Редакция таңдауы

АССАМБЛЕЯ – ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ КЕПІЛІ

Биыл Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірліктің нығаюында ерекше орын алатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы орайда қаламыздағы «Достық үйінде» қала әкімінің орынбасары, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен ҚХА қалалық кеңесінің маңызды отырысы өтті.

Этносаралық қарым-қатынастар жайын қаузап, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын талқылайтын іс-шараға қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, белсенділері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысып, кеңестің күн тәртібіне қойған өзекті мәселелерді талқылады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған бекітілген іс-шараларды қала аумағында ұйымдастыру мен өткізу жоспары талқыланып, ұсыныстар қабылданды.
— Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – бізге жүктелген ең басты міндет. Осы тұрғыда биылғы өткелі отырған 30 жылдықты қалалық Ассамблея мүшелері, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар, этно-мәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім мекемесі мен аудан әкімдері, салалық басқармалар мен оқу орындары осы жоспарда белгіленген іс-шараларды жоғарғы деңгейде ұйымдастыруы тиіс. Мақсат тек ұйымдастырып, өткізу емес, әрбір іс-шараның мазмұнын ашып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызын ашуға бағытталуы керек, — деді Сәрсен Абайұлы.
Күн тәртібінде ҚХА республикалық құрамына Шымкент қалалық Ассамблеясы атынан ұсынылатын үміткерлердің тізімі қаралып, бекітілді.
Сонымен қатар, қалалық ҚХА құрамына өзгертулер енгізіліп, кеңес мүшелері ұйымның құрылымына толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша шешім қабылданды. Этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу комиссиясы қайта қаралып, комиссия құрамына енгізілетін өзгерістер ұсынылды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар