Лермонтов атындағы №17 жалпы орта мектебінде Қазақстанның әйелдер арасындағы тұңғыш гроссмейстері, халықаралық деңгейдегі шахматшы Гүлісхан Нахбаева атындағы оқу кабинеті ашылды. Іс-шараға шахматшының ата-анасы, ұстаздары, мектеп ұжымы және оқушылар қатысты.
Азияның 3 дүркін чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, ҚР-ның тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстері Гүлісхан Нахбаева өзі білім алған мектеп ұжымына алғысын жеткізіп, елімізде шахматтың дамуына үлес қоса беретінін атап өтті.
Г. Нахбаева аталған мектепте 9 сыныпқа дейін білім алған. Жиында белгілі шахматшы спортта және өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың сауалдарына жауап берді. Чемпионның атындағы оқу кабинетінің ашылуына мектеп директоры Бақытжан Наурызбаев бастамашылық етіп, ата-анасы қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ, аталған мектепте Гүлісхан Нахбаева атындағы шахматтан мектепшілік кубогы бәсекесі ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.