Редакция таңдауы

Senat Open турнирі жалғасын табады

ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен былтыр Senat Open турнирі алғаш рет өткізілген еді. Сайысқа қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, бақ сынады. ҚР Парламенті Сенатының шахматтан ашық кубогы бәсекесі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Дәстүрлі турнир биыл да жалғасын таппақ.

Өткен жылы турнирдің ашылу рәсімінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр
Нарымбетов:
– Елімізде интеллектуалды ойындарды дамытуға көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу қажет екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігін айтып келеді. Шахматтың функционалды ойлау жүйесін арттыруға, есте сақтау қабілетін дамытуға көмегі зор. Бұл болашақ ұрпаққа аса қажет қасиеттер. Сондықтан шахматты дамытуда елімізде кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Шахмат мектеп бағдарламасына еніп отыр. Түрлі жас категорияларына арналған әртүрлі жарыстар саны көбейіп, сапасы артуда. Қазіргі уақытта әуесқой шахматшылар арасында турнир ұйымдастыру қолға алынып отыр. Осы жарысқа қатысушылардың көбі аға буын өкілдері. Тартысты ойынға 80-нен асқан қария да келіп қатысты. Жастар аға буыннан үлгі алу керек. Сондықтан да мен шахмат ойынын ешқандай жас шектеуі жоқ, ұрпақтар сабақтастығын дамытатын интеллектуалдық ойын деп білемін, — деген еді.
ҚР Парламенті Сенатының шахматтан ашық кубогы FIDE ережесіне сәйкес ұйымдастырылды. Былтыр шаһарда 100-ден астам әуесқой шахматшы бақ сынап, іріктеуден үздік шыққан 25 шахматшы жартылай финалға жолдама алды.
Аумақтық чемпионаттың жартылай финалында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының шахматшылары финалдық жолдаманы сарапқа салды.
Астанада өткен финалдық кезеңге Шымкент қаласынан 7 үздік шахматшыдан құралған команда қатысып күміс медаль иеленді. Ал, жеке көрсеткіштер бойынша біздің команда мүшесі Сұлтан Садықов 2-ші орын алды. Бұл өте жақсы нәтиже. Осындай жарыстар жергілікті жерлерде шахмат ойынын насихаттауға өз септігін тигізуде.
Senat Open турнирі мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, қоғам және БАҚ өкілдері арасында шахмат спортын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, ел тұрғындарының интеллектуалды әлеуетін дамытуды мақсат еткен.
«Қазақстан Шахмат Федерациясы» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының атқарушы директоры Алтын Есіркепованың айтуынша, биылғы бәсекеде бірқатар өзгерістер бар. 2025 жылғы турнир де жалпы 3 кезең бойынша өтеді. Іріктеу кезеңі 2025 жылдың 22 ақпан мен 18 мамыр аралығына жоспарланған. Жарысты өткізуге жалпы еліміздің шахмат федерациясы, ҚР Парламенті Сенатының және өңірлердегі мәслихат аппараты жауаптылық етеді.
-Жарысқа барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысады. Мемлекеттік қызметкерлер де алғаш рет сайыс көрігін қыздырмақ. Іріктеу кезеңіне қатысушылар саны 100-ден асады деген болжам бар.
Шымкент қаласында алғашқы іріктеу турын 23 ақпанда өткізу белгіленіп отыр. Іріктеу кезеңінен жалпы 35 қатысушы жартылай финалға жолдама алады. Сондай-ақ, іріктеу кезеңінде 1-3 орын алғандар медальдар және дипломдармен марапатталады, — дейді Алтын Есіркепова.
«Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Сапарбек Тұяқбаев материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, турнирлер өткізуге, жалпы шаһарда шахматтың дамуына зор қолдау көрсетуде.
Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен әйелдер арасындағы Гран-при сайысының екінші кезеңі өтті. Сонымен қатар, Senat Open шахмат турнирі де шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға зор серпін берді.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы Маратбек Мықтыбеков:
— Шымкент қаласында жалпы шахмат спортына жеткілікті қолдау көрсетілуде. Былтыр желтоқсан айында Шымкент қаласының Орталық саябағында ардагерлер мен қарияларға арналған «Шахматшылар үйі» ашылған болатын. Ғимаратта әуесқой шахматшылардың тиімді уақыт өткізіп, спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Senat Open республикалық турнирін өткізуге қажетті спорттық инвентарларды (үстелдер, орындықтар, сағаттар, шахмат тақталары мен фигуралары, безендіру материалдары), сондай-ақ төрешілер құрамын, өрт сөндіру қызметкерлері мен медициналық көмек көрсету топтарын ұйымдастыруға қолдау көрсетілмек. Бұл іс-шара қала тұрғындары мен спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға болмақ. Ендігі ретте қала тұрғындарын биылғы турнирге де белсенді қатысуға шақырамыз, — дейді.
Қалада шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен жөн. 2024 жылдың соңында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен шахмат жарыстары жас буынның спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырды.
Шахматшылар үйі шахмат әуесқойларының басын қосып, жарыстар, шеберлік сабақтары және басқа да іс-шаралар өткізуге таптырмас орынға айналды. Жоба шахматқа қызығушылық танытқан жандар үшін үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен қатар қаламыздың мәдени-спорттық дамуының жарқын көрінісі екені анық.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар