Редакция таңдауы

ҒЫЛЫМСЫЗ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Бүгінгі заман – білімдінің заманы. Ата-бабамыз ертеден айтып келе жатқан «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» нақылының өзектілігі бүгінде қатты білініп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» дейді. Президентіміз Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында нақ осыны айтты.


«Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе, дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы, білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет», — деді Президент.
Ғалымдар ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Жас ғалымдар буынын бекіту, қатайту үшін аға буын мықты болмасқа болмайды. Еліміздің дамуына үлкен үлес қосып жүрсе де өзіндегі бармен көзге ұрмай өнімді еңбек етіп жүрген ғалымдарымыз, Құдайға шүкір, баршылық. Соның бірі – профессор Тұрлыбек Ысқақов.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық инженерлік Академиясының мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ысқақов Тұрлыбек Өтешұлының еліміздің ғылымына сіңірген еңбегін саралар болсақ, тау көтерген Толағай еріксіз есіңе түседі. Тұрағаң «Мен істедім дегенше, ел істеді десеңшінің» адамы.
Жақында ғалым ағамызбен сұхбаттастық. Мақтанға жоқ ғалым қатардағы көптің бірі емес екен. Ал, еңбектерін саралап көріңіз.
Тұрлыбек Ысқақов — техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпаратгық және ҚР ұлттық инженерлік академияларының академигі. Ғылыми жетістіктерін «ЭнергияБуран» кешеніне ендірудегі айрықша табыстары үшін оған С.П.Королев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атағы берілген. Космонавтика федерациясындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының ардагері. Оның ғылыми-ізденіс саласындағы қол жеткізген табыстары да өз дәрежесінде бағаланған. Соның дәлелі, ол ҚР-ның 2005 жылғы ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Тұрлыбек Өтешұлы 1 оқу құралының, 4 монографияның, барлығы 269 ғылыми жұмыстың авторы. Осынау ауқымды жұмыстың нәтижесі — 132 патент және авторлық куәліктер.
Тұрлыбек Өтешұлы ғылыми жұмыспен Қазақ химия-технологиялық институтында (ОҚМУ бұрын осылай аталушы еді) оқып жүрген шағында-ақ айналыса бастаған-ды. Ол 1980 жылы Киев политехникалық институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Ал, 1994 жылы «Новые материалы и изделия для тепловой защиты строительных конструкций специального назначения» атты докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты.
Т.Ысқақовтың ғылыми жұмыстары, көбіне, мемлекеттік құпия санатында еді. 1983 жылдан ол КСРО Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша «Кристалл» проблемалық лабораториясын ұйымдастырып, оған басшылық жасады. Лабораториядағы зерттеу жұмыстары «Байқоңыр» ғарыш айлағының нысандары үшін жүргізілуші еді. 1991 жылы аталмыш лаборатория негізінде Арнайы материалтану ғылыми-зерттеу институты құрылды, оның директоры болып Т.Ысқақов тағайындалды.
Т.Ысқақов – арнайы қасиеттері бар шыны кристалдық материалдарды алудың физика-химиялық негіздері саласындағы ірі ғалымдардың бірі. Ғалым жүргізген зерттеулері экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге арналған арнайы материалдар алуға бағытталған. Бұл материалдар өзінің физика-механикалық, термиялық және адгезиялық көрсеткіштері бойынша шетелдік аналогтарынан басым магний фосфаттың байланыстырушы жүйелермен бірге КСРО Қорғаныс министрлігінің нысандарында «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылыстарының жоғары температуралық газды динамикалық әсерлерден қорғау үшін термиялық төзімді қаптамалар ретінде енгізіліп, жұмыс жүргізілді.
Т.Ысқақовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен жүргізіліп жатқан зерттеулер өзекті, Қазақстан өнеркәсібінің негізгі салаларының дамуымен басым бағыттарына сәйкес, ал, алынған нәтижелері бәсекеге қабілетті және ерекше тәжірибелік маңызы бар. Себебі, олар ғылыми- зерттеулер нәтижелерін енгізу үшін істеп түрған өндірістік қуаттарды қайта жарақтандыру мүмкіндігін ескеріп жүргізілген.
Енгізілген жаңалықтың нәтижесінде ыстыққа төзімді, жоғары температураларға беріктігі негізінде термиялық төзімді бұйымдар алу технологиясы Қазақстанда шығарылмайтын шамотты жоғары температураға беріктік өндірісін ұйымдастыру Қазақстанның металлургиялық, энергетикалық және химия салаларын аз шығындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік Қазақстандағы Құлантау кен орнының кендері негізінде кепкен вермикулит және жоғары температуралы жылу изоляциялық материалдар шығаруға технологиялық зерттеулер жүргізіліп, ұсыныстар жасалды. Мұндай материалдар жылу изоляциясы, сейсмикалық корғау үшін плиталардың отқа төзімді толтырғыштары және металл конструкцияларының қамтамалары ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Тұрлыбек Өтешұлының үздіксіз ізденісінің нәтижесінде эксперименталды зерттеулер негізінде түрлі минералдық материалдарды жылдам күйдіру, кептіру және салқындату технологиясы үшін тәсілдер мен аппаратуралық безендірілуі жасалды; өнеркәсіптің түрлі салаларын қайта жарақтандыру үшін ұсыныстар дайындалды. Жылдам күйдіру технологиясы бойынша өнеркәсіп қалдықтары, жылу электр орталығы күлдері, шлактар өңделуі мүмкін, ал, бұл аймақтың экологиялық қауіпсіздігін едәуір жоғарылатады. Жасалған қондырғылар мен тәсілдер Ресей аумағында енгізілген. Қондырғылар мен тәсілдер экологиялық қауіпсіз, қарапайым әрі ықшам, ал, олардың өнімділігі дәстүрлі әдістерден 10-15 есе жоғары.
Т.Ысқақовтың басқаруымен едәуір ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен шығармашылық қатынастар орнатылды. Көптеген жылдар бойы осы министрлікпен келісім-шарттар бойынша және ҚР Қорғаныс министрлігінің мүддесіне сай зерттеулер жүргізілуде. Аталған зерттеулерді орындау барысында алынған нәтижелер: Қазақстан Республикасының шикізат ресурстары негізінде химиялық ток көздерін өндіру үшін негізгі материалдар алу технологиясы жасалды. Алынған материалдар мен реактивтер негізінде жаңа сілтілік ламельсіз никель-кадмий аккумуляторларьн өндіру технологиясы жасалды.
Жергілікті өсімдік шикізаты негізінде биологиялық белсенді заттарды электрлі-химиялық синтездеу бойынша зерттеулер жүргізілуде. Ісікке карсы белсенділігі бар заттар; радиация зардаптарының алдын-алуға және емдеуге арналған биологиялық белсенді заттар синтезделді. Алғашқы дәрігерлік-биологиялық зерттеулер синтезделген қосылыстар зиянсыз және өте тиімді екенін көрсетті.
Жоғары температуралық процестердің энергия сыйымдылығын фундаменталды зерттеулері негізінде және химиялық әдістер мен силикаттық технологияларды пайдалану арқылы Т. Ысқақовтың басшылығымен жаңа бағыт — силикатты және қиын балқитын металл емес материалдарды зольгель синтездеу дамып келеді. Бұл жетістіктерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағындағы кәсіпорындарға енгізуге ұсыныстар жасалды. Орындалған зерттеулер нәтижесінде танктер мен БТР заттары үшін желінуге төзімді материал жасалды, жаңа материалдан жұмыс қабатының бекуімен танктің қозғалғыш бөлшегінің құйма технологиясы ұсынылып, Қазақстан шикізат ресурсы негізінде пісірілген және балқытылған электродтарды дайындау технологиясы жасалды.
Әскери техника нысандары мен құрылыстарды радио-жасыру үшін арнайы қаптамалар алу технологиясын жасау зерттеулерінің жаңалығы мен маңызы өте зор.
Зерттеулер нәтижелері Бухарестте өткен халықаралық симпозиумде, Кеңес-Үндістан «Эксперименталды минерология» симпозиумында, Париждегі халықаралық симпозиумда баяндалды. Жұмыс Алматыда өткен әскери техника конвенциясы көрмесінде көрсетілді.
Аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын «Байқоңыр» ғарыш айлағында ендіру кезінде ең ірі техника экономикалық нәтижелер алынды. «Энергия-Буран» ғарыш кешенін ұшыру бағдарламасын жүзеге асыруға катысқаны үшін Т.Ысқақовқа С.П.Королев сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Шлакты ситалл плиталарын Чернобыль аймағында радиоактивті сәулеленуден қорғау үшін тиімді материал ретінде сынау нәтижелері жоғары бағаланды.
Тұрлыбек Өтешұлы Министрлер Кабинетінің қаулысымен бекітілген жоғары температураға төзімді өнеркәсіпті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға қатысқан, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарында ғылым мен техника жетістіктерін ендіруге бағытталған «Шымкент» аймақтық бағдарламасын жасаудың және жүзеге асырудың ұйымдастырушысы және басшысы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне бекітуге ұсынылған «Қазақстан-Ғарыш» бағдарламасын жасаудың ұйымдастырушысы.
Ғылыми зерттеулері нәтижелері бойынша Т.Ысқақовтың «Ғарыш айлақтарының құрылыстары үшін беріктігі жоғары термиялық төзімді материалдар мен бұйымдар» (Алматы, Әуе-ғарыш агентінің баспасы, 250 бет), «Шыны кристалдық фосфатты байланыстырғыш жүйелер негізіндегі «жоғары температураға төзімді бетондар» және «Құрылыстар мен конструкцияларды жылулық қорғау» монографиялары жарық көрді. Профессор Т.Ысқақовтың жетекшілігімен екі докторлық және алты кандидаттық диссертация қорғалды.
Қазақ мемлекетінің негізін қалаған көсемдеріміздің бірегейі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес мінезден» деген аталы сөзі бар. Осы қисынға салсақ, Тұрлыбек Ысқақов үлкен ғалым ғана емес, ұлтымыздың шынайы жанашыры. Жайшылықта жұмсақ көрінгенімен ұлт керегіне, пайдасына жұмыс істейтін азамат екеніне сан мәрте куә болдық.
«Болам деген баланың белін бу». Бабаларымыздан қалған осындай асыл сөз Тұрлыбек сияқты ағаларымызға арналса керек. Сексеннің сеңгіріне аяқ басса да талантты ұрпақтың талабын ұштауға, биікке қанат қағуына қызмет етіп келеді. Қазақ — алаш аманатына адал, ұлтының керегіне жұмыс істейтін осындай ағеділ азаматтарымен мықты.

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар