде. Спорт кешенінің жалпы ауданы 950 шаршы метрді құрайды. Кәсіпкер бокс және таэквондо спорт түрінен 160 балаға өтінім жолдап, осы жылдың 3 шілдесінен бастап мемлекеттік қолдау аясында балаларды жаттықтыруды бастаған. Қазіргі таңда 150 ата-анадан өтінім түсіп, келісімшарт жасалған.

– Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың мамыр айында «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға  artsport.edu.kz мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады. Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез келген спорт секциясына тегін бара алады, – деді М.Исахов.

Жаңа жобаға сәйкес ата-аналардан спорттың 71 түрі бойынша өтініштер қабылданады. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 25 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 20 кәсіпкер біліктілік іріктеуінен өтіп, оң шешім берілді. Бір кәсіпкердің өтінімі қаралуда, 4 кәсіпкердің өтінімі талапқа сай келмегендіктен кері қайтарылған. Қазір спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу спорты, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 3347 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биыл 339,8 млн теңге қаралып, 4096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндіктері бар.

Мақсұт Пернебайұлы ел президентінің балалар спортын дамыту бойынша берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отырған жобаға тойхана иелерін тартуды көздеп отыр. Кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп, құжаттарды талапқа сай қайта рәсімдеп аз-кем құрылыс жұмыстарын жүргізсе, мемлекет қолдауына ие болмақ. «Бұл ретте пандемия салдарынан қаңырап бос тұрған тойханалардың жұмысы қайта жанданар еді» дейді.

 

Жол құрылысы межелі уақытта аяқталады

Бұдан кейін баспасөз туры Терешкова көшесінен Бөгет кешесіне дейінгі аралықта жүріп жатқан құрылыс орнында жалғасты. Онда журналистерге Мақсұт Исахов  Қонаев даңғылы жалғасының құрылыс барысымен таныстырды. Аталған көше бойынша жөндеу жұмыстары 2020 жылдың қазан айында басталған. Шымкент қаласының маңызды көшесі саналатын бұл даңғылдың құрылыс жұмыстары «КазахДорСтрой» ЖШС-не жүктелген.

shymkent-isxakov 5

Үшінші кезеңнің жалпы ұзындығы 6 жолақты 0,561 шақырымды құрайды. Ал жолдың ені – 42 метр. Бүгінгі таңда 700 метр екі бағытты айналма темір жолын, 948 метр кәріз құбырын салу, 3,4 шақырым кабель желілері, 24 темір жол электр бағаналарын және 2 дана жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, темір жол өткелінің 24 дана свай құю, 60000м3 жер жұмыстары және 4 дана темір жол көпірінің негізін құю және 4 дана теміржол балкаларын орнату жұмыстары орындалған.

Қазіргі уақытта тіреу қабырғаларын құю мен инженерлік желілердің орнын ауыстыру, мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру сынды жұмыстар атқарылуда. Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысын журналистерге таныстырған қала әкімінің орынбасары М.Исахов Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сонымен бірге мұндағы жұмысшылардың қауіпсіздігі мен құрылыстың сапасы басты назарда екенін жеткізді. Ал жалпы бес кезең бойынша жол салу жұмыстарын келер жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

 

Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл серіктестік жасыл желектерді күтіп ұстау мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындарының бірі. Мұнда бас-аяғы 200-ге жуық жұмыскер еңбек етеді. Ұжымның Мақсұт Исаховпен кездесуінде еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайлардың алдын алу туралы ескерту берілді.

shymkent-isxakov 3

Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитарлық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені айтылды.

Баспасөз туры барысында төртінші билік өкілдері көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылатын жеделсатыны басқарма тарапынан сынақтан өткізіп есепке алу, мемлекеттік көрсетілетін қызметінің жұмысымен танысты. Бұл ретте журналистерге Тұран-2 шағынауданында орналасқан №7 үй лифтіне сынақ жұмыстарын жүргізу барысы көрсетілді. Мамандардың айтуынша, сынақ екі түрден тұрады. Ең бірінші статикалық кезеңінде жеделсатының орналасқан шахтасы, басқару орталығы, кабинаның техникалық сипаттамасы тексеріледі. Ал динамикалық кезеңде сынақ жұмыстары толық сатымен өтілгеннен кейін, жүк көтергіш механизмдері тексеріледі.

Шымкент қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінде орнатылған лифттердің саны бүгінгі таңда 401-ді құрайды. Оның 397-сі жұмыс істеп тұрса, қалған төртеуі істен шыққан. Яғни,  Тәуке хан көшесінде орналасқан
№29 үйдің 6 жеделсатысының 3-і, Ғ.Иляев бойындағы № 37 үйдің 2 лифттің біреуі істемейді. Ал, істеп тұрған 397 лифтінің  26-ның пайдалану мерзімі ұзартылған. Ол 3 жылға жарамды. Бұдан бөлек, қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде  66 лифт, білім беру басқармасына қарасты мектептерде 23 лифт, қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қонақ үйлерде 58 лифт жұмыс істейді.

 

Сапалы интернет 35 мың тұрғынға қолжетімді

Журналистер барған кезекті нысан Ақжайық шағынауданы болды. Онда БАҚ өкілдеріне «i-LinkNet» мекемесінің жоғарғы жылдамдықты талшықты оптика желісін тарту бойынша атқарылған жұмыстары баяндалды. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель жүргізілген. Ондағы өтініш қалдырған 500-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізіпті.

shymkent-isxakov 1

Сонымен қатар, инвестор компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартқаны айтылды. Басқарма басшысы Әсет Әбдірахановтың айтуынша, бүгінде аталған елдімекенде 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді. Аталған шағынауданның өтініш білдірген алғашқы 100 үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініштер қабылдану үстінде.

Тұрғындар тарапынан кеңжолақты интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер берілген жағдайда, компания тарапы шағынауданды толыққанды талшықты оптика желісімен қамтамасыз етпек. Алдағы уақытта «i-LinkNet» компаниясы  Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандарын талшықты оптика желісімен қамтылады.

 

Өнерлі әулеттің табысты бизнесі

Өзі жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ өкілдеріне таныстырған  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы мегаполистің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды да көрсетті. Журналистер баспасөз туры аясында «Алтын Орда» көркемсурет галереясын және Бейісбековтер әулетінің туындыларын тамашалауға арнайы барды.

shymkent-isxakov 2

Қазақ халқының қолөнері сонау ықылым заманнан бері, күнделікті жаңғырып, түрленіп жатқан өте бай қазына. Сол құндылықтың тамырын кең жайып, маңызын жоғалтпай дәріптеп келе жатқан жанұяның бірі – Бейісбековтер әулеті. Қолданбалы өнердің бірнеше түрін меңгерген Болат Бейісбеков бұл салада 30 жылдан аса еңбек етуде. Бүгінде шебер сүйген ісін кәсібіне айналдырып, жеке отандық брэнд қалыптастырып отыр. Ата кәсіптің негізін қалаған Болат Бейісбековтің жұбайы мен балалары да дәл осы сала иелері. Бір отбасындағы 7 жан киізден түрлі жасау жасап, түскиіз тоқып сонымен қатар ер-тұрман жасайды. Бұл орталық Шымкентке келуші отандық және шетелдік туристер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие.

Қиялы ұшқыр шебер отбасының туындылары қазақы салт- дәстүрді ұштастыра отырып жаңғыртуымен ерекшеленеді. Шеберлер отбасының қолынан шыққан ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлары қала тұрғындары һәм шаһар қонақтары тарапынан сұраныс жоғары. Ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп қалған қолданбалы өнерді насихаттаушы жандар журналистер қауымына көне бұйымдардың жасалу тәсілін  үйретіп, шеберлік сағатын да ұйымдастырды.

Болат Бейісбеков – халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері. Ол жасаған бұйымдар бүгінде Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінің көрме орталықтарында кеңінен танылып жүр. Қолынан іс келетін белгілі өнер иесі бойымыздағы қасиетімізді жастарға үйретіп кетсек деп отыр. Өнердің сан түрін меңгерген шеберлер отбасы ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлар көрмелеріне қатысып, бірнеше елдерді аралап келгенін айтады. «Жыл сайын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, өнерімізді дамытып отырамыз. Мемлекеттен қолдау болса, ісімізді одан әрі дамытатын едік» – дейді өнер иесі.
– Біз он жылдан бері осы орталық арқылы отбасылық кәсібімізді дамытып отырмыз. Бұл тек көркемсурет галлереясы ғана емес,  нағыз шығармашылық шабыттың бастау алатын ордасы деп айтқан болар едім. Мегаполистің туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Бұл ретте біз секілді қолөнершілер мен суретшілердің идеяларын да бір жоба ретінде қабылдаса болады. Алға қойған жоспарларымыздың бірі үлкен өнер үйін салу, – дейді Б. Бейісбеков.

БАҚ өкілдері аралаған соңғы нысан «Арбат» демалыс орыны болды. Онда журналистерге Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров туристік полиция бекетінің жұмысымен таныстырды. Бұл бекет жан-жақтан келген туристерге қала туралы ақпарат беріп, бағыт бағдар көрсететін ақпарат орталық десек те болады.

mobildi-gruppa

Шымкентте аудан әкімдіктерінің жанынан құрылған мониторингтік топ өкілдері бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар COVID-19  індетінің  алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында қала аумағында орналасқан нысандарға тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Бір ғана Еңбекші ауданында 9-17 тамыз аралығында халықтың көп шоғырланатын орындарында  тексеру жұмыстары ұйымдастырылған. Нәтижесінде 13 ірі сауда үйі мен базарларда 1289 нысанды аралап, карантин режимін бұзған 15 жағдай анықталған.  Ал жыл басынан бері 12 669 нысанның 522-іне хаттама (жеке тұлға - 482, жеке кәсіпкер – 28, жауапты тұлға – 5, заңды тұлға - 7)  хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы  35 160235  теңге айыппұл салынған.

Аудан аумағындағы 22 тойхана мен банкет залдарына аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкерлерінен тұратын кезекшілік ұйымдастырылды. Нәтижесінде көпшілік іс-шара өткізудің алдын алып,  аудандағы банкет залдары мен тойханаларда жиын өткізуге шектеу қойылды. 

Карантин режимін өрескел бұзған 8 нысан сотқа өткізіліп, айыппұлмен 1 ай мерзімге қызметі тоқтатылды.

Ал Абай ауданы бойынша мобильдік топтың құрамына ерікті түрде қоғамдық бірлестік өкілдері және №13 қалалық емхананың қызметкерлері мен учаскелік полиция қызметкерлері енгізіліп, тексеру шараларын жүргізуде.

1 -16 тамыз аралығында 34 нысанға айыпұл салынған. Жыл басынан бері  карантин талаптарын елемеген 550 нысан 31 млн теңге айыппұл арқалаған. Оның ішінде баянат бойынша398 нысанға 18,5 млн. теңге көлемінде, шұғыл хабарлама аясында 76 нысан 507 580 теңге, ал жоспардын тыс тексеру кезінде 74 нысанға 7 млн. теңге айыппұл  салынған. Аудан аумағында жалпы ірі 13 базар мен 12 ірі сауда орындары бар.
Әл-Фараби ауданында да санитарлық талаптарды сақтау  бақылауға алынған. Аудан әкімі аппараты жанынан «COVID-19» пандемиясына байланысты енгізілген карантин талаптарын жүйелі түрде сақтамай бұзатын нысандарды аралау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 8 мониторингтік топ құрылған. Құрамында арнайы мекемелердің жалпы 52 қызметкері бар. Оның ішінде 23 аудандық ішкі істер қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау мекемесінің өкілдері, қоғамдық ұйым және жастар орталығының өкілдері бар. Арнайы мониторинг тобымен жыл басынан бері 31 174 кәсіпкерлік нысан тексерілді. Оның ішінде 442 кәсіпкерлік нысанға арнайы әкімшілік хаттама толтырылып, 31 172 970 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Құрылған мониторингтік топтар тарапынан күнделікті кәсіпкерлік нысандарды аралап, анықталған құқық бұзушылықтар (карантиндік шектеу талаптарын сақтамау яғни жұмыс режимін сақтамау, маска режимін сақтамау, әлеуметтік қашықтық сақтамау, келушілер санының лимиттен асуы) бойынша акті, қолхат, фото, видео материалдар алынуда. Сонымен қатар, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысындағы талаптарды сақтамаған кейбір мекемелерде нысан иесінің болмауына байланысты нысанның «Ashyq» бағдарламасы арқылы толық заңды тұлға ретінде тіркелген мәліметтері көрсетіле отырып акт толтырылуда.

Қазіргі таңда аудан аумағындағы 15 тойхананың әрқайсысына жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен құрылған арнайы экипаждар мен учаскелік полиция инспекторлары бекітілген. Мониторингтік топпен жыл басынан бері 78 той-жиын тоқтатылып, тарқатылған.

Шымкент қаласы бас санитарының 9-тамыздағы №27 қаулысына сәйкес, Қаратау ауданы аумағындағы кәсіпкерлік нысандарында карантиндік режим талаптарын күшейту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына сәйкес карантин режимі бойынша құрылған 10 мобильді топпен нысандарда санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар жүргізілуде.

Жыл басынан бері жүргізілген күндізгі және кешкі рейдтік  іс-шаралар нәтижесі бойынша  аудан аумағындағы 10 140 кәсіпкерлік нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қаратау аудандық мобильді топ өкілдерімен санитарлық талаптарды сақтамаған 697 нысан анықталған. Заң аясында шара көру үшін түсініктемелер алынып, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Нәтижесінде 39 512 820 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.  

Соның ішінде карантин талаптарын сақтамаған бірнеше тойханалар Мамандандырылған әкімшілік сотының  шешімімен атап айтқанда, «Роял-рос» мейрамханасы, «Екі жұлдыз» тойханасы, «Ұлы тау» тойханасы, «Атамекен» тойханасы 1 айға жабылды. Сондай-ақ, аудан аумағындағы жалпы 17 тойханада іс-шаралар өткізбеу мақсатында Қаратау ауданы ЖПҚ-ның қызметкерлері бекітілді.

Аудан аумағындағы азық-түлік базарлар күніне 2-рет дезинфекциялау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.

Атап айтқанда Бәйдібек би, Назарбаев даңғылдарында орналасқан ірі сауда орындары (Метро, Шахан, Жаңалық, Сайман) мен базарлардың (Ынтық ата, Нұрсайрам) аумақтары дезинфекциялау (гипохлорид ерітіндісі) жұмыстарын күнделікті жүргізуде.

Қазіргі таңда мониторинг топтың алгоритміне сәйкес, «Infokazakstan» сайтына мониторинг жүргізілетін кәсіпкерлік нысандар тіркелуде.

pozilov-brifing

Үшінші мегаполис тұрғындарына COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған немесе инактивирленген (Sinopharm-ҚХР)  Vero Cell вакцинасын қолдану басталды. Шаһарда бесінші вакцинаның 40 мың дозасы жеткізілген. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Шаһардың бас дәрігерінің айтуынша, 536 мың адамды вакцинациялау көзделген. Бүгінгі таңда 406044 тұрғын қолданыстағы вакциналардың бірінші компонентін алған. Ал коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің екінші компонентін алғандар саны – 333479 адам. Осы кезеңде «Sputnik V», «КазВак», «Hayat Vax», «КоронаВак» (Синовак) вакциналарының екінші компонентімен 62,2% адам егілді. Оның ішінде қауіпті топтарға жататын медицина қызметкерлерінің 95,5%, мұғалімдер мен тәрбиешілер және барлық күш құрылымдарының қызметкерлерінің 100% жуығы 1-компонентпен қамтылған. Бақытжан Позилов қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқанын атап өтті.

Ал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев «Ashyq» жобасына 4603 нысан енгенін баяндады.

– «Ashyq» жобасына қатысушы нысандарға барып QR-коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 1033 хабарлама түсті. Шымкент қаласы бойынша анықталғаны 919, соның 524-і «қызыл» және 395-і «сары» статуспен анықталған. «Қызыл» және «сары» статуспен анықталған тұлғаларға 14-күндік үй карантинін сақтаулары керектігі туралы хабарлама беріліп, «сары» статуспен анықталған тұлғаларға санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды орындаулары туралы 317 қаулы шығарылды, – деді қаланың бас санитариялық дәрігері.

 

tajieva1

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Бүгінде ата-аналар оқу жылына дайындық жасап, балаларының керек-жарақтарын түгендеуде. Биыл оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарлануда. 2021-2022 оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Шымкенттік оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат ТӘЖИЕВА айтып берді.

Биыл 1 қыркүйекте 233 мыңнан аса бала мектепке барады. Оның ішінде 25 мың оқушы бірінші рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Қазіргі таңда 785 білім беру ұйымы толық «Ashyq» жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, мектептер сақтық шарасына байланысты дезинфекциялық заттармен қамтылады. Жанат Арысбекқызы шаһардағы педагогтер  мен мектеп қызметкерлері толыққанды коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын айтты.

– Өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарлануда. Бастысы – балалардың денсаулығы. Бір сынып - бір кабинет талабы сақталады. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде тағады. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдар болуы міндетті. Алғашқы қоңырау шарасы тек бірінші сыныптарға болады. Онда оқушыларға «Әліппе» оқулығы табысталады. 2-11 сыныптар үшін бекітілген кабинеттерде сынып сағаттары өтеді, - деді Ж.Тәжиева.

Жанат Арысбекқызы оқушылар дәстүрлі форматта білім алғанымен талаптың күшейгенін атап өтті. Қаланың бас ұстазы білім қоры арқылы қаладағы 57 466 балаға 30 000 теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек беріліп жатқанын айтты. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасы балалары мен басқа да санаттағы аз қамтылған әлеуметтік осал топтағы жандар бар.

– Егер 1 оқушыдан коронавирус шықса, бүкіл сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Бірінші сыныпта әлде бір топта вируспен ауырған бала шықса, онда дәл сол топ немесе сынып қашықтан оқыту форматына жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген қағидада дәл осындай мәселе қарастырылған. Оқушының, студенттің ата-анасы немесе білім алушының өзі ауырып қалса, онда одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да білім ордасына кіргізілмейді. Мектеп формасына келер болсақ, оқушылар бекітілген формамен қатар, классикалық үлгідегі киіммен келуге де рұқсат етіледі, - дейді ол.

Үшінші мегаполисте мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл шаһарда 23 мектептің құрылысы бітеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 19 білім ұясы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Ал қалған 4 жекеменшік мектеп жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

– Мемлекет басшысы әуелі апатты мектептерді қалпына келтіруді және үш ауысымда оқытуды жоюды тапсырғаны белгілі. Әрі бұл жағдай бүгінде ата-аналардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. Сондықтан да өңірлерде апатты мектептерден арылудың жолы жан-жақты қарастырылуда. Қаладағы білім беру мекемелеріндегі инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, биыл 12 714 орынға 23 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 4 мектеп мемлекет есебінен, 19 мектеп жекеменшік есебінен салынуда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер 14-тен 9-ға, мектебі жоқ тұрғын алаптар саны 13-тен 11-ге, ал ыңғайластырылған ғимараттағы мектептер 5-тен 4-ке қысқарды. Апатты деп танылған №79 жалпы білім беретін орта мектебінің мәселесі толық шешіледі. Қыркүйек айына 15 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 4-уі жыл соңына дейін тапсырылады, - дейді басқарма басшысы.

Жанат Арысбекқызының айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы білім беру мекемелерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Атап айтсақ, №14 мектеп пен №39, №105 балабақшаларына және Саз колледжі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал 175 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 136 мектеп, 29 балабақша, 10 колледж бар. 36 мектеп заманауи дизайнмен жаңартылады.

– Бүгінгі таңда қалалық білім басқармасына қарасты 258 нысанда қысымдау жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте қатты және сұйық отын тасымалдануда. Мектепті спорт алаңшаларымен қамтуға 1 015, 5 млн. теңге қаралып, 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынуда. 36 мектептің әжетханасы ішке ауыстырылды, - деді Ж.Арысбекқызы.

mektep

Ал оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер 20 тамызға дейін мектептерге жеткізілетін болады. Оларды сатып алуға 1,160 млрд. теңге бөлініп, оның 67 738 мың теңгесі көркем әдебиетке жұмсалмақ. Бұдан бөлек, мектептерді жаңғырту және пән кабинеттерін ашу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқаны айтылды.

– Жаңа оқу жылының жаңашылдығы пәндік кабинеттер жаңаруда. Бүгінге дейін қаладағы білім беру мекемелерінде пәндік кабинеттер көрсеткіші 32,2 пайыз болса, жаңа оқу жылында 263 кабинет сатып алу арқылы 62,5% жетіп отыр. Компьютерлік техникамен қамту мәселесіне тоқталсақ, 4 оқушыға 1 компьютерлік құрылғыдан тиюде. Өткен оқу жылында 27 оқушыға 1 компьютерден келетін. Бұл өз кезегінде оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруына септігін тигізеді. Қауіпсіздік те басты назарда. Мектептерде бейнебақылау және турникеттер орнатылуда. Үнемделген қаржы есебінен 80 мектепке, ал жалға алу арқылы 66 мектеп, 79 балабақша, 10 колледжге дабыл түймесі қондырылады, - дейді Ж. Тәжиева.

mektep-2

Адами капиталды қалыптастыруда және оның тиімділігін арттыруда білім беру саласының жетекші рөл атқаратыны белгілі. Мамандарының біліктілігі мықты, азаматтарының білімі терең, санасы биік елдердің өрісі кең, өркені мықты келеді. Мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел келешегін дәйектеп берген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыны басшылыққа алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім саласының көкжиегін кеңейтуге басымдық берді. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы көптеген игіліктерге жол ашты. Соның нәтижесінде еліміздегі білім жүйесі әлемдік үдерістерден кейін қалмай, жылдан жылға дамып келеді. Бұл ретте тәуелсіздік жылдары бой көтерген білім ұяларының алар орны ерекше.

Биылғы жаңа оқу жылы ел өміріндегі маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында екені ұдайы айтылып келеді. Бұл тек сөз жүзінде қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға, мектеп және балабақшамен қамту, мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, шет елде білім алуға мүмкіндіктер жасалып келеді. Айталық, тәуелсіздік жылдары білім саласына қарасты нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрылыс қарқынды дамыды.

Дерек дәйекті болсын деп келтіре кетейін, бүгінде елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда жалпы саны 3,4 млн бала білім алады. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп бой көтерген. Нәтижесінде 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны әжептәуір қысқарды. Оқушылардың орын тапшылығы төмендеп, апатты мектептер саны азайды. Бір ғана Шымкент қаласында тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы және арнайы түзілген «Жол картасы» аясында 66 881 орынға 98 мектеп салынған. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептер, Назарбаев Зияткерлік мектептер желісі құрылып, білім беру ұйымдарының 85 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілген. Бұл өз кезегінде оқушыларды сапалы біліммен қамтуға үлес қосқаны анық.

Шымкентте 30 жылда  98 мектеп салынды

mektep-1

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің саны екі есеге артқан. Бұл қатарда, «Сайрам» шағынауданында іргетасы 1991 жылы қаланған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы ел Тәуелсіздігімен бірге биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сол кезеңде жаңа тұрпатты мектеп аталған мекеме 1993 жылы көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі, 1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі дәрежесін иеленіпті. 2009 жылдан бері аталмыш білім ұясы мектеп-гимназия деңгейіне көтерілді. Міне, содан бергі уақытта Шымкент қаласында 100-ге таяу мектеп ғимараты ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Осы жылдары қаладағы қазақ тілінде ғана білім беретін мектептер де көптеп салына бастады. Олардың қатарында №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы бар. Еңселі ғимараттан сапалы білім мен тәрбие алған оқушылар бүгінде түрлі салада еңбек етіп, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға  үлес қосуда.

Талапшылдық. Еңбекқорлық. Міне,  дарын мектебі Шымкент қаласындағы 140-қа жуық мектеп арасында ҰБТ нәтижесі бойынша бірінші орынға шықты. Бұдан бөлек өнер, спорт саласында да жүлделі орындардан көрініп, республика жұртшылығына танылып үлгерді. Бүгінде бұл мектеп Қазақстандағы 100 үздік мектептің қатарына кіреді. Биыл республикалық олимпиада нәтижесі бойынша Шымкенттің 6 білім ұясы Қазақстанның  үздік 100 мектебінің қатарына қосылды. Олар  – ер балаларға арналған Білім-инновация лицей-интернаты,  химия-биология және физика-математика бағыттарындағы Назарбаев зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 мектеп және М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы.

Аталған жетістіктердің бәрі де «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» мәртебесін алмай тұрып қол жеткізген жетістіктер. Қазіргі таңда 5, 6, 7-сыныптарға  емтихан арқылы қабылданып, іріктеуден өткен оқушылар дарын сыныптарында оқиды. Мектеп директоры А.Орынбаевтың сөзінше, жетістікке технология мен техниканың күшімен емес, қарапайым тақта мен бордың күшімен жеткен.

–  Заман талабына сай жаңғыруға қадам басқан еліміз білімді ұрпақ тәрбиелеуге ерекше ден қойып отыр. 2012 жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында алдымен, №90 жалпы орта мектебі болып ашылған. Мектеп оқушыларының контингентін 98,9% көршілес мемлекеттерден атамекеніне қоныс аударып келген қандастарымыздың балалары қамтиды. Жалпы орта білім беретін мектепке 2020 жылы маусым айында «мектеп-гимназия», одан кейін «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» мәртебесі мен Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есімі беріліп, мектеп жанынан соғылатын интернат құрылысының жобасы бекітілді. Өткен оқу жылында 2400 оқушы білім алды. Қаламызда тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы 98 мектептің салынуы үш ауысымды мектептер санының қысқарып, мектеп оқушыларының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына өзінің үлкен ықпалын тигізді, - дейді Арман Шымбайұлы.

Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары десек, Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп, «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетті. Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындау – білім беру жүйесін дамытудың шешуші кезеңі болмақ.

tajieva

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:

–Биыл 18 732 орынға арналған 32 мектептің құрылысы жүргізіліп (12 мемлекеттік, 20 жекеменшік),  жыл соңында 10 222 орынға  арналған 20 мектеп (4 мемлекеттік, 16 жекеменшік) пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елді мекендер 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артық мектеп 21-ден 17-ге азаяды. Одан бөлек,  4 білім мекемесі  күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейне бақылау камералары және 115 мектепке турникет, 28 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылу жоспарлануда.

Қалалық білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, 2007- 2010  жылдары мектептерде химия, биология, физика, информатика пәндерінің кабинеттері жаңа үлгіде жабдықтала бастаған. 

– Оқу бағдарламаларына сәйкес, оқытуға және оқуға да ыңғайлы дидактикалық материалдар, көрнекілік құралдар қорымен толықтырылды. Биыл қала мектептеріне 50 физика, 95 химия, 82 биология, 13 STEM, 23 робототехника кабинеттері жабдықталды. Осы уақытқа дейін өзекті  мәселе болып келген 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату, білім ұйымдарының ауласын жарықтандыру  жұмыстары 2020 жылы толығымен шешімін тапқан. 2020 жылдың өзінде Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 47 330 (оның ішінде Үкімет қорынан - 31 160, ЖБ - 16 170)  дана компьютер алынып, жалпы саны 56 556-ға жетті. Нәтижесінде, жыл басында бір компьютерге келетін оқушы саны 27-ні құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 4-ке дейін төмендеген. Ал салаға бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы 41 млрд.-тан  3,3 есеге артып, бүгінде  134 млрд. теңгеге жетті,  - дейді басқарма басшысы.

2016 жылдан бастап білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.

– Білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздейді. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарды. Қазіргі таңда білім беру мекемелеріндегі барлық  пән мұғалімдерінің жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен  дағдылары қалыптасқан, - дейді қаланың бас ұстазы.

Білімді ұрпақ қашан да ұлттың ұстыны екені даусыз. Жастардың жаһандық бәсекеге қабілетіне қарай түсуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамалар көп. Егемен елдің ертеңі болар жастарымыздың білім көкжиегін кеңейтудегі бағдарламалар да өз нәтижесін беріп келеді.

Хакім Абай өз өлеңдері мен қарасөздерімен қазақ халқындағы санасыздықтың қара шымылдығын түріп тастауға ұмтылды. Ел болу үшін мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білім, өнер мен ғылымда тұр деп пайымдады. Өнер-білімсіз қоғамға пайдалы болу мүмкін емес екендігін терең түсінді. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сананы жаңғырту, білімнің салтанат құруы туралы сындарлы ойлар айтылып, бәсекеге қабілеттілік, тұлғалық даралық қасиеттер қалыптасуына айрықша маңыз берілді. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – делінген Елбасы мақаласында. Демек, бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс.

Түйіндей айтсақ, жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Үшінші мегаполистегі мектептердің алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

shymkent-visit-center

Шымкентте тарихи орындарды жаңғырту жоблары қолға алынуда. Сондай-ақ, шырайлы шаһар еліміздегі туристер баруға ұсынылатын ТОП-10-ға кіргізу жоспарлануда. Үшінші мегаполистің туристің әлеуетінің дамуы жайында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарәлі РАМАНОВПЕН әңгімелестік.

«Visit Shymkent» орталығы туристерді ақпаратпен қамтамасыз етіп, өңірдің туристік әлеуетін маркетинтік ілгерілету мен талдау, халықаралық шараларды ұйымдастырып, іскерлік туризмді дамытумен айналысады. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, көші-қон қызметтерінің көмегін пайдалану, туризм саласын талдау, қаланың туристік имиджін дамыту, ірі туроператорларды анықтап, оларға туристік маршруттарды ұсынады. Іскерлік іс-шараларды өткізіп, осы салаға инвестиция тартумен де айналысады. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына кеңес беру қызметі, туристік карталар ұсынып, қалада өткізілетін іс-шаралар жөнінде жарнамалық ақпараттарды таратады.

aidarali-romanov– Шымшаһар жыл санап дамып, көркейіп келеді. Осы қалыптан таймай қаланың өсуі жалғасатын болса, шаһардың туристік әлеуеті де жоғарылай түседі. Бұған мекеменің басшысы ретінде емес, әлемнің 30-дан астам елінде болған жиһанкез есебінде баға беріп отырмын. Қалада туризмге қаншалықты көңіл бөлінуде деген сұраққа жауап бермей тұрып, туристер үшін қандай жағдай жасалып жатқаны жайлы әңгімелескеніміз дұрыс. Турист – төлемге қабілетті инвестор. Инвесторлар көбеймейінше, қаланың экономикасы да айтарлықтай көрсеткіштерге жете алмайды. Оны туризмі дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады, - дейді Айдарәлі Раманов.

Шымкентке келетін шетелдік қонақтардың дені көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай азаматтары. Оларды мұнда негізінен ас мәзірі, тарихи орындар мен Түркістан облыстарының тарихи орындары мен таулары қызықтырады екен. Орталық басшысы қаладағы көрікті орындарды тамашалау, дәмі әралуан керемет асханасынан дәм тату мақсатында келетін туристер саны жыл санап артып жатқанын айтады. Пандемияға дейін мегаполисте туристік әлеуетті жетілдіру бағытында бірнеше тың жобалар қолға алынғанын да атап өтті.

– Шымкенттің оң имиджін қалыптастыру жолында бүгінге дейін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қаланы туристік орталыққа айналдыруда әлі де көптеген жобалар қажет. Елбасы Н.Назарбаев Түркістанға келген кезекті сапарында 2025 жылға дейін еліміздің оңтүстік өңіріне келетін туристердің саны үш есеге өсетінін айтқан еді. Түркістан жаңа келбетімен көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр. Рухани астанамызға келген туристерді шырайлы шаһарға да тартуымыз керек. Бір айта кетерлігі, қаламыздың туристік маңызы зор, инфрақұрылымы дамыған. Әрі ол  Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі орталық. Қаланың 500 шақырым радиусында шамамен 20 миллионға жуық адам тұрады. Осы орайда, Шымкент өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірінің туризмі үшін тірек орталыққа айнала алады. Ақпараттық орталық Елбасының бұл айтылған сөзін челлендж ретінде қабыл алып, «қалай туристерді өзімізде ұстап қаламыз» деген сұрақтың жауабын іздеуге кірісті. Жыл басында қала әкімінің қатысуымен ашылған орталықтың жетістіктері аз емес, - дейді орталық директоры А. Раманов.

Туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Табиғаты тамаша, келбеті келіскен, күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан шырайлы шаһарды саялы саябақтар мен  көптеген демалыс орындары, гүлмен көмкерілген  әсем де тарихи  кешендер шырайын  келтіріп тұр.  Десе де Айдарәлі Раманов туристерді тартуда қалада бірқатар кедергілер бар және ақпараттық насихат аз дегенді алға тартты.

– Қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін біздің туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Ең алдымен тазалыққа назар аударса дейміз. Өйткені ең көп айтылатын мәселе – тазалық. Қауіпсіздік екінші орында тұр. Кейінгі мәселе ол жалдамалы пәтерлерді салық төлеуге міндеттеу. Сол арқылы келіп жатқан туристер жайлы ақпарат алып отыруды көздейміз. Туристерді арзаншылықпен шақыра алмаймыз. Шаһардағы жайлылық пен меймандостығымыз арқылы тарта аламыз. Бізде көрсетуге тұрарлық һәм мақтан ететін жерлеріміз бар. Алайда қанша жерден ауқымды жобалар жасалғанымен халықтың мәдениеті соған сай дамымаса, оның бәрі бекер. Шымкентте биыл алғаш рет шахматтан ұлттық ел чемпионаты өтті. Қаламыз еліміздегі туристер баруға ұсынылатын топ-10-ға енді. Дегенмен ақпараттық насихат ақсап тұр. Шымкент жайлы интернет желісінен миллион төңірегінде ғана сұрау болса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан. Visit-shymkent.kz порталы көмегімен насихат жұмыстары жалғасуда. Қоғам және әлеуметтік желі белсенділері арқылы да қаладағы барып көруге тұратын 10 туристік нысанды ұсынып жатырмыз. Ол нысандарды барлық қала тұрғыны білуге міндетті, - дейді орталық директоры.

Айдарәлі Раманов биыл елімізде туризм саласын дамыту бойынша қабылданған жаңа заңда туристік нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылатынын айтады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар.

– Биылдан бастап елімізде турист салығы енгізілуде. Ол бір тәулікке адам басына шамамен 500-1500 теңгені құрайды. Аталған салық жергілікті әкімдікке түседі. Жиналған қаражат туризм саласын дамытуға жұмсалады. Тағы бір мүмкіндік, егер сіз кәсіпкер болып қоғамдық әжетхана соғатын болсаңыз айына 83 мың теңге күтіп-баптауға беріледі. Ал туристерге арналған автобус сатып алған жағдайда 25 пайыз қаржысын мемлекет субсидиялайды. 500 миллион теңгеден көп мөлшерде инвестиция құйып туристік нысан соғатын болсаңыз, онда 10 пайыз ақшасын мемлекет арқылы субсидиялау көзделген. Әрбір шетел азаматы туристік компанияға келетін болса, 20-25 пайыз қосымша субсидиялау қарастырылған, - дейді Айдарәлі Әмірәліұлы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздегі туризмді дамыту тұжырымдамасына орай тарихи-мәдени ошақтарды қайта жаңғырту және оларды туризм индустриясына тарту керек екені жайлы нақты айтылады. Айдарәлі Әмірәліұлы қаламыздағы Сайрам тұрғын алабын қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа келбетін қалыптасыру бойынша жобалық мастер-класс басталғанын айтты. Егер жоба мақұлданса, ескі қалашық қамалын қайта жаңғырту жұмыстарымен қатар сансыз баптар жатқан мекенді шығыс стиліне көшіру жұмыстары да қолға алынады. Бұл өз кезегінде туристік нысандардың екінші тынысын ашуға ықпал етеді.

balalar-sport-2

Шымкентте балаларға арналған спорттық секциялар жан басына қаржыландыру жобасына көшкелі бір айға жуықтады. Жаңа бағдарлама аясында қаладағы спорттық орталықтар мен кейбір қосымша білім беру мекемелері енді ақысыз қызмет көрсететін болады. Жаңа жобаның жаңалығы неде? Тегін үйірмеге кімдер және қалай қатысады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар клубтарының қызметін жандандыруды тапсырған болатын. Бұл міндетті жүзеге асыруда өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға мемлекеттік бюджет есебінен спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік беретін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын.

Шымкентте мемлекет есебінен спорттың 71 түрі қаржыландырылады

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орымбаев өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында шаһарда шілде айынан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секцияларды жүргізуге мемлекет тарапынан тапсырыс берілгенін жеткізді. Тапсырыс аясында жеке кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша арнайы платформа арқылы тіркеліп, спорт секцияларында тегін жаттығатынын атап өтті.

– Мамыр айында елімізде «Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына нормативтік қаржыландыру» «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға artsport.edu.kz IP-мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады, – дейді М.Орымбаев.

Мақсат Мұсаханұлының сөзінше, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына шілде айының өзінде 24 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 19-ы біліктілік іріктеуінен өтіп баскетбол, бокс, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол сынды спорттық үйірмелерін ұйымдастыруға оң шешім беріліпті. Ал ата-аналардан жалпы саны 2261 өтінім түсіп, оның 1878-мен келісімшарт жасалған.

Ал «Спорттың су түрлері орталығы» ЖШС директоры Айдархан Абуов қалалық «Орталық  су спорт кешені» МКҚК-ның су жолағын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп бастағанын айтады.  Жаңа бағдарламаның тиімділігін түсінген кәсіп иесі өтінім беріпті. Су спортына қашанда сұраныстың көптігі болар, бір айдың ішінде арнайы портал арқылы 853 ата-ана тегін үйірмеге қатысуға ниет білдіріпті. Оның ішінде 537 өтінім мақұлданып, ата-ана мен кәсіпкер арасында жылдың соңына дейін екіжақты  келісімшарт түзілген.

aidarkan

– Бұл жоба ата-аналарға екі жағынан тиімді. Біріншіден, жеке үйірмелерге ақша төлеп шығындалмайды. Екіншіден, балаларының спорттық қабілеттерін орталықтарға апарып, қосымша дамытуға мүмкіндік туды. Кәсіпкер ретінде бізге де жақсы мүмкіндік. Әсіресе, пандемия жағдайында көптеген кәсіпкерлік нысандар шығынға батып жатыр. Өткен жылы 6 ай жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді. Биыл қаладағы эпидахуалға байланысты жұмыс уақытысы қысқартылуда. Қазір қатаң санитарлық талаптарды орындап жатырмыз. Келушілер Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіледі. Штаттық жұмысшыларға тоқталсам, 7 жаттықтырушымыз бар. Олардың барлығы өз ісінің мамандары, спорт шеберлері. Бұдан бөлек, алғашқы көмек көрсетуге дайын тұратын дәрігер және құтқарушылар штаттары қарастырылған. Спорттық үйірмеге портал арқылы жазылған балалар аптасына үш күн жаттығады, – дейді кәсіпкер.

Ал орталық өкілі Күмісай Ерімбетова  artsport.edu.kz арқылы тіркелу және өтінім беру аса қиындық тудырмайтынын айтады. Онлайн тіркеуден кейін орталықпен екіжақты келісімшарт жасасу үшін ата-ана бірнеше құжат өткізеді.

– Ата-ана алдымен сайт арқылы жеке кабинет ашады. Кейін ұл-қыздарын «менің балаларым» бөліміне тіркейді. Тіркелген соң іздеу батырмасы арқылы сайттағы спорттық үйірмелерге өтінім бере алады. Мұнда ата-ана балаларының мәліметтерін қатесіз толтыруы қажет. Өтінім бергеннен бастап 10 жұмыс күні ішінде біздің орталыққа келіп, бірқатар құжаттар өткізеді. Толық тіркеліп, келісімшарт жасау үшін қатысатын баланың мектепте оқитыны туралы анықтама, денсаулығына байланысты анықтама, ата-анасының бірінің жеке куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен 2 дана ¾ фото суреті сұралады. Ваучер алғандар осы құжаттарды 10 күн ішінде өткізуге тиіс, – дейді «Спорттың су түрлері орталығы» ЖШС-нің менеджері.

Триатлоннан халықаралық спорт шебері, көпсайыс спортынан екі дүркін ел чемпионы Жеңіс Найман төрт жылдан бері аталған орталықта жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол балғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және суда еркін жүзуге баулиды.

– Суда шомылу, жүзу, су  ішіндегі ойындар мен шаңғы спорты — жаттығулардың ең бір пайдалы түрі болып есептеледі. Бұл спорттың ерекшелігі – балалардың денсаулығының шыңдалуына және жүйке тамырының нығаюына, бұлшық еттерінің шынығуына көп көмегін тигізеді. Жүзуге үйрету кезеңдерінде баланың батылдылық, тапқырлық сияқты қабілет-қасиеттері қалыптасады. Жүзу кезінде резина, доп, шеңбер, батпайтын ойыншықтар, жүзуге  арналған тақтайлар, арқан жіптер сынды барлық құралдар қолданылады. Берілген бір сағаттың барлығында бала суда өткізбейді. Алдымен бойсергіту жаттығуларын жасап, суға түсуді, дұрыс демалуды одан кейін аяқ-қолды қалай дұрыс қимылдату қажет екенін үйретеміз, –  дейді Ж. Бейсеналыұлы

balalar-sport

Спорттың кез келген түріне 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады

Бұл орталыққа келетін балалардың ата-аналары бұған дейін айына 8-10 мың теңге көлемінде төлем төлейтін. Енді ол мемлекеттік тапсырыс аясында субсидияланады. Мұндай жаңашылдыққа ең алдымен ата-аналар дән риза. Себебі, осындай спорттық үйірмелерге кейбір отбасынан 3-4 балаға дейін барады. Мұның бәрін қосқанда қалтаға әжептәуір салмақ түсетіні анық.

– Шілде айында бағдарламаға онлайн тіркеліп едім. Негізі үлкен ұлымның денсаулығына байланысты жүзуге бару қажеттігін дәрігер нұсқады. Қалған екеуінің дене бітімі дұрыс қалыптассын деген оймен бердік. Әрі бірге серік болып барып қайтады. Әр балама көп қаржы шығындап қиналмаймын. Осындай игі бастамаларға әрдайым қуанамыз. Мейілінше, балалардың спортпен айналысуына мемлекеттен жағдай жасалса, үлкен жетістіктерге жетер ма еді деп кейде ойланамын. Балаларымның бос уақытын тиімді жұмсауын үнемі қадағалаймын, – дейді Айдана Белекбаева.


Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Сондықтан дәл қазіргідей оқу жылының басталар шағында жоғарыдағы artsport.edu.kz сайтында көрсетілген үйірмелердің біріне жазылып, шынығып, шымыр болуға шымкенттік оқушылардың мүмкіндігі мол. Ендігі жерде спортшы болуға ниетті балалар ойынханалар мен смартфоннан емес, спорттық үйірмелерден табылары анық.

ДАРХАН ЕРЛЕДІ

Пятница, 06 Август 2021 04:06

Токио олимпиадасында үшінші мегаполистің намысын қорғаған каратэші Дархан Асаділов қола медальға ие болды.

663

Страница 10 из 51