Қазақстанның болашағы бүгінгі жас ұрпақтың дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті, Отаншыл әрі адал азаматтар болып өсуіне тікелей байланысты. Ұлт сапасын жақсартып, шын мәніндегі Әділетті Қазақстанды қалыптастыратын да сол жас ұрпақ екені айдан анық. Сол себепті мемлекет балалар мен жасөспірімдердің сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдай жасап келеді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларға қосымша білім беру, өнер және спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызуға басымдық беріліп отыр. Осы орайда Шымкент қаласындағы Тұран шағын ауданында жаңа Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 12 700 шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат 500 орынға лайықталған.
Ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қастысты. Ол өз сөзінде өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасаудың маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, жаңа Оқушылар сарайының осы мақсатқа қызмет ететінін айтты. Әкім сондай-ақ жауапты тұлғаларға балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыруды және сарай қызметін барынша тиімді пайдалануды тапсырды.
Айта кетерлік жайт, Оқушылар сарайы заманауи технологиялармен жабдықталған және 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың қосымша білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқушылар үшін бассейн, интерактивті кітапхана, керамика үйірмесі, 3D-модельдеу және Lego кабинеттері бар. Сонымен қатар, биотехнологиялық және гуманитарлық бағыттағы блоктарда балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған фотостудия, бейне студия және журналистика үйірмелері орналасқан.
Ғимаратта заманауи зертханалар, робототехника кабинеті және IT бағыттағы түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Әсіресе, ғылыми-техникалық бағытқа қызығатын балалар үшін STEM-орталықтары ашылған. Балалар мұнда бағдарламалау, инженерия, биотехнология және ғылыми жобалармен айналысу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, өнер мен шығармашылыққа бейім оқушылар үшін би және музыка студиялары, сурет салу және мүсін жасау шеберханалары қарастырылған. Мұның барлығы балалардың жан-жақты дамып, өз таланттарын шыңдауына мүмкіндік береді.
Жаңа Оқушылар сарайы – бұл тек білім мен шығармашылықты дамыту алаңы ғана емес, сонымен қатар жастардың әлеуетін арттырып, жарқын болашаққа жетелейтін мәдени және тәрбиелік орталық болмақ. Қала тұрғындары бұл нысанды балалардың қабілетін шыңдайтын маңызды қадам ретінде жоғары бағалап отыр.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ