Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы жастардың қолында екенін үнемі атап көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Президенттің бастамалары жастардың білім алуы, кәсіби дамуы және әлеуметтік қолдауы үшін кең мүмкіндіктер жасап, оларды елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне белсенді араласуға шақырады. Президент, әсіресе, жастардың сапалы білім алуына басымдық беруде. Цифрландыру және жасыл технологияларға негізделген жаңа экономиканы құруда жастардың рөлін айрықша атап өтіп, жастарды экология, IT-технологиялар, креативті экономика және стартап жобалар саласында белсенді болуға шақырып, осы салаларды дамытуға инвестиция құю қажеттігін айтып жүр.
Президент өз Жолдауларында жастарды еңбекқорлық пен білімге ұмтылуға, қоғамның белсенді мүшесі болуға және ел дамуына үлес қосуға, жаңа инновациялар мен технологияларды игеруге шақырып, жастарға бағыттаған бастамалары – еліміздің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беруде. Президент жастарды елдің тірегі, мемлекетіміздің стратегиялық күш-қуаты деп санайды. Оның ұсынған бағдарламалары жастарға тек әлеуметтік қолдау ғана емес, өздерінің арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін шексіз мүмкіндіктер сыйлауда.
«Жастар – біздің болашағымыздың негізі. Біз оларға барынша жағдай жасауымыз керек. Олар – Қазақстанның ертеңгі жетекшілері мен жаңашылдары» деп атап өткен Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Келешек» ерікті жинақтау жүйесінің жаңартылған бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Тапсырма орындалып, жақында Мемлекет басшысы Келешек бағдарламасына қол қойып, бұл заң қабылданды.
«Келешек» бағдарламасының алғашқы кезеңі 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында, яғни, бірінші шілдеге дейін жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Мысалы, бала 18 жасқа келгенде оның шотында 7,5 млн-нан аса қаражат жиналады екен. Бағдарлама қазіргі «AQYL» депозитіне ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. «Келешек» — баланың оқуына қаражат жинауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Жоба – ата-аналарға міндеттелмейді. Ерікті түрде жүзеге асады. Ерекшелігі баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады.
«Келешекке» барлық балалар қатыса алады, ешқандай жас шектеулері жоқ. Салымдар немесе сақтандыру шарттары кез келген жастағы балаға ресімделуі мүмкін. Күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға бюджеттен бір рет есептелетін бастапқы білім беру капиталын қоспағанда, барлық тиісті төлемдер ұсынылатын болады. Бұл бағдарлама ерікті жүйе болғандықтан шоттарды автоматты түрде ашу жоспарланбайды. Ол ата-аналардың қалауына байланысты. Баласының келещекте жоғары білім алуын қалаған кез-келген ата-ана қазірден бастап ақшаны жоспарлау керек. Сондықтан азаматтар қазірдің өзінде салымдар үшін есеп-шоттар аша алады немесе сақтандыру шарттарын жасай алады. Бүгінгі күні оны екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру компаниялары және Ұлттық пошта операторы арқылы жүзеге асыруға болады» дейді мамандар.
7,5 млн теңге. «Келешек» бағдарламасы арқылы балаңыздың біліміне осынша қаражат жинауға болады. Шарты қарапайым. Шот ашасыз. Алғашқы жарна мемлекеттен төленеді. Яғни, 240 мың теңге көлемінде қаражат шотқа түседі. Бірақ мұндай мүмкіндік тек бес жасында шоттары ашылған балаларға қарастырылған. Ал, бала жасы 7,8,10 жаста болып, оған шот ашылса ондай төлемді мемлекет жүргізбейді. Сондықтан, балаңыздың білім қорындағы қаражаты көп болсын десеңіз, 5 жасынан қамданыңыз. Ал одан әрі баланың оқуына ай сайын 8 мың теңгеге жуық қаражат салып отырса жеткілікті. Тіпті, бұл қаражатты жылына бір рет бірден салса да болады. Ал, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бұл төлем көлемі екі есеге көп.
– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді. Бұл бағдарлама –еліміздегі жастарға жоғары білім алуға қолжетімділік пен қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік бағдарлама. Оның тиімді жақтары туралы бірнеше маңызды аспектілерді атап өтуге болады. Бағдарлама балалардың болашақта жоғары оқу орнында білім алуына немесе кәмелетке толғаннан кейін үй сатып алуы үшін еліміздегі кез келген екінші деңгейлі банктерде немесе сақтандыру компанияларында 5 жастан бастап қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бағдарлама арқылы жастар қаржылық сауаттылықтарын арттыра алады. Олар қаржы жинау, жоспарлау және басқару дағдыларын үйренеді, бұл болашақта олардың жеке қаржылық жағдайын дұрыс басқаруға көмектеседі. Бұл бағдарлама тек қана білім алуға емес, болашақ мамандықты таңдауға да әсер етеді, себебі студенттер осы бағдарлама арқылы өз білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, өз қалауларына сәйкес оқу орындарын таңдай алады. Бала мектеп бітіргеннен кейін білім грантын жеңіп алған жағдайда,жинақталған сомманы магистратурада, докторантурада, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе өзінің іні-қарындастарына үшінші тұлғаға беруге құқылы. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Мемлекеттік қолдаудың шарасы аясында балалар елде ғана емес, шет елде де білім ала алады. Қазірден бастап жоғарыда аталған мәселелерді жастарға, әсіресе мектеп бітіруші талапкерлерге және ата-аналарға түсіндіру жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар еліміздің болашағы — жастар үшін жасалынғандықтан түсіндіру жұмыстарына барлығымыз да бір жұмыла атсалысуымыз қажет, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мемлекеттік жастар саясаты саласы бойынша өткізген брифингінде.
Осы жерде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда жиналған балалардың қаражатын біріктіруге болады ма» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа мамандар екі түрлі бағдарлама ақшасы оқуға түскен кезде бірігіп кетеді дегенді айтады.
«Ұлттық банкте әр баланың қорғалған есепшоты ашылып, сол жерде жиналады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алатын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады, болмаса, оны бауырын немесе қарындасының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Келешек» бағдарламасына қатысу үшін серіктес банктерде арнайы есепшот ашу керек. Шот ашқан соң, мемлекеттен ақша бірден сол шотқа түседі. Әзірге банктер бұл бағдарлама бойынша есепшот ашып жатқан жоқ. Дегенмен Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, негізгі серіктестер: «Отбасы банкі», «Халық Банкі», «Jusan Вапк», «Нұрбанк», сондай-ақ «ВТБ Банк». Бұдан бөлек бағдарлама іске қосылған соң, Bank RBK, Еуразиялық банк, Bereke Bank және «Қазпошта» ұлттық пошта операторы да жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар 5 сақтандыру компаниясымен ынтымақтастық орнатылады.
Қымқаша айтқанда, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі – жастардың болашағына инвестиция салуға арналған тиімді құрал. Бұл жүйе арқылы еліміздегі әрбір бала сапалы білім алуға, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге және өз армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жастар – еліміздің жарқын болашағы. Біз оларға барынша жағдай жасап, олардың әлеуетін дамытуға барлық мүмкіндікті беруіміз керек». Осы бағдарлама арқылы Қазақстан жас буынның жан-жақты дамуына жаңа жол ашылады деп сенеміз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА