Редакция таңдауы

SHYMKENT IT HUB – ТЫҢ ИДЕЯЛАР МЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР АЛАҢЫ

SHYMKENT IT HUB – мүмкіндіктер алаңы. Расында солай. Біз технологиялық паркке бас сұққанымызда студент жастардың өз идеяларын дамытып, компьютерде жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Осында жаңа идеялар жүзеге асырылып, жаңа жобалар дамытылады. Мирас колледжінің 2-курс студенті Хадиша Зұлпыхарова аз уақыттың ішінде кино афиша дизайнын жасауды үйреніп шықты. Жаңа бастамалары жөнінде бізге қуана жеткізді. Енді ол стартап жобалармен жұмыс істеуді бастамақ ниетте.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын.
Өткен жылы тамыз айында қала әкімдігінің қолдауымен «Shymkent Hub»-тың ресми ашылу рәсімі өткен-тін. Еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін орталық үлкен мүмкіндік береді. Орталық өңірдегі талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды. Өңірлік хаб аясында өз жобаларын дамытып жүрген жастар көп. Азаматтар осы хабқа келіп, өздерін дамытуға барлық мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастардың қатары артып келеді.
Цифрландыру – зор қуатты күш, кеңінен дамып келе жатқан сала. Қазір барлық жүйелер автоматтандыруды талап етеді. Қала жастары, тұрғындары өз идеяларын, жобаларын одан әрі дамыту үшін еліміздің өңірлері арасында 15-ші болып шаһарда IT хаб іске қосылып, жұмыс істеуде. Ондағы стартап жобаларға арналған инкубациялық бағдарламалар, онлайн білім беру курстары, коворкинг орындары, жиналыс бөлмелері, бәрі де қала тұрғындары үшін.
«Шымкент хабтың» өңірлік менеджері Тимур Қозыкеев технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту екенін айтады. Өткен жылы бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылған. Өңірлік менеджер 2024 жылды қорытындылап, биылғы жоспарлармен таныстырды.
Жалпы айтқанда, IT саласы – ауқымды тақырып. Шымкент хаб – ол мүмкіндіктер, адамдар, түрлі идеялар, жобалар жиынтығы, яғни коммуникативті орталық. Стартап жобаларға, жас IT мамандарға қолдау көрсетуді көздейді. IT экожүйе менеджмент, бағдарламалау, дизайн және жасанды интеллект, тағы басқа бағыттарды қамтиды. Өңірлік хабтың IТ компаниялар, бағдарламашылар, өнімді қолданушы адамдардан тұратын өз қоғамдастығы бар.
2024 жылы нендей жұмыстар атқарылды? Осы жөнінде тоқталып өтсек. Тимур Қозыкеевтің айтуынша, былтыр тамыздан бері
72 іс-шара өткізіліп, 2 хакатон, жоғары деңгейде форумдар ұйымдастырылды. Мұнда қаладағы ЖОО-мен жасалған келісімге орай 20-дан астам шәкірт өндірістік іс-тәжірибеден өтті. Қала тұрғындарына арналған 200-ден астам білім бағдарламалары курсы ашылды. Әйелдер, қыз-келіншектерге жасанды интеллект, IТ базаны үйрету жобасы іске қосылды.
«Shymkent HUB» ғимаратында еліміздегі ең ірі «Decentrathon 2.0» хакатоны өткен болатын. Хакатонға ІТ саласына қызығушылығы бар 2000-нан астам қатысушы тіркеліп, өңірімізден 80 адам мен 29 команда қатысты. Жарыс 4 негізгі бағыт бойынша өтті: жасанды интеллект, блокчейн, ойын индустриясы, телеграм шағын қосымшалары бойынша.
IT саласын насихаттау, дәріптеу мақсатындағы форум, конференциялар, республикалық хакатон өтуі жастарға зор серпін берді. Бүгінде орталықта көптеген бағдарламалар қолға алынуда. Апта сайын әр түрлі тақырыптарды қамтитын шеберлік сағаттары өтеді. Атап айтқанда, қала тұрғындары, жастар жасанды интеллект, веб дизайн, 3D, тағы басқа тақырыптар бойынша тренингтерге қатыса алады.

Стартап немесе IТ саласын оқып, осы салада жұмыс істеймін деген жастарға сүйемелдеу жүргізіледі. Басқа қалаларға, іссапарға, қонаққа барғанда, кез-келген өңірлік хабқа кіріп, тегін жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Оған қоса, стартап бизнес жобаларды оқыту бойынша білім беру платформасы іске қосылды. Яғни, стартап (бірінші, бастапқы қадамдар) жобаларды қалай жасау керек екенін үйрететін 4-5 күндік тегін оқу курсы қарастырылған. Қазіргі уақытта осында стартап жобаларға да, IT мамандарына барлық жағдай жасалуда.
Сондай-ақ, Tech Orda жобасы да көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Қазіргі таңда елімізде 100 мыңнан астам IТ маман дайындап шығару жөнінде нақты тапсырма берілген. Хабта мемлекеттік бағдарлама аясында маман даярлау жұмыстары да жүзеге асырылуда. Tech Orda жобасының мақсаты – аз уақыттың ішінде базалық деңгейде білім беру. Сол себептен, қазір мемлекеттен әр адам басына 600 мың теңгеден грант бөлінеді. Шымкент қаласына осы бағытта 123 ваучер бөлінген. Алты ай оқып, толыққанды IТ маман болып шығуға мүмкіндік бар. Жобаға 18 жастан асқандар қатыса алады. Нақтырақ айтқанда, жеке IТ мектептердің ақылы курстарын мемлекет грант арқылы өтеп береді. Бір деңгейді оқуға 6 ай уақыт кетеді. Дегенмен, курсқа қатысу үшін алдымен іріктеуден өту қажет.
Қазіргі уақытта өңірлік хабта 18-35 жасқа дейінгі 15-ке жуық шәкірт оқып жатыр. Өтінімдер жалпы жазда қабылданады. Ең көп грант та Шымкент қаласына бөлінген. Сонымен қатар, гибридті нұсқада онлайн оқып, сертификат алуға да мүмкіндіктер бар. Шымкентте 5 IТ мектеп осы бағдарламамен жұмыс істейді. Өңірлік менеджердің мәліметінше, өткен жылы 200-ден астам адам онлайн курс оқып, жасанды интеллект бойынша 150 адам дәріс алған.
Биылғы жоспарлары да ауқымды. 2025 жылы жоба менеджерлеріне, басқарушыларға арналған клуб ашу жоспарда тұр. Қыз-келіншектерге де өздерінің жобаларын жасауға көмектесу бағытында арнайы клуб жұмыс істемек.
IT хабтың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеев Шымкент қаласының тумасы. Алматы қаласында IТ жобаларда жұмыс істеген маман енді Шымкентте осы саланы дамытуды көздеп отыр.
Бүгінде Шымкентте «Төлем», Алақан биометриясы, «Қазтрекер», тағы басқа IT жобаларын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру бағытындағы «Қазтрекер» жобасы да осы хабтың ғимаратында отырып, өз жобаларын дамытуда.

«Өздеріңізді дамытуға хабқа келіңіздер»

Былтыр Цифрландыру күні мерекесіне орай 7 қараша күні Жастар ресурстық орталығында «Shymkent HUB – мүмкіндіктер алаңы» атты форум өтіп, 8 қараша күні «Shymkent HUB» ғимаратында «Цифрлық драйвер» форумы жалғасын тапты. Сонда осы салаға қызығушы жастардың көп екенін байқадық.
Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – IT саласын дамыту, кеңінен насихаттау екенін айтқан еді. Хабтың салада жүрген жас мамандарға, осы салада оқитын студенттерге қандай мүмкіндіктер, қолдау тетіктері бар екенін түсіндіріп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Цифрландыру кеңінен етек жайып келе жатқан сала. Экономиканың түрлі бағыттарында, әлеуметтік салаларда, өзіміздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге де еніп жатқан, үлкен қуатты күшке айналды. Цифрландыру дағдыларын енгізу, оның технологияларын дамыту, жалпы көпшілікті осы салаға қызықтыру мақсатында өңірлік хаб ашылды. Қазір әрбір салада қандай да бір цифрландыру тетіктері енгізіледі. Әрбір компанияда жәй ғана құжат айналымынан бастап, үлкен бизнес процеске дейін барлығы автоматтандыруды талап етеді. Бәрін ақпараттық жүйеге енгізу – уақыт талабы. Өз мүмкіндіктеріңізді одан әрі дамытуға хабқа, коворкинг орындарына келіңіздер, – деді басқарма басшысы.
Өткен жылы шаһарда цифрландыру саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі, автожолдардың сапасын бақылау, жасыл кеңістіктердің сандық есебі, Электрондық үкімет, мобильді байланысты жақсарту, талшықты оптика желісімен қамту, әлеуметтік салаларды цифрландыру бойынша көптеген жобалар, жаңа жүйелер енгізілді.
Қазір барлық салаға ақпараттық жүйелерді енгізу – басты назарда тұр. Сандық технологияларды енгізу, жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін де салаға көптеген дарынды жастар қажет. Оларға жағдай жасаудың да маңызы зор. Сол себептен де, қалада өңірлік хаб ашылып, жұмысын бастады. Оң нәтижелері де бар. Жаңа салаға қызығушылығы бар кез-келген қала тұрғынына орталықтың есігі ашық. Әрбір азаматтың хабтың мүмкіндіктерімен танысып, өз жобасын іске асыруына жағдай жасалып отыр. Ендеше, әрекет ететін сәт келді.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар