Редакция таңдауы

4 спорт алаңшасы салынады

Былтыр Еңбекші ауданының аумағында 7 гүлзар салынған болса, биыл олардың қатарына тағы 5 гүлзар қосылмақ. Осылайша, қалада халық көп шоғырланған орталық көшелерде тұрғындарға арналған демалыс орындары көбейіп, көгалдандырылатын аймақтардың қатары артпақ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жыл қорытындысы бойынша берген баспасөз мәслихатында баяндады.
Бүгінде Еңбекші ауданында 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан бар. Онда 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 8 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үй орналасқан. Досбол Күздікбайұлы алдымен инфрақұрылым жүйелерін жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Аудан аумағындағы автокөлік жолдарының 78,5 пайызының толық асфальтталғанына тоқталып, тұрғындардың ауызсумен қамту көрсеткішінің 97 пайызға, электр жарығымен қамту көрсеткішінің 99,8 пайызға, табиғи газбен қамту көрсеткішінің 92,4 пайызға, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішінің 41 пайызға жеткенін айтты.
— Қазіргі таңда Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы, «Оңтүстік-Жаңа құрылыс» елді мекеніндегі тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға арналған жобалық сметалық құжатты «Строительная группа «Архитектор» ЖШС-і әзірлеуде. Сонымен қатар, Исфиджаб, Достық тұрғын алаптарындағы электр желілерін ауыстыру жұмыстары «DIAS Проект» ЖШС-іне жүктелген болатын. Бұл нысанның да жобалық сметалық құжаты әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Одан бөлек, биыл А. Оразбаева көшесіндегі ескірген электр желілерін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ал, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптарына газ тарту жұмыстары қолға алынды, — деді аудан әкімі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданда ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Жолдардың 575,76 шақырымына асфальт, 145,38 шақырымына тас төселген. Алдыңғы жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көше, ал былтыр ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 78 көше жөндеуден өтті. Қазіргі таңда 24 көшеде 2025 жылға өтпелі болған жұмыстар толық аяқталды. Қалған көшелерде асфальт төсеу шараларын атқаратын мердігер мекемелер анықталды.
Сондай-ақ, Досбол Күздікбайұлы шағынаудандарда бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 4 спорт алаңшасының құрылысы бастау алатынын жеткізді.

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар