Редакция таңдауы

БЕС ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІ 13 МЫҢНАН АСТАМ ҮЙГЕ ГАЗ БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазірдің өзінде қала тұрғындарының барлығы дерлік көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал, газдандырылмаған немесе жаңадан бой көтерген жекелеген елді мекендер мен тұрғын алаптарда соңғы жылдары жұмыс қарқынды түрде жалғасып келеді.

Мәселен, өткен аптаның соңында Шымкенттің үш бірдей елді мекеніндегі магистралды газ құбырларына газ берілді. Енді тұрғындар құжаттарын рәсімдеп, техникалық және қауіпсіздік ережелеріне сәйкес рұқсаттарын алса, үйлерін газға қоса алады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков газға қосылған елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісіп қайтты. Шаһар басшысы алдымен қаладағы Қайтпас-1 шағын ауданында болып, үйлерді газға қосу іс-шарасына қатысты. Бұл шағын ауданның негізгі бөлігінде табиғи газ бұрыннан бар. Тек жаңа құрылыс аймақтары мен жкелеген көшелерді газдандыру үшін 16,812 шақырым газ жүйелерінің құрылысы жүргізілген. Салаға жауапты мамандлардың айтуынша, бұл құрылыс өткен жылдың желтоқсан айында аяқталыпты. Соның нәтижесінде бүгінде 500 абонент газға қосылып отыр.

Сондай-ақ, қала әкімі Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына да барды. Бұл жерде де 700-ден астам абонент табиғи газға қол жеткізді. Мердігер «Жылуэнерго ремонт» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын 2024 жылы сәуір айында бастап, желтоқсан айында аяқтап үлгерген екен.

Сонымен қатар, өткен аптаның соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 және Бозарық тұрғын алаптарына да табиғи газ берілді. 2023 жылы басталған газ құбырларын тарту жұмыстары сәтті аяқталып, нәтижесінде 6 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ал, Бозарық шағын ауданында 1500-ге жуық тұрғын үй, ал, Тұран шағын ауданында 4500-ден астам үй газбен қамтамасыз етілген.

Іс-шара барысында қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, бұл жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және қаланың орнықты дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

«Елді мекендерді жоспарлы түрде газдандыру экологияны жақсартудың, орнықты дамуды қамтамасыз етудің және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың маңызды қадамы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасады», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Табиғи газға қосылу үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на тиісті құжаттарын ұсынуы қажет. Қосылу рәсімін жеңілдету мақсатында мекеме азаматтарға барлық қажетті кеңестер мен ақпараттарды ұсынуда. Алдағы уақытта қала аумағында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғаса береді.

Тағабай ҚАСЫМОВ,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар