Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біздің қоғамда еңбекқор, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс.
Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген сөзі игі істерге жалғасып, биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осы орайда өз еңбегімен қарапайым жұмысшыдан ірі кәсіпкерге дейін көтерілген қайырымды істері және игі бастамаларымен танымал Есбол Әуесбекұлы жайлы сыр шертпекпіз.
Отырардағы
Қ.Мұңайтпасов мектебінің түлегі еңбек жолын аудандағы мал азығын дайындау цехының жұмысшысы ретінде бастайды. Одан кейін локоматив депосында машинистің көмекшісі болып жүріп, бригадир дәрежесіне, одан әрі отын базасының басшысына көтерілді. Осы қызметі Шымкент қаласындағы отын базасында жалғасты. Осылайша, мегаполиске келген
Есбол Әуесбекұлы Қапыланбек колледжінен аудит-есепші, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университеттен «Құқықтану» мамандығын алды. Өз қалауын іздеуде ұзын-ырғасы бес мамандықты игерді. Соның ішінде Тыныбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясынан алған теміржол арқылы тасымалдауды үйымдастыру мамандығы да бар. Әйтсе де
Есбол Әуесбекұлы заман талабына сай кәсіпкерлік жолға түсті. Оның бастамасымен Шымқалада бой көтерген бірнеше балабақша мен мектеп үйлері, сондай-ақ 700-ден астам азаматқа жұмыс орны берілді. Мегаполистің бүлдіршіндеріне 380 орынға арнап салынған «Алтын балапан» балабақша үйін тарту етті. Бұдан тыс,
Есбол Әуесбекұлы президенті болып табылатын Түркістан облыстық баскетбол федерациясы дайындаған қыздар құрамасы үш жыл қатарынан ел кубогын еншілеп, өлкеміздің атағын аспандатып келеді. Десе де Есбол Әуесбекұлы үшін құрылыс саласы аса маңызды көрінеді. Ол қала тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін аянбай тер төгіп, әсіресе, білім беру мен жастарды қолдау бағытында бірнеше жобаларды іске асыруда. Кәсіпкерге лайық іскерлік бағытын білім беру, денсаулық сақтау саласына арнаған Есбол Әуесбекұлы тұңғыш қадамын былайша еске алады:
– Білім нәріне қаншама жоғары білім ордаларынан сусындасам да қаныма сіңген жұмысшы мамандығы өзіне тарта берді. Негізі, ауыл тәрбиесінде өскен жастар үшін жұмысшы қолының қатарында болу үлкен мақсатқа жол ашады деп білем. Сонымен қала құрылысы жайлы түрлі көздерден мағлұматтар алып, сәулет өнерінің қыр-сырына қаныққан әріптестеріммен ақылдаса келіп, біз осы бағытты таңдадық.
Алғаш рет «Al-Farabi» және «FinBridge» мектебі ғимараттарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенде қуанышымызда шек болған жоқ. Осы қуаныштың лебімен Шымкентте бірнеше заманауи мектеп құрылысын қолға алдық. Ол білім ордалары заманауи жабдықтармен, интерактивті тақталармен, ғылыми зертханалармен, IT-сыныптарымен қамтылды. Сапалы білім алуына мүмкіндік жасалған оқушылардың шынығып, шымыр болып өсуі үшін спорт секциялары, интеллектуалдық бағытта дамуына ықпал ететін түрлі өнер үйірмелері бар.
Есбол Әуесбекұлы жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, қаладағы балалар үйіне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Кәсіпкер медициналық көмекке мұқтаждарға тегін қызмет көрсету шараларын ұйымдастыруда да атқарғаны көп.
Осынау игілікті істері жоғары бағаланып, «Құрмет» ордені және «Ел ардақтысы» медалінің, қала әкімшілігінің бірнеше марапаттауына ие болды. «ҚР Конституциясына – 10 жыл» төсбелгісін, «Үздік кәсіпкер» белгісін омырауға тақты.
Кәсіпкердің мегаполис тұрғындарына кеңінен танылып, үлкен құрметке ие болуына арнайы жиын өткізген Al-Farabi Bilim мектебінің басшысы Әлия
Раманкұлқызы Сәрсенбаева «Қазақ тілі» дәріс бөлмесіне Есбол Қамбаровтың атын беріп, оның тұсаукескр лентасын қию рәсімін «Парасат» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасы еңбегі сіңген қызметкер», ақын Ханбибі Есенқарақызына, Ербол Әбілқайырұлына және Ескермес Әуесбекұлына табыстап, нағыз білімді шәкірттер шығатын орынға айналарына сенім білдірді.
Роза АСЫЛБАЕВА.
Аl-Farabi Bilim мектебінің пән мұғалімі, педагог-шебер