Редакция таңдауы

«ТЕМІР ГЕНЕРАЛ» атанған Қазығурт қыраны

Қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі, тұңғыш генералы, Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Омарұлы Рахымовтың туғанына – 123 жыл толмақ. Ұлы Отан соғысында ерлігімен елге танылып, жауға қарсы кескілескен шайқаста нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен ер есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.


Рахимов Сабыр Омарұлы 1902 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында туған. 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Бакудегі әскери училищені бітірісімен (1925), Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод, эскадрон командирі болды. 1925-1927 жылдары Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға күрестегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған.
1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққан батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Сабыр Рахимов 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин, 2-дәрежелі Суворов орден-медальдарымен марапатталған.
Сабырдың балалық шағы жайлы зерттеуші-қаламгер Бегімхан Керімханұлының жазбасында «болашақ генерал ат айылын тартып мініп, ер жеткенге дейін жоқшылықтың қамытын киюмен болған» дейді.
1907 жылы әкесі Омар дүние салған соң, жесір қалған анасы Бахарайым ұлын жетектеп, Өзбекстандағы диірменші ағасы Рахымның отбасын паналайды. Сөйтіп, Сабыр атамыздың фамилиясы «Рахимов» болып жазылып кеткен.
Ол да бiр аңыз адам. Қаны қазақ болғанымен, Орта Азия халықтарына ортақ тұлға. Қырық үш жыл ғұмырында жасындай жарқ етiп өттi. Әйтсе де, артында өшпестей өнегелi iзi қалды. Сұрапыл соғыстағы ерлігі «Темiр генерал» атануына сеп болды. Заманы отқа салып илесе, болат темiрдей пiсiп, жетiлмесе ол Сабыр болар ма едi?!
…1945 жылы 26 наурызда таңертең дивизияның командалық пунктiн жау минасы соққылады. Дивизия командирi Сабыр Рахымов, полковник А.Смирнов және командалық пункттiң басқа офицерлерi қатты жарақаттанды. 26 наурызда сағат 13.00-де генерал — майор С.Рахымов қаза тапты. Денесi Ташкенттегi бауырластар мазаратында жерленген.
Кейінгі жылдары қазақ генералының есімін ұлықтау кеңінен етек алды. Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында көше, Қазығұрт ауданында ауыл атауы Сабыр Рахымовтың есімімен аталды. Шымкенттегі Республикалық әскери колледж интернаты, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы орта мектеп Сабыр Рахымов атында. Ташкент қаласында Сабыр Рахымовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рахымов есімімен аталған. Мегаполистегі «Жеңіс» саябағы да генерал С.Рахымов атында. Саябақ кіре берісіне биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асатын ескерткіш орнатылған.
«Ерлік» музейі жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында құрылған. Қазіргі таңда музей қорында 6 мыңға жуық экспонат қоры сақталған. Музей экспонаттары екінші дүниежүзілік соғыс туралы майдан даласынан сыр шертеді, Тың игеру жолындағы, тылда еңбек жасаған ардагерлер туралы, 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде интернационалдық әскери борышын өтеген жауынгерлер туралы мәліметтер берілген. «Ерлік» музейінде 2021 жылы генерал-майор Сабыр Рахымовқа арнайы бұрыш ашылған. Музей қорында генералдың фотосурет, құжаттарының көшірмелері, батыр туралы жазылған кітаптар бар.
Музей – кез-келген қоғамдық ортада ғылыми-зерттеу және мәдени ағартушылық орталық ретінде көп қырлы әлеуметтік ақпараттар институты. 2020 жылы музейде «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Желтоқсан ақиқаты» атты арнайы бұрышы құрылды. 2021 жылы «Семей-Сынақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен 1949-1991 жылдар аралығында Қазақстан жеріндегі ядролық сынақтар жүргізілген полигонда әр жылдары әскери борышын өтеген ардагерлер мен полигонның зардабы жайлы «Ядролық сынақ майданы» бұрышы ашылды. Ал, 2023 жылы Армения мемлекеті мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ұлтаралық қақтығысқа қатысқан жауынгерлер туралы, ҚР «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының «Ерлік ұрпаққа ұран» атты арнайы бұрышы ұйымдастырылды.
Бүгінгі бейбіт өміріміз бен біртұтас елдігіміз – алдыңғы буынның жанқияр ерлігі мен еңбегінің, қайсар рухының жемісі. Сондықтан да олардың ерлік істерін өскелең ұрпаққа дәріптеу – біздің міндетіміз. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзететін, Сабыр Рахымовтай ерлердің ерлігіне қарап бой түзейтін ұрпағымыз өседі деген сенімдеміз.

Айгүл САДЫҚҚЫЗЫ,
«Шымкент қалалық
музейлер бірлестігі» МКҚК
«Ерлік музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар