Редакция таңдауы

«Жақыннан күдер үзгендер… » немесе заңға енгізілген өзгерістер өз нәтижесін бере бастады

Біз өркениетті, ізгі қоғам құрып, құқықтық-демократиялық ел ретінде дамуды қалаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту, ұрып-соғу мен қорлау қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сыңайлы. Аяулы ана, ғазиз жар деген атқа лайықты нәзікжандылардың таяқтың астында қалғаны, тіпті, мерт болғаны жөніндегі хабарларды жиі естігеннен жүрегіміз сыздайды. Осындайда қазақтың «Жылқыдан күдер үзгендер биесін сатып, ат қылар, жақыннан күдер үзгендер жақынын ұрып, жат қылар» деген нақыл сөз еріксіз ойға оралады.
Иә, тәуелсіз зерттеулер зорлық-зомбылықтың белгілерін әрбір сегізінші отбасынан байқауға болатынын көрсетіп отыр. Мамандар Қазақстанда әрбір жетінші әйел – экономикалық қысымға ұшыраса, әрбір алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болатынын алға тартады.
Міне, осы тұста Мемлекет басшысы айтқан «Заң мен тәртіп» қағидасының қаншалықты маңызды екені айқын көрінеді. Заң үстемдігі орнаған қоғамда тұрақтылық та орнап, азаматтар өзін қауіпсіз сезініп, алаңсыз өмір сүреді. Заң мен тәртіп – баршаға ортақ қағида.
Осы орайда Шымкент қаласында құқық қорғау органдары, өзге де мемлекеттік органдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің алдын алу және жою бойынша заң шеңберінде жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы маусым айында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң күшіне енген еді. Осы заңның орындалуы бойынша атқарылған жұмыстар қандай? Біздің сауалдарымызға Шымкент қаласы полиция департаментінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Данабай АЛИЕВ жауап берген еді.

– «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» заң қабылданып, ол күшіне енгеннен кейін осы бағыттағы жұмыстарыңызда не өзгерді?
–Бұл заң 2024 жылы күшіне енгеннен кейін Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары айтарлықтай күшейді. Заңның қабылдануы бұл саладағы құқықтық және әлеуметтік қолдауды арттыруға бағытталған негізгі қадам болды. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға, әсіресе, әйелдер мен балаларға арналған көмек көрсетудің жаңа тетіктері пайда болды. Бұл өзгерістерді атап өтсек, аталған құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал, іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көршілерінің, туыстарының сөзіне сүйеніп тергеу жүргізе алады. Әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді.
Осылайша, денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге дейін өсті. Ал, қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды.
Жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткендерге 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады. Бұл норма бұған дейін де болған. Дегенмен, аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталатын болды. Егер жәбірленуші 21 күн ауруханада жатса, агрессор орташа ауыр жазаға тартылады. Яғни, бұрын 369 мың теңге айыппұл төлеп немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылды. Енді мұндай жағдайда 2 жылға дейін сотталады. Үйдегі балаларды да дәл осылай қорласа, 3 жылға қамалады. Ал, зорлық-зомбылық көрген адам сөйлеу, көру, есту қабілетінен айырылса немесе еңбекке жарамсыз деп танылса, онда бұл іс «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына жатады. Мұндай жағдайда агрессор 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Бұл жағдайда бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылмайды. Ал, жәбірленушіге жеңіл, орташа немесе ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтайды.
Бұдан бөлек, заң жобасында жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Ол бір айға отбасынан оқшауланады, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін әйелі мен бала-шағасын көруге тыйым салынады. Бұл заң нормаларының бір бөлігі былтыр 15 маусымнан, қалғаны биылдан бастап күшіне енді.

– Заңдағы осы өзгерістер Шымкент қаласында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қылмыстардың көбірек ашылуына әсер етті ме?
–Былтырғы маусым-желтоқсан айларында Шымкентте осындай 6 мыңға жуық іс тіркелген. Сондай-ақ, 756 тұлғаның мінез-құлқына полицияның ұсынысымен сот арқылы ерекше талаптар белгіленді. Оларға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Олар 3 айдан 1 жылға дейін есепке алынып, полицияның бақылауында болады. Профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 461-бабы бойынша 377 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, тұлғаның мінез-құлқына полицияның ұсынысымен сот арқылы қойған ерекше талапты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтҚ-нің 669-бап 2-бөлігі бойынша 364 тұлғаға әкімшілік шара көрілді.
Осы Кодекстің 73-бабымен (отбасы тұрмыстағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер) 5 963 тұлғаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін хаттама толтырылып, әкімшілік істер сотқа жолданған. Жаңа заңнамаға байланысты Қылмыстық кодекске енгізілген 108-1,109-1 баптар бойынша қылмыстық істер сотқа жолданған. 108-1 бабының 1.2 бөлігі бойынша 46 қылмыс, 109-1 бабының 1.2 бөлігі бойынша 124 қылмыс тіркелген. Биыл Әл-Фараби ауданы бойынша 7 азаматша тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, дағдарыс орталығына орналастырылған. Ол жерде 7 түрлі қызмет ақысыз негізде көрсетіледі.

– Қоғамда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық іс ретінде қарау ерлердің рөлін төмендетеді, әйелдер заңдағы нормаларды асыра пайдаланып, қит етсе полицияға шағымданатын болады, бұл отбасылардың бұзылуына және бала тәрбиесіне кері әсер етеді» деген пікір бар. Осы жұмыспен тікелей айналысып, мұндай қылмыстардың арасында жүрген маман ретінде бұл пікірге қатысты не айтар едіңіз? Жаңа нормалар жағдайды ушықтыратыны рас па, әлде, ол ана мен баланы қоғауға шынымен пайдасын тигізе ме?
– Бұл – қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі. «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғауға бағытталған. Бірақ, оның кейбір тұстарына қатысты әртүрлі пікірлер мен талқылаулар туындап жатады. Бір жағынан, заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған және олардың қауіпсіздігі үшін маңызды шараларды қарастырады. Ал, екінші жағынан, кейбір азаматтар «бұл заңды әйелдер теріс пайдаланып, ерлердің құқықтарын шектейді, соның салдарынан ер азаматтардың қоғамдағы рөлі мен отбасындағы абыройы төмендеуі мүмкін» деп алаңдаушылық білдіріп жатыр. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін.
Бірден ашып айтайын, заңның негізгі мақсаты – отбасын қорғау. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік пен келеңсіздікті тым кеш болмай тұрып анықтап, арты ауыр қылмысқа ұласпай тұрып алдын-ала шешу үшін қабылданған. Осы тұрғыда, жәбірленушіге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету үшін дағдарыс орталықтары да жұмыс істеп тұр. Бұл заң ана мен баланың құқықтарын қорғау тұрғысынан аса маңызды.
Осы ретте айта кету керек, ерлердің де құқықтары заң арқылы қорғалады. Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай жағдайда әкімшілік іс ретінде, ал, қандай жағдайда қылмыс ретінде қарастырылатыны анық көрсетілген. Ашу үстінде әйелін балағаттап қойған немесе өз-өзін ұстай алмай қол жұмсаған еркекті бірден қылмыскер деп танып, оны бірнеше жылға бас бостандығынан айырып жібере салмайды. Тергеу мен сот процесі объективті түрде жүргізіледі. Ашуланып шапалақпен тартып жіберу мен аяусыз ұрып-соғудың айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Әйеліне қол көтерген жағдайда ер азаматқа әуелі әкімшілік жаза қолданылады. Ал, өз әйелін аяусыз соққыға жыққан немесе үнемі ұрып-соғып, дене жарақатын салып, денсаулығына зиянын тигізіп жатса ғана бұл іс-әрекет қылмыс ретінде қарастырылады.
Қоғамда кейбір адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықты тек әйелдер мен балаларға бағытталған қылмыс ретінде қарауға болады деп есептейді. Алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ер адамдар да болуы мүмкін. Заңның тек әйелдер мен балаларға ерекше назар аударуы кейбір ер адамдардың құқықтарын шектейтіндей әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ, бұл жерде ерлердің де зорлық-зомбылықтан қорғауға тиісті құқықтары бар екенін ескеру маңызды.

– Шымкентте ер адам осы заң аясында шағымданған жағдай болды ма?
Шымкент қаласында ер азаматтардың тарапынан түскен арыз-шағым болған жоқ.

– Балаларға қатысты жедел желілер жұмыс істейді. Балалардан қоңырау түседі ме?
– Әрине, көмек сұрап жедел желіге хабарласатын балалар да кездеседі. Жедел желі тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия немесе басқа да құқық бұзушылықтардан зардап шеккен балаларды қорғаудың маңызды құралы. Полиция департаменті өз кезегінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тетіктерді құрып, балалардан түскен қоңырауларға жедел жауап береді.
Шымкентте, әсіресе, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін құқық қорғау органдары арнайы 112 немесе 102 нөмірлері арқылы қоңырауларды қабылдайды. Бұл нөмірлер бойынша кез келген азамат, оның ішінде балалар да, полицияға көмек сұрап хабарласа алады. Сонымен қатар, заңда балаларға арналған арнайы жедел желілер мен мобильді қосымшалар да қарастырылған, олардың көмегімен балалар анонимді түрде өздеріне қатысты қандай да бір зорлық-зомбылыққа немесе құқық бұзушылыққа қатысты ақпарат бере алады.
Мұндай қоңыраулар мен өтініштер арнайы топтар арқылы жедел қаралып, қажетті көмектер көрсетіледі. Сонымен қатар, полиция мен әлеуметтік қызметтер балаларға арналған дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді, бұл балаларға қауіпсіз әрі қолдау көрсететін ортаны қамтамасыз етеді.

– Дағдарыс орталықтарында жәбірленушінің құқығы қаншалықты қорғалады? Зардап шеккен адамға қандай көмек көрсетеді?
– Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталықтары жұмыс жасайды. Статистикалық есепке сүйенсек Шымкент қаласында дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында 6 ай көлемінде мамандардың бақылауында болады. Ары қарай отбасылық жағдай тұрақталғаннан кейін өз қалауларымен отбасыларына барады. Былтыр 50-ге жуық ана мен 100-ге жуық бала отбасылық кикілжіңдерін шешіп, толыққанды жанұяларына қайтарылған. Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы 8 түрлі қызмет түрін ұсынады. Сондай-ақ, Әйелдер мен балалар мұнда тек көмек алып қана қоймай, қосымша білім алады. Атап айтқанда, тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед курстарын тәмамдап, сертификат алады. Қазіргі таңда дәл осындай мамандық бойынша өз кәсібін ашып отырғандар да бар.

–Шымкентте 756 адамның тәртібіне, мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар қойылғанын айттыңыз. Ол қандай талаптар, қанша мерзімге қойылады? Бұл қадағалау құқықбұзушылықтың алдын алуға расымен де көмектеседі ме?
– Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды тармақтардың бірі – жауапты тұлғаны 30 күн мерзімге оқшаулау және жәбірленушілермен байланысуына тыйым салу мүмкіндігі. Бұл зардап шеккендердің психо-эмоционалды жағдайына оң әсер етіп, оларға толық оңалту мүмкіндігін береді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шараларын күшейте түсті. Сот тарапынан белгіленген ерекше талаптардың сақталуын учаскелік полиция инспекторлары қадағалайды. Егер әлгі 756 адамның ішінде сот тарапынан мінез-құлқына қойылған талапты орындамағандар болса, ондай азаматтарға қосымша әкімшілік жаза тағайындалады. Енді ондай азаматтар 6 ай көлемінде бақылауда болады. Дәл осылай қадағалау мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан ауыр жарақат алғандар мен қайтыс болғандар тіркелген жоқ. Бұл – заңға енгізілген нормалардың нақты нәтиже беріп отырғанының көрсеткіші.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

P.S.
Мемлекеттің міндеті – өз азаматын, оның өмірі мен денсаулығын, заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау. Отбасында жанжал болып, адамдар зардап шегіп жатқан кезде мемлекет «Бас жарылса бөрік ішінде» деп араласпай, үнсіз отыра алмайды. Бірақ… Адамдар тек заңнан қорыққанан, полициядан аяқ тартқандықтан ғана емес, саналы түрде өзара түсіністік пен келісімге келіп, тұрмыстық кикілжіңдерді сабырмен, мәмілемен шешкеніне не жетсін?!
Бәлкім, біз заң мен тәртіпке арқа сүйеп өмір сүрсек, келер ұрпағымыз аяулы ана, асыл жарға қол көтерудің адамгершілікке жат әрекет екенін ұғынатын саналы азаматтар болып өсер…

Соңғы жаңалықтар