Редакция таңдауы

Жерлестеріміз қысқы азия ойындарында бақ сынайды

2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Харбинде (Қытай) Қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл көпсалалы спорттық іc-шарада ел намысын 137 спортшы қорғайды. Қазақстан құрамасының биылғы Қысқы Азия ойындарына қатысатын спортшыларының толық тізімі жарияланды. Аталған халықаралық бәсекеге Шымкент қаласынан да спортшылар аттанбақ. Негізінен, фристайл-акробатика өкілдеріне үміт артамыз.

Харбин Азиаданы екінші рет қабылдайды. Бұған дейін 1996 жылы Қысқы Азия ойындары осы қалада ұйымдастырылған болатын. Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар жеті спорт нысанында өтеді. Азия ойындарында спорттың 6 түрі мен 11 дисциплина бойынша бәсекелер өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, спортшылар коньки түрлері (шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, керлинг, шаңғы жарысы түрлері (тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғымен жарысу), биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі. Еліміздің жанкүйерлері спорттық бәсекені «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көре алады.
Шымкент қаласының фристайл спортының өкілдері жауапты сында бақ сынамақ. Фристайл-акробатика өкілдері Шерзод Хаширбаев, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас және Ардана Маханова талай сындардан өткен тәжірибелі спортшылар.
Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі Шерзод Хаширбаев спорт шебері, тәжірибелі спортшылардың бірі. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Жастар ойындары мен Спартакиадасының жеңімпазы, Әлем, Еуропа Кубогының жүлдегері. Жерлесіміз 2022 жылы Бейжің қаласында (Қытай) өткен XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, 15-орын алды. Қазіргі уақытта ол 2026 жылғы ойындарға лицензия иегері ретінде қарастырылуда. Өткен жылы жерлесіміз Еуропа кубогының кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші және үшінші орындарды иеленді.
Дінмұхаммед Райымқұлов – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, жастар ойындары мен Спартакиадасының чемпионы. Биыл қаңтар айында өткен Жастар арасында Әлем чемпионатында (Алматы) алтын жүлдеге ие болған еді. Сол себепті де жерлесіміз қазіргі уақытта өз спорттық бабында.

Құрама сапындағы жас спортшылардың бірі Асылхан Асан ҚР спорт шеберлігіне үміткер. Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі. Өткен жылы Алматы қаласында өткен ҚР чемпионатында 1-орын алды. Сәуір айындағы Шымкент қаласының Ашық біріншілігінде де топ жарды.

Қазақстан Республикасының спорт шебері Ардана Маханова жастар санатынан. Жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында бас жүлдеге иелік еткен. Былтыр Алматыда өткен ҚР чемпионатында жеңімпаз атанды. Енді Қысқы Азия ойындарына қатыспақ. Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аяна Жолдас көп уақыттан бері ел намысын қорғап келеді. 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынаған болатын. Сәтін салып, биылғы үлкен дода – Қысқы Азия ойындарына аттанғалы отыр. Аяна Жолдас әйелдер арасында көшбасшы спортшылардың бірі. Ол Еуропа кубогы кезеңдерінде бірнеше рет жүлде алған. Оның еншісінде осы турнирден бес медаль бар.
Кесте бойынша фристайл-акробатика бәсекесі 9-11 ақпан аралығына жоспарланып отыр. Азия ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиындары 2024 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында (Шымбұлақ) өтті. Біз жерлестерімізге жауапты сында сәттілік тілейміз.
Харбин қаласында өтетін Азия ойындарында фристайл-акробатикадан жарыстар тарихта төртінші рет өткізіледі. Фристайл-акробатика алғаш рет Азия ойындарының жарыс бағдарламасына 1996 жылы енгізілді. Осыдан кейін бұл спорт түрінде медальдар тағы екі рет – 2007 және 2011 жылдары сарапқа салынды. 14 жылдан кейін бұл спорт түрінің өкілдері Азия ойындары аясында тағы да жүлделерді сарапқа салмақ.

Соңғы жаңалықтар