Редакция таңдауы

Бауырлас елдердің байланысын бекемдей түспек

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның IV отырысы өтті. Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, комиссияның тең төрағасы Жақып Қажманұлы Асанов, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының орынбасары, комиссияның тең төрағасы Содик Солихұлы Сафоев, Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының депутаттары, салалық министрліктердің, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Комиссия жұмысын ашқан Жақып Қажманұлы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген байланыс сындарлы және сенімді диалог құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын, оған комиссияның қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, комиссия отырысында 2023 жылы басталған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жұмысы, екі ел тарапынан салынып жатқан индустриялды аймақтарға инвесторлар тарту мәселесі де қаралды.
Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасының жобасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында қаралатын мәселелер жан-жақты қаралып, талқыланды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Сол уақыттан бері парламентаралық комиссия бірлесе жұмыс атқаруда. Кезекті отырыс барысында екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық серіктестікті дамыту және Орталық Азияда бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі маңызды бағыттар талқыға түсті. Ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысында қаралып жатқан мәселелердің маңызы зор. Өңіраралық, әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығая түсуде. Сауда-экономикалық байланысты нығайту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру күн тәртібінде тұр.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, Комиссияның тең төрағасы Жақып Асанов екі ел үшін маңызды, халықтың игілігіне қызмет ететін жобалар талқыланғанын атап өтті. Ендігі кезекте екі елдің сенаторлары аталған жобаларды өз бақылауына алмақ.
Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының орынбасары, Комиссияның тең төрағасы Содик Сафоев комиссияның жұмысын оң бағалап, қабылданған келісімдер екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өз септігін тигізетінін мәлімдеді.
Тараптар кездесу соңында 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеуге келісті. Бұл құжат бірлескен күш-жігерді үйлестірудің негізі болмақ. Айта кетейік, аталған комиссияның бірінші отырысы 2021 жылы 3-4 маусым күндері Өзбекстан Республикасында өткен болатын. Онда екі жақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына және Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы парламентаризм Институты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі жанындағы Заңнама және парламенттік зерттеулер проблемалары институты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

Ә.АЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар