Өткен жылы Әл-Фараби ауданында бір күнде үш гүлзар тұрғындар игілігіне берілген еді. Шымкент май зауыты (МЖК) аумағындағы Есіл және Камал көшелерінің арасындағы жарты гектар аумақтағы көне саябақ қайта жаңғырды. Сондай-ақ, Ә.Диваев көшесінде, С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысында жаңа гүлзар ашылды. Ауданда демалыс орындарын көбейту жұмыстары биыл да жалғасын табады. Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев баспасөз брифингінде 2024 жылы жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылап, биылғы жоспарларды атап өтті.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, 2025 жылға арналған жоспарлар баяндалды. Әл-Фараби ауданы қаланың орталық аумағы болғандықтан, инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған. Ал кәріз жүйесі 82 пайызға жетіп отыр. Рашид Мыңбаевтың айтуынша, аудан аумағында 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. 2024 жылы 70 балалар ойын алаңшасы абаттандырылып, оның 4-уі спорт алаңшамен жабдықталды. 190 көше жарықтандырылған. Жоспар бойынша – 118 көше, қосымша тізім бойынша – 50 көше, демеушілер есебінен тағы 22 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жарықтандырылған көшелер саны бүгінде 314-ке жетті.
2023 жылы 29 көше, 2024 жылы 32 көшеге асфальт салынып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 366 көше асфальттанды. Бірыңғай сәулеттік пішін беру бағытында 32 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 көпқабатты үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Мәдениет және салт-дәстүрді дамыту мақсатында 8 мурал салынды.
Ауданда 2025 жылы жүзеге асатын жұмыс жоспарлары түзілген. Өткен жылы жайлы орта қалыптастыру бағытында 3 гүлзар соғылып, пайдалануға берілді. Демалыс орындарын салу биыл да жалғасады. Аудан әкімінің мәліметінше, қазіргі уақытта 2 орын анықталып, оған демеушілер қарастырылуда. Биыл 33 балалар ойын алаңшасын және Сәуле шағынауданында кешенді спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. 2025 жылдың соңында аудан аумағында ойын алаңшалар мен спорт алаңшаларын орнату 83,5 пайызға, 2026 жылы 100 пайызға жеткізу жоспарда тұр.
Ауданда жалпы 390 көше бар. Оның ішінде жарықтандырылғаны – 314 көше (80,5 %). 2025 жылы бюджеттен 76 көшені жарықтандыру жоспарға алынып, жыл қорытындысымен қамту көрсеткіші 100 %-ға жетпек. Аудан аумағында 366 көше (245 шақырым) асфальттанса, 24 көше (15 шақырым) тас жолды құрайды. 2025 жылы жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелерді де қамту мақсатында 25 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, 2025 жылы көшелерді толық асфальттау межеленген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде 344 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларындағы жолдар ретке келтіріліп, 112 аулада жарықшамдар орнатылады.
Ауданда жалпы 900-ден астам көпқабатты үй бар. Қалада көппәтерлі тұрғын үйлердің ең көбі асы аумақта орналасқан. Ауданда көпқабатты үйлерді жөндеу, қасбеттерін ретке кетіру, мурал салу жұмыстары да қарқын алған. Аудан әкімінің мәліметінше, биыл 20 көпқабатты үйдің қас бетін жарықтандыру, 20 көпқабатты үйдің қасбеттерін реттеу және әрлеу, коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту бағытында 15 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Мұның бәрі де тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді. Қала көркін ашып, тұрғындарға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында 9 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіне мурал салу жұмыстары қолға алынбақ.
Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық жұмыстары көлеміне қарай 7 секторға бөлінген. Әр секторға аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. Ішкі орамдағы аумақтардың тазалық жұмыстарын аудан әкімінің аппараты жанынан құрылған «Әл-Фараби» КММ тарапынан 21 техника, 161 адам жүргізеді. Сонымен қатар, аудан аумағында басты көшелердің бойындағы санитарлық тазалық жұмыстарына «ТАЗА ӨЛКЕ» ЖШС-і жауапты.
Аумақта 214 қоқыс алаңшасы бар. Былтыр 80 пайыз контейнерлері жаңартылыпты. Басты көшелерге 657 дана қоқыс жәшіктері, 680 дана қоқыс контейнері орнатылған. Жалпы айтқанда, ауданда демалыс орындарын көбейту, көгалдандыру, тазалықты сақтау, ретсіз саудамен күрес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жұмыстары әрдайым басты назарда.
– Орталық аумақ болғандықтан, ауданда ретсіз саудамен күрес жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Жалпы, 4 базар орналасқан. Ең үлкені – Қырғы базар. Ол аумаққа арнайы полиция қызметкерлері бөлінген. Яғни, күнделікті қызметкерлер кезекшілік жасайды. Ретсіз сауда бойынша жылына 1000-нан астам айыппұл салынады. Заң бойынша тиісті рейдтік іс-шаралар тұрақты атқарылып жатыр. Сонымен қатар, Орталық аумақ болғандықтан, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жұмыстары да әрдайым назарда, – дейді Рашид Мамытұлы.
Айта кетсек, аудан аумағында жалпы 190 көшеде ирригация жүйесі (173,7 шақырым) орнатылған. Атап айтқанда, басты 109 көшенің 69 көшесінде және ішкі орам 281 көшенің 141 көшесінде ирригация жүйесі бар. 2025 жылға аудан бойынша 13 мекенжайда, жалпы 2,82 шақырым ирригация жүйесін жүргізу жоспарланып, оған тиісті қаржы қаралып отыр.
Ә.АЙТӨРЕ