Редакция таңдауы

Үйлі болам деген жанға қолдау көп тек талпыныс пен еңбек керек

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. Мен жақында тұрғын-үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады» деп атап өтті.

Расында, Қазақстандағы тұрғын үй саясаты – халықтың өмір сапасын жақсартуға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік шара. Алайда, баспананың жайы көптеген азаматтар үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл салада мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер көп сияқты көрінгенімен, баспанаға мұқтаж азаматтардың қатары азаймай отыр.
Осыған орай, Шымкент қаласында халықты үйлі-жайлы ету жұмыстарын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде
51 360 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, мемлекеттік қызметшілер мен апатты үйде тұрып жатқан азаматтар бар.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 000 азаматқа сатып алу құқығынсыз арендалық пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 200 пәтер, көпбалалы отбасыларға – 351 пәтер, әлеуметтік осал топ өкілдеріне – 449 пәтер. Бүгінгі күнге дейін 414 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2023 жылдан өтпелі болған 280 арендалық пәтер биыл берілген.
Түгендеу жұмыстары нәтижесінде тұрғын үй кезегінен 4 822 азамат шығарылған.
– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйдің жалдау шартының талаптарының сақталуы міндетті. Тұрғын үйді тиімді пайдалану мәселесі қатаң бақылауда. 2024 жылы 1 000-нан астам пәтер тексеріліп, оның ішінде 39 отбасының тұрғын үйді үшінші тұлғаларға жалға бергені анықталды. Нәтижесінде тиісті актілер толтырылып, ескертулер жасалды. Өз еркімен 28 пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды, – дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Исламов.
Сонымен қатар, осы жылы 519 азаматқа 461,9 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Олардың басым бөлігі көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне бағытталған. Айта кетейік, табысы төмен отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй сертификаты 2019 жылдан бері берілуде. Сертификат ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі.
– Ал, 2022 жылдың мамыр айынан бастап халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылғаны баршаңызға мәлім. 2022-2024 жылдар аралығында 5 200 отбасының жалдау төлемінің 50 пайызы мемлекет есебінен төленді. 2024 жылы 486 млн теңге көлеміндегі субсидия 2 509 азаматқа бөлінді. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тұрақты түрде тексеріліп отырады, – дейді Азат Рахымбердіұлы.
Жыл басынан тұрғынжайларын жекешелендіруге 235 өтінім түсіп, қаралуда. Осы уақытқа дейін 188 пәтер құнын төлеу негізінде жекешелендіріліп, бюджетке 585,3 млн.теңге түскен, 37 азаматтың пәтері өтеусіз жекешелендірілді. Ал, 15 азаматқа бас тартылды, 38 құжат қаралуда.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бойынша құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру E-Qazyna веб-порталы арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда, құжат қабылдау жалғасуда.
Мемлекеттік «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы 1 793 пәтер Отбасы банк арқылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге, Отбасы банкінен 3 млрд теңге бөлініп, 400-ден астам отбасыға жеңілдетілген несиелер ұсынылды.
22 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды.
Заң жобасына сәйкес, тұрғын үй есебін жүргізу, кезекке қою және тұрғын үйді үлестіру функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкіне» беріледі. Осы банк базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Бұл орталық
Қазақстан азаматтарының тұрғын үйге мұқтаждығы туралы мәліметтерді мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген бірыңғай ақпараттық база ретінде жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмаған барлық азаматтар, олардың санатына қарамастан, жаңа жүйеде кезекке тұра алады. Бұл шара әділдікті қамтамасыз етуге және тұрғын үйге мұқтаждардың нақты санын анықтауға бағытталған. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау бір рет қана көрсетіледі. Тұрғын үйді үлестіру кезекке тұру уақытына және азаматтардың табыс деңгейіне байланысты жүзеге асады.
Заң жобасында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді, сонымен қатар апатты жағдайда деп танылған жалғыз баспанасы бар азаматтарға, жекешелендіруге рұқсат беру ұсынылған. Жекешелендіру қалдық құны бойынша жүргізіледі. Азаматтарға алғашқы жарна ретінде 30% төлеп, қалған соманы 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Заңның ресми жарияланған күнінен бастап алты ай ішінде жаңа функциялар күшіне енеді. Осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үй үлестіру жұмыстарын жалғастыра береді.
Бұл реформалар Қазақстандағы тұрғын үй саясатының тиімділігін арттыруға, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға әділ және қолжетімді қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жаңа жүйе тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер ұсынуды көздейді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар