Редакция таңдауы

«Бұл қойылымда жастық бар, сезім бар, махаббат бар»

Режиссер Талғат ТЕМЕНОВ:

Әйгілі жазушы, «адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» хикаясы Шымкент сахнасына да жетті. Бұл туынды Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қызыл орамалды Шынарым» деген атпен 14 жылдан бері сахналанып келеді. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қойылым осы аптада ҚР халық артисі Талғат Теменовтың режиссерлігімен сахналанбақшы.

Шығармаға өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Тянь-Шань тауларының бөктерінде, қырғыз жеріндегі Досан асуындағы оқиға негіз болады. Жол бойында кездейсоқ танысқан ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс мөлдір сезіммен тіл табысады. Ата-анасының келісімінсіз ендігі ғұмырын Ілияспен бірге кешуді арман еткен Әсел атастырылған жігітіне қарамай, жаңа өмірге тәуекел етеді. Алайда, өмірдің сан тарау соқпағынан кезіккен сынақ ақыр соңында қос ғашықтың жолын екіге бөледі. Ортада қалған бүлдіршін Самат, өкініштен өзегі өртенген Ілияс, егде адамға тағдыр жазуымен қосылған Әсел бейнесі өмірдегі әрбір сәт, құндылық, шынайы сезімді барында бағалай білу керектігін ұғындырады.
«Шанин театры қазір үлкен серпілістің, ғажап өзгерістердің алдында тұр. «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курс студенттерінің түгелдей осы ордаға келуі – зор жаңалық, мүмкіндік десек болады. Мен қойған Айтматовтың бұл шығармасында жастық бар, сезім бар, махаббат бар. Адамды сүю бар» дейді режиссер Талғат Теменов.
Қойылымда басты кейіпкерлерді сол жастар сомдайды. Ән кернеген сахна, өрнегі әсем өнер елдің ерекше ықыласына бөленіп, көпшілік қауымның жүрегіне жол табады деген сенімдеміз.
Ілияс пен Әселдің махаббатындағы адалдық пен сатқындықтың сынға түскен сәтіне куә болыңыз, құрметті көрермен!

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар