Редакция таңдауы

Қаржының тиімді жұмсалуы – тұрақты дамудың кепілі

Былтыр Шымкент қаласының Абай ауданында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. «Аудан аумағында көгаландыру және абаттандыру жұмыстарының үлесін арттыру мақсатында 5 жерге әмбебап демалыс орындарын салу жоспарланды» дейді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізген Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан. Сондай-ақ, ауданның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 2025 жылға жоспарланған жобалар туралы баяндама жасап, ауданның негізгі жетістіктері мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Абай ауданында 257,7 мың адам тұрады. Аудан аумағындағы 27 елді мекенде 55 159 жеке үй мен 220 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Ауданның инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары, ауыз су және электр жарығымен қамту – 100 пайыз. Табиғи газбен қамту – 92,6 пайыз. Өткен жылы 2 елді мекенде, атап айтқанда Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Қайнарбұлақ саяжайын табиғи газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
200 млн. теңгеге 15 шақырымды құрайтын аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп, 22 көшеде 15 мың шаршы метр аумақты қамтыған аяқжолдар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аудан аумағына 20 қоқыс алаңы орнатылып, орталық көшелерге 363 дана қоқыс жәшігі қойылды. Бұл жұмыстарға 66,3 млн. теңге қаржы жұмсалған.
– Тәуелсіздікке – 20 жыл тұрғын алабында табиғи газбен қамту жұмыстарының құрылысы аяқталып қалды. 2025 жылдың ақпан айында Ынтымақ-2 және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алаптары газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарланды. Ауданда 1080 шақырымды құрайтын жалпы 1274 көше бар. Оның 646 шақырымы асфальт жол. Тас жолдар 377 шақырымды құраса, 57 шақырымы топырақ жолдар. Биыл 61 көшеге 53 шақырым асфальт төсеу, 34 мың шаршы метр 50 көшеге аяқ жол салу, 20 шақырымға 35 көшеге шағал тас төсеу және 10 мың шаршы метрге 40 көшеде ойылған, шұңқырларды жамау жұмыстары да жоспарда бар, – дейді Шәкір Асылханұлы.
2024 жылы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша жарықтандырылған көшелер саны 254-ке артты, нәтижесінде 447 көше жарықтандырылды.
– Халықтың қатысуымен әзірленген бюджет жобасы аясында 491,2 млн теңгеге 21 жоба іске асырылды, оның ішінде 18 балалар алаңы мен 2 спорт алаңы салынды. Сонымен қатар, Жиделі шағын ауданында құны 76,1 млн теңге болатын гүлзар салынды. Ирригациялық жүйелерді дамыту бойынша 443,7 млн теңгеге 9 нысанда 14 шақырымды қамтитын 27 көшеге ирригациялық жүйелер орнатылуда, – дейді аудан әкімі.
Ауданда мектептер саны – 29, жеке меншік 16. Аудандағы демографиялық өсім мектеп тапшылығын тудырып отыр. Ауданға қарасты Ақниет пен Нұршуақ шағынауданының балалары алыс-жақын елдімекенге қатынап білім алып жүрген болатын. Осы орайда жауаптылар жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында 7 орта білім орнын салуды жоспарлаған. Аудан әкімінің сөзінше 2024 жылы 4 мектептің құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. Бір ғана Нұршуақ ауданында 2000 орындық екі мектеп салынған. Биыл 3 мектептің құрылысы басталады. Атап айтқанда, Асар-2 шағын ауданында 1500 орындық, Шымкент Сити шағын ауданында 2000 орындық мектеп, Достық шағын ауданында 2000 орындық мектеп құрылысы жоспарда екен.
Сонымен қатар, 2024 жылы екі мәдениет үйі ашылып, Көкбұлақ және Қайнарбұлақ тұрғын алаптары халқын қуантуда. Мұнда көрермен залынан бөлек, кітапхана, оқу залы және түрлі үйірме қарастырылған.
Абай ауданының даму жоспары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып, әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық салалардағы оң өзгерістерді қамтамасыз етуге негізделген. 2023-2024 жылдары аудан тұрғындарынан 419 мәселе түскен, оның 219-ы шешіліп, 200-і 2025 жылға жоспарға енгізілген. Негізгі мәселелер жол, инфрақұрылым, көгалдандыру және әлеуметтік көмек салаларына қатысты. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында 1000-нан астам отбасыға азық-түлік және қажетті заттар таратылған.
Шымкент қаласының Абай ауданы 2025 жылы даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды қаржылық жоспарларын бекітті. Аудан әкімінің аппаратының жалпы бюджеті 6 млрд 480 млн теңгені құрады. Бұл қаражаттың айтарлықтай бөлігі инфрақұрылым, әлеуметтік жобалар және аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
– 2025 жылы 473,5 млн теңге ауданның техникалық базасын нығайтуға бөлінді. Бұл қаражатқа 25 техника сатып алынып, ауданның коммуналдық қызметтерінің жұмыс сапасын жақсарту көзделіп отыр. Аудан бюджетінің мұқият жоспарлануы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды нығайту және экономикалық тұрақтылықты арттыруға бағытталып отыр. Әсіресе, «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындар өздері үшін маңызды жобаларды таңдауға мүмкіндік алады, бұл жергілікті қоғамдастықты дамытуға серпін береді. Коммуналдық қызметтердің жақсаруы, көлік құралдарының жаңартылуы және мерекелік іс-шараларды өткізу арқылы аудан тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға жағдай жасалмақ, – дейді Шәкір Асылханұлы.
2025 жылға арналған Абай ауданының бюджеті стратегиялық бағыттарда тұрақты дамуды көздейді. Бұл қаржының тиімді бөлінуі ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Абай ауданы алдағы уақытта да даму қарқынын жоғалтпай, Шымкент қаласының жетекші аудандарының бірі болып қала береді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар