Жыл сайын қыс мезгілінің ортасында православ христиандары «Құдайға шоқыну» мерекесін атап өтеді. Онда православтық дін өкілдері суға шомылып, рухани тазалыққа жетуді мақсат ететін көрінеді. Шымкент қаласында осы шара қарсаңында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ақпараттандыру жұмысы қарқынды жүргізіледі. Осыған орай Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, майор Шыңғыс Зиядинов пен Шымкент епархиясының қоғамдық байланыстар бөлімінің басшысы Александр Могилевский қауіпсіздік шараларын ескерту мақсатында өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз-брифингін өткізді.
Шыңғыс Зиядинов қауіпсіздік шараларының маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын бұл іс-шараға мыңдаған адам қатысады, сол себепті қауіпсіздік ең басты мәселе болып отыр.
– Шомылуға келген әрбір адам өз қауіпсіздігіне жауапты болуы керек. Бірақ біз, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, барлық шараларды алдын ала жасап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Су айдындарында арнайы құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жұмыс істейді, ал су айдындарының айналасында қауіпсіздік белгілері орнатылды. Жалпы, қала әкімдігінің қаулысымен суда, туризмде және спортта жаппай демалуға арналған 5 ресми орын бекітілген. Оның үшеуіне шомылуға рұқсат етілген. Олар, «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындары мен Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, екеуі спорт және туризмге арналған Дендрологиялық саябақ пен Жайлаукөл. Оның ішінде «Холодильник», Дендрологиялық саябақ және «Рахат-Бадам» демалыс орындарында мұз қату қаупі бар. Бұл жерлерде балық аулауға тыйым салынады, – деді ол.
Бұл күндері суға түсу кезінде орын алуы мүмкін қауіптерді болдырмау үшін барлық сақтық шаралары жасалған. Мереке Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында, Қошқар Ата өзенінің басында өтеді. Бұл аймақты таңдауы кездейсоқ емес, себебі осы жерде су айдынының тереңдігі мен жағдайы қатысушылар үшін қауіпсіз болып табылады. Су аймағында арнайы қауіпсіздік белгілері мен шаралары әзірленіп, мұқият тексерілген. Сондай-ақ, осы жерлерде құтқарушылардың кезекшілік атқаруы, медициналық көмек көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Мәселен, Департаменттің тағайындалған жауапты қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаратын болады. Посттар, 2 техника және 10 қызметкер қойылған.
Брифинг барысында қатысушыларға суға түсу кезінде абай болу қажеттілігі айтылды. Әсіресе, балаларға, егде адамдарға және денсаулығында қандай да бір қиындықтары бар адамдарға рұқсат етілмейтіндігі ескертілді. Сонымен қатар, жиында аң және балық аулауға қатысты ережелер де талқыланды.
– Аң аулау және балық аулауға арналған дүкендерде және балықшылардың WhatsApp желілерінде арнайы әзірленген жадынамалар мен бейнероликтер жолданып, қауіпсіздік шаралары ескертілуде. Егер де, су айдындарында мұз қатқан жағдайда балық аулаушы мұздың үстінде жеке құралдарсыз (құтқару кеудешесі, ысқырық құралы, жіп), автокөлікпен жүруге, от жағуға, мұзда жабдықтар мен қоқыстарды қалдыруға жол берілмейді. Бұл тараптарды ескермегендерге Әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша тұлға жауапкершілікке тартылады, – деді мамандар.
Г.БАЖАҚАЙ