Редакция таңдауы

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР БАСТАЛДЫ

Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған орай Шымкент қаласының әкімдігі бірқатар маңызды жобаларды қолға алды. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж басшылары басқосқан көшпелі-брифингте айтылды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкент қаласының арнайы өңірлік жоспары дайындалып, Үкіметтің жеті негізгі бағытына сай шаралар кешені іске асырылатынын мәлімдеді. Жалпы жоспар 6 бөлімнен және 59 тармақтан тұрады.
– Қалада 39 колледжде 49 780 студент білім алуда. Олардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарын игеріп жатыр. 2024-2025 оқу жылында республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 11 500 гранттың 67,5 пайызы осы салаға бағытталған. Бұл жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар 53 талапкер жұмыс берушілердің тапсырысымен оқуға қабылданып, бизнестің есебінен тегін білім алуда, – дейді Сәрсен
Абайұлы. – Студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттердің сиымдылығы – 10 009 орынды құрайды. Қазір жатақхана тапшылығы мәселесі жоқ. Алайда, халық санының көбеюіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орынды жатақханалар салу жоспарланған.
Жұмысшы мамандықтарды дамыту ел экономикасының тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға маңызды үлес қосары сөзсіз. Шымкент қаласының бұл бағыттағы бастамалары өз нәтижесін беріп, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті арттыруға серпін беретіні анық.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар