Редакция таңдауы

Сұлулық пен сымбатты үйлестірген спорт мектебі

Спорттағы сұлулық дегенде, алдымен көркем гимнастика ойымызға оралады. Əдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалу, ептілік пен икемділік, сұлу мүсін. Мұның бəрі нақ осы спорт түрінен табылады. Сондықтан да болар, қызының көркем гимнастикамен шұғылданғанын қалайтын ата-аналар саны күн санап артып келеді. Тəуелсіз Қазақстанда гимнастиканың қанат жаюын Əлия Юсупованың атымен байланыстырамыз. Дегенмен Әлияның жолын қуған, ізін басып келе жатқан спортшыларымыз аз емес. Өз тәжірибесі мен білімін елдегі көркем гимнастиканы дамытуға арнап жүрген бапкерлер де баршылық. Елімізде спортты насихаттап, дамытуға үлес қосып жүрген жастарымыздың саны артып келе жатқаныны көңіл қуантады. Осындай талапшыл жастар қатарына көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Роза Абитова мен Еңлік Ержанқызын атасақ болады.

Өздерінің табандылығы мен шеберлігінің арқасында Қазақстанның көркем гимнастикасында маңызды орынға ие болған, халықаралық аренадағы жетістіктері еліміздің спорттық беделін арттыруға елеулі үлес қосып жүрген қос жас, Шымкент қаласында көркем гимнастика академиясын ашып, өсем деген жас өркенге үлкен мүмкіндіктер алаңын жасады. Нақтылап айтсақ, Queens Academy жас гимнастшылар мектебі алғашқы шәкірттерін қабылдауды бастады.
Бұл академия – Шымкент қаласының Көркем гимнастика федерациясының филиалы болып табылады. Академияның ашылу салтанатында жас гимнаст қыздар өнер көрсетіп, көрерменнің хошеметіне бөленді. Шымкент қаласының Көркем гимнастика федерациясының президенті Мұслиша Шаназаров және Шымкент қаласының бас жаттықтырушысы Лола Әділбекова қатысып, «әр баланы чемпион еткіміз келеді» деген бапкерлердің істеріне сәттілік тіледі.
– Біз гимнастиканы дамыту үшін барлық жағдай жасап, жас таланттарға қолдау көрсететінімізге мақтанамыз. Балалардың физикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар тәртіпке баулып, жеңіске жетуге деген ұмтылысын шыңдаймыз. Жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің туын көкке желбірететін шәкірттер тәрбиелеп, беделді ареналарда мектебімізді, елімізді таныстырсақ деген арманымыз бар, – дейді академияның негізін қалаушы Еңлік Ержанқызы.
Queens Academy Қарасу шағын ауданында орналасқан. Жалпы ауданы 3000 шаршы метрден асатын екі қабатты ғимаратта ыңғайлы киім ауыстыратын бөлмелер, жеке шкафтармен жабдықталып, балаларға барлық жағдай жасалынған. Көркем гимнастика залының ауданы – 400 м², шағын хореография залы – 150 м². Сондай-ақ, ғимаратта балаларға арналған шығармашылық үйірмелер орталығы бар. Қосымша білім беру аясында үйірмелер күнделікті сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді және онда 4-17 жас аралығындағы барлық балалар Damu bala бағдарламасы арқылы мемлекеттің қолдауымен тегін білім ала алады.
Айта кетейік, бұл жоба Jusan Bank-тің және кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды. Қаржыландыру кәсіпкерлерді жедел несиелеу бағдарламасы аясында жүргізілген.
«Jusan Bank Шымкент қаласында көркем гимнастика академиясын ашуғақолдау көрсеткеніне қуанышты. Академия қабырғасында жас дарындар үлкен жеңістерге бастайтын алғашқы қадамдарын жасайтынына сенімдіміз. Мұндай тамаша әрі пайдалы жобаның бір бөлігі болғанымыз үшін қуаныштымыз», – дейді Шымкент филиалының өкілі Сауле Карибаева.
Кәсіпкерлер Ақылжан Тасқымбаев пен Айгүл Тұрғанбекқызы да осындай игілікті істің басында болғандарына қуанышты.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар